Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ішімнен тоқтамастан сүрелер оқып тұрдым": "Қазақ аруы" атанған қызылордалық Ақкербез Ысқаққызы туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Ақкербез Ысқаққызы
Ақкербез Ысқаққызы. Фото: Instagram/aqkerbezm

"Қазақ аруы – 2024" атанған Ақкербез Ысқаққызы бір күннің ішінде қалың көпшілікке танымал болды. Алайда еліміздің хас сұлуы атанған ару туралы желіде ақпарат өте аз. Осы тұрғыда KAZ.NUR.KZ тілшісі бойжеткенмен тілдесіп, эксклюзивті сұқбат әзірледі. Оның барысында Ақкербез Ысқаққызы жобаға дайындығы, жеке өмірі туралы сұрақтарға жауап беріп, сұлулық байқауынан кейінгі дауға қатысты пікір білдірді.

Ақкербез, жеңісіңізбен тағы да құттықтаймыз! Сіз үшін қуаныштымыз! Жеңістен кейін әсеріңіз қандай? Қандай сезімдесіз? Дәл өзіңіз осы тәжді киемін деп ойладыңыз ба?

- Құттықтауларыңызға үлкен рақмет! Алғысым шексіз. Негізі бізге басында "Халық өзі таңдайды" деп айтылды. Содан бастап менде уайым болды. Себебі мені туған-туыстарымнан басқа ешкім танымайды. Әлеуметтік желілерім де дамымаған. Ал арамызда блогер қыздар болды. Содан шамалы қорқа бастадым. Менде Tik-Tok-тағы парақшама видеолар салып, белсенділігімді арттырдым. Содан кейін халық мені танып, ұната бастады. Солай бойымда бір сенмділік ұялады. Мені қолдайтын адамдар өте көп болды. Сол себепті менде ондай қорқыныш болған жоқ. Ең қатты уайымдатқан сәт – сұрақ-жауап кезең болды. Мейлі тәжді алмай кетсем де, сұрақ-жауапты абыроймен алып шықсам деп ойладым. Сұрақ-жауапқа шыққанда ішімнен сүрелерді тоқтамай оқып тұрдым. Мен білетін сұрақ келгенде Аллаға шүкіршілік жасадым.

Ақкербез Ысқаққызы
Ақкербез Ысқаққызы. Фото: Instagram/aqkerbezm

Бір күннің ішінде аса танымал болып кеттіңіз. Алайда сіз туралы көп мәлімет жоқ. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

- Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келдім. 11 сыныптың қаңтарына дейін №46 мектепте оқыдым. Одан кейін 125 High School-ға ауыстым. Мектепті тәмамдап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетіне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуға түстім.

Бұл сұлулық байқауына қалай келдіңіз? Дайындық қалай өтті? Есте қаларлықтай қандай қызықты жайттар өтті?

- Мектепте "Сыр аруы" сұлулық байқауы болатыны туралы естідім. Мектептегі ұстаздарым қатысып көруге ұсыныс жасады. Содан байқауға қатыстым. Дайындық екі апта болды. Продюсеріміз – Әйгерім Қанатбаева. Ол кісі өзі "Қазақ аруын" 2013 жылы жеңген болатын. 16 жасымда сол байқаудың бас жүлдесін алып, "Қазақ аруына" жолдамаға ие болдым. "Қазақ аруына" маған кастингсіз өтесің деген. Бірақ түбі маған да кастинг жасады. Барлық қызбен ел қатарлы кастингтен өттім. Мен "Сыр аруын" жеңіп келгендіктен мені қатты қинаған жоқ десем де болады.

Бұл байқауға екі ай дайындалдық. Ең есте қаларлық сәт, Шарын шатқалындағы түсірілім болды. Ол екі күнге жалғасты. Өте суық болды. Тонғанымыздан мүлдем денемізді сезбей қалдық. Негізі қыздар да жақсы болды. Бірақ келіспеушілік деген нәрсе барлық жерде болады ғой. Әйел адамдардың арасында ол міндетті түрде болатын нәрсе. Нақты өзімде ешкіммен ұрыс-керіс болмады. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болдым.

Ақкербез Ысқаққызы
Ақкербез Ысқаққызы. Фото: Instagram/aqkerbezm

Осы байқау алдында өзіңізге ерекше қолдау көрсеткен жандар бар ма?

- Ерекше қолдауды өзімнің Қызылордам көрсетті. Бірақ тек қана Қызылорда емес. Мені Қазақстанның бүкіл түкпірінен адамдар қолдады. Сол кезде өте қатты қуандым. Қазақстан ғана емес, Қырғызстан, Америкадан, Түркия елінен маған қолдау білдірген жандар болды. Бұл жеңіс тек менікі ғана емес. Бұл ортақ жеңіс деп санаймын. Мені қолдаған адамдармен бірге уайымдап, бірге жеңіп алдық қой. Сол кісілер болмаса, менде қазір "Қазақ аруы" атағы болмайтын еді.

Жеке өміріңіз жайлы сұрамаса болмас. Бұл көпшілікті қызықтыратын сұрақ деп ойлаймын. Бүгінде жүрегіңіз бос па?

- Иә, жүрегім бос. Әзірге қарым-қатынасқа деген ой жоқ, жоспарда да жоқ.

Ақкербез Ысқаққызы
Ақкербез Ысқаққызы. Фото: Instagram/aqkerbezm

Желіде байқаудың әділетті өтпегені жайлы қауесеттер тарап жатыр. Осыған қатысты айтарыңыз бар ма?

- Сөздің ашығы, байқау әділетті өтпеді деген қауесеттер жыл сайын болатын әңгіме. Қазылар алқасы болса, "сатып алды" дейді. Халыққа таңдау беріп тұр. Сонда да боттарды бұғаттап тастады деп жатыр. Мен де басқа қыздар секілді сахнаның артында уайымдап тұрдым. Маған да таныстарым, достарым жазды. "Бот жұмыс істемей жатыр, дауысымызды қабылдамай жатыр" деп айтты. Мен де қатты уайыидап кеттім. Біраұ Алланың қалауымен маған бұйырып тұрған тәж болып тұр. Арттан әңгіме айту, әділ болмады деп айту, хейт деген нәрсеге дайын болдым. Өйткені мен "Сыр аруы" атанғанда да маған хейт келді. Өзімді осындай жағымсыз жайттарға дайындап келдім. Барлық қыздардың көңілі түсетіні анық. Оларды түсінемін. Оған дейін еңбектендік, бірге дайындалдық. Ол кісілерге айтар қарсы пікірім жоқ.

Ақкербез Ысқаққызы
Ақкербез Ысқаққызы. Фото: Instagram/aqkerbezm

Болашаққа жоспарыңыз қандай? Байқаудан кейін қандай да бір жаңа бағытқа бет бұратын ойыңыз бар ма?

- Алдағы жоспарларымның бірі – өзімді өнер жолында, кино саласында сынап көргім келеді. Жалпы жоспар өте көп. Оны ашып айтпай-ақ қояйын. Мені бақылап жүріңіздер. Сөзбен айтқанша, мен сіздерге іспен дәлелдейін.

Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан - Малика Қалқаманқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2187474-ishimnen-toqtamastan-sureler-oqyp-turdym-qazaq-aruy-atangan-qyzylordalyq-aqkerbez-ysqaqqyzy-turaly-ne-bilemiz/