Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұхамеджан Тазабеков жар таңдауда "үлкендермен ақылдасуға" кеңес берді

Опубликовано:

Ақын әрі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабеков елімізде белең алған көкейкесті мәселелер жайында кеңінен сөз қозғап, жастардың жар таңдауы мен қарттар үйінің көп болуына көзқарасын білдірді.

Мұхамеджан Тазабеков үлкендердің жастардың жар таңдауына араласуын басты талап санайды. Өйткені тәжірибесі мол жандар өмірден түйгенімен бөлісіп, кеңес беруі қажет, деп жазады "Намыс" порталы.

"Қазір ата-ананың араласуы «балаларымыз бірер жылдан бері жүреді екен. Той мәселесін не істейміз?» деген жерден басталады. Ерте бастан құдаласатын жанды іздеу – ескіліктің жұрнағы секілді көреміз", - дейді қайраткер.

Ақынның ойынша, үлкендер жағы қыз баланың қылығы көрініп бойжете, ұл бала ержете бастаған кезден-ақ жар таңдау мәселесін ойлануы керек. Бұл – сүймеген адамына сүйретіп беріп жіберу емес. Көңілі сүйіп кететіндей азаматын таңдап беру, текті, саналы, жан дүниесі мен мал дүниесі сәйкес адамдардың арасынан қарастыру.

"Кеңестік әдебиетті парақтасақ, мәжбүрлікпен шалға ұзатылған қыздардың тағдыры көп айтылады. Мұндай оқиға кездескен шығар, бірақ кеңестік идеология машинасы көрсеткендей көп емес еді. Малға сатылып, жылап кеткен қыздардың тағдырын оқи берген соң, перзентімізді өзіміз таңдап үйлендіру дәстүрінен де ажырап қалдық", - дейді Тазабеков.

Қоғамда қазір бала-шағасының көйлегі көк, тамағы тоқ екеніне мәз, бірақ рухани аш екенін уайымдамайтын ата-ана бар. Баласы баспаналы болғанына қуанады, бірақ Құдайдың панасында ма? Ұлының мал тауып жүргеніне риза, бірақ дос тауып жүр ме? деген сұрақтар мазаламайды.

Тазабеков қазір тарих таразысында «қазақ бай мемлекет бола ма?» деген емес, «қазақ ұлт болып қала ма?» деген мәселе тұрғанын алға тартады. Ол ұлт болып қалуымыз үшін ертеңгі ізіміз, жалғасымыз, мемлекетіміздің қожайыны болатын ұрпақты бесіктен тәрбиелеуіміз керектігін баса айтады.

Танымал тұлға әңгіме барысында мәселенің мәнін өзімізден іздеп, тереңнен бойлауға шақырады.

"Дастарқан басында бас мүжіп, бата беретін қария көп. Бірақ ажырасқалы жатқан екі жасқа ақыл айтып тоқтатарлық ақсақал кем. Той бастап, беташар сөз сөйлейтін үлкен көп. Бірақ елді бастап, айтқанын тыңдататын үлгілі аз. Сериал көру үшін теледидар пультін ұстаған апа көп. Бірақ тәрбие кілтін ұстап отырған әже аз", - дейді Тазабеков.

Ал жастық шағын өкінбестей өткізген жан – қартайған сайын тұлғалана береді екен.

Жас кезінде жүйелі білім алып, дүйім ел қамындағы азаматтармен үзеңгілес болған, көпті көрген, оны лайықты қорытқан адам жасы ұлғайғанда айналасындағылар айырылғысы келмейтін аяулы адам болады. Сондықтан да Тазабеков жастармен кездескен сайын жастық кезеңді өкінбестей өткізу туралы көп насихат сөздер айтып отырады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/999595-mukhamedzhan-tazabekov-zhar-tanhdauda-ul/

pixel