Әйгілі "Тамаша": ел ықылысына бөленген әзіл-сықақ шоу туралы не білесіз
Жарияланған күні:

"Тамаша" – Қазақстандағы ең танымал әрі жылдар бойы көрерменнің көңілінен шыққан шоу. Әзіл-сықақ шоуы алғаш рет 1978 жылы Қазақ КСР Телевизия және радио хабарларын тарату комитетінің бұйрығымен шығарылды. "Тамаша" бағдарламасында сатира жанры арқылы түрлі тақырып қозғалды. Бұл мақаламызда әйгілі шоудың тарихына тоқталып өтеміз.
- "Тамаша" - Қазақстандағы ең танымал әзіл-сықақ шоуы, 1978 жылдан бастап көрермен көңілінен шығып келеді.
- Шоудың негізін қалаған Лұқпан Есенов пен Қойшығұл Жылқышиев, ал Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты танымал әртістер өнер көрсетті.
- "Тамаша" әзіл-сықақ театры туралы 10 сериялық телехикая түсіріліп, оның премьерасы 2024 жылдың қараша айында көрсетілмек.
Тамаша – қазақтың алғашқы стендап-шоуы
Алғашында бұл жоба студиялық бағдарлама ретінде шығарылды. Әртістер бағдарлама барысында нағашы мен жиен, әке мен бала және басқа да басты кейіпкерлердің рөлін сомдады. Олардың диалогтары мен өмірден алынған көріністер кейбір қоғамдағы орынсыз әдеттерді, қоғамдық дәстүрлерді әжуалап, сынға алды. Қалың көрерменнің көңілінен шыққан әзіл-сықақ шоуында актерлер күнделікті өмірдегі қиын жағдайларды көрсете отырып, әлеуметтік мәселелерді өткір айта білді. Диалогтар арасында музыкалық нөмірлер орындалып отырды. Диалогтарды жазушылар, сатириктер жазды, сондықтан шоуға арналған материалдарға тапшылық болмады.
"Тамаша" қазақ мәдениетінде ерекше орын алды, себебі бұл жоба ұлттық өнердің дамуына зор ықпал етті. Дәстүрлі форматтағы шоуды халық әлі де жоғары бағалайды және жаңа талантты актерлер осы шоудың арқасында өзін таныта алды. "Тамашаның" негізін режиссер Лұқпан Есенов пен редактор Қойшығұл Жылқышиев қалады. "Тамаша" атауын ұсынған Қойшығұл Жылқышиев болатын.
Лұқпан Есенов эстрада өнерінің қыр-сырын жақсы білетін және ондағы үрдістерді түсінетін, себебі бірнеше жыл бойы "Гүлдер" мемлекеттік ансамблінде қызмет атқарды. Сол кезеңдерде орталық телеарнада алғашқы әзіл-сықақ бағдарламалары пайда болды. Аркадий Райкин, Ефим Березин және Юрий Тимошенко (Штепсель мен Тарапунька) есімдері әрбір кеңестік көрерменге жақсы таныс еді. "Кабачок "13 стульев" бағдарламасы да жоғары рейтингке шықты. Ал республикалық телеарнада мұндай бағдарлама болмады. Осылайша Лұқпан Есенов пен Қойшығұл Жылқышиев басшылықты халық арасында танымал болатын әзіл-сықақ бағдарламасы қажет екеніне сендірді. Алайда жобаны ойлап шығарудан бұрын оны жүзеге асыру да маңызды болды. Бағдарлама алғашқы күннен көрерменнің көңілінен шығуы үшін Есенов бағдарламаға жас әрі танымал әртістерді тартуды ұсынды. Осылайша Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаев сахнаға шықты. Екеуі де М.О. Әуезов атындағы драма театрының актерлері еді.

"Тамаша" әзіл-сықақ шоуында қандай әртістер өнер көрсетті?
"Тамаша" көрермендерді баурап алды, ал әртістердің сахналық кейіпкерлері арасындағы диалогтар ел арасында жылдам тарап, таныла бастады. Бағдарлама 2008 жылға дейін көрерменнің сұранысына ие болды.
Әзіл-сықақ шоуында қазақтың талантты әртістері өнер көрсетті:
- Құдайберген Сұлтанбаев;
- Тұңғышбай Жаманқұлов;
- Лидия Кәденова;
- Мейірман Нұрекеев;
- Тоқсын Құлыбеков;
- Уайс Сұлтанғазин;
- Гүлбаушан Тілеубекова;
- Данагүл Темірсұлтанова;
- Асылбек Боранбай;
- Марат Көккөзов.
1988 жылы орыс композиторы Михаил Муромов "Тамаша" әзіл-сықақ театрына арнап, "Тамаша" деп аталатын ән жазды.
"Тамаша" телехикаясы жарыққа шығады
Телевизиялық бағдарлама ретінде эфирге шыққан "Тамаша" тек жоба ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның мәдени мұрасы саналады. Биыл театрдың эфирге шыққанына 45 жыл толды. Осы орайда Jibek joly телеарнасының тапсырысымен шынайы оқиғаға негізделген "Тамаша" әзіл-сықақ театры туралы сериал түсірілмек. Сериалда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі көрсетіледі. Жаңа кино ел ішінде қандай қиын күндер болса да, халықтың күліп жүруіне септігін тигізген тұлғаларды ұмытпау мақсатында жарыққа шығады. Сериалдың премьерасы 2024 жылдың қараша айында көрсетілді деп жоспарланып отыр.
"Телехикая 10 сериядан тұратын болады. Басты ерекшелігі — тарихи оқиғаға негізделмеген көркем сериал. Бұл сериалда болатын оқиға толықтай ойдан шығарылған. Тек кейбір эпизодтар "Тамаша" театрының актерлерінің өмірінде болған болған қызықты бір сәттерді сценарийге енгіздік", - дейді сценарий авторы Дархан Оспанов.
ult.kz ұсынған ақпаратқа сүйенсек, сериалдың бас продюсерлері мен идея авторлары — Лұқпан Есеновтің қызы Әлия Есенова, "Аппақ Келін", "Тақиясыз Періште" сынды жобалардың авторы Қуат Садықов және "Қашан туасың?" жобасының авторы Тимур Смағұлов. Режиссері — Нұрғиса Әлмұрат, продюсерлері — Эльмира Ысқақова мен Алмас Сағынулы, ал сценарий авторларының бірі әрі креативті продюсері — Дархан Оспанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2175326-aigili-tamasha-el-yqylysyna-bolengen-azil-syqaq-shou-turaly-ne-bilesiz/