Шоубиз

Зектілері

"Бүкіл қазақ халқына арнау керек": Ескендір Хасанғалиевтің ұлы композитордың әйгілі "Атамекен" әні қалай шыққанын айтып берді

Жарияланған күні:

Біржан Хасанғалиев
Біржан Хасанғалиев. Фото: youtube/@elimaikz

Марқұм композитор Ескендір Хасанғалиевтың әйгілі "Атамекен" әніне биыл 55 жыл. Kazinform агенттігіне берген сұқбатында дарынды тұлғаның ұлы Біржан Хасанғалиев әннің шығу тарихын айтып берді.

Біржан Хасанғалиевтың айтуынша, "Атамекен" әні 1970 жылы шыққан.

Бастапқыда туған өлкеге деген сағыныштан әуен туған. Ұзақ толғаныстардан кейін, әуенге сөз жазылған. Дайын болған соң Ескендір Хасанғалиев оны Қадыр Мырза Әліге тыңдатқан. Әуен ақынға бірден ұнап қалған.

"Ол әкеме: "Рухты оятып, жігер-күш беретін нағыз патриоттық ән екен. Оны бір ауылға немесе бір облысқа емес, бүкіл қазақ халқына арнау керек", - деп ұсыныс жасайды.

Ұлт руханиятында есімдері алтын әріппен жазылған Қадыр Мырза Әлі мен Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық одағынан туған туынды бірден халық сүйіспеншілігіне бөленеді.

Қазақ жерінде емес, шетелдерде де танылды. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған мағыналы ән бұл күнде өз рухын жоғалтқан жоқ. Кез келген қазақ концертінде шырқалады. Бірде-бір мемлекеттік деңгейдегі мерекелік салтанатты жиын "Атамекен" әнінсіз өтпейді. Бұл қазақ жүрегінің жырына айналған ән", - дейді Біржан Хасанғалиев.

Оның сөзінше, әкесі әншілігінен бөлек, композитор ретінде ұйғыр, татар, башқұрт, неміс, француз, корей ақын өлеңдеріне ән, романс жазған.

"Оның шығармашылығының ерекшелігі осы. Сонымен қоса сол әндерді өзі орындады. Бір шумағы қазақ тілінде болса, екінші шумағы басқа ұлттың тілінде болатын", - дейді Біржан Хасанғалиев.

Айта кетейік, әйгілі композитор, талантты әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев тірі болса 12 ақпанда 85 жасқа толар еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2220456-birde-bir-merekelik-saltanatty-zhiyn-bul-ansiz-otpeidi-eskendir-hasangalievting-uly-kompozitordyng-aigili-tuyndysy-qalai-shyqqanyn-aityp-berdi/