Шоубиз

Зектілері

"Төбемнен жай түскендей болды": Айбек Мұхамедәлі әйгілі "Дос-Мұқасанға" қалай қабылданғанын айтып берді (фото)

Жарияланған күні:

Дос-Мұқасан
"Дос-Мұқасан" ансамблі. Фото: Nege.kz

Тарихы тереңде жатқан әйгілі "Дос-Мұқасан" ансамблінің құрамына жақында бұрынғы "Тарлан" тобының солисі Айбек Мұхамедәлі қосылды. Солист Nege.kz-ке сұқбатында ансамбльдің бүгінгі жай-күйі туралы сөз қозғап, ансамбль құрамына қабылданған күнді еске алды.

– Айбек, аңызға айналған ансамбльге қабылданудың сәті қалай түсті?

– "Шалқар" радиосындағы замандасым Гүлмира Нәлібай бір күні телефон шалып, өзіне жолығып кетуімді өтінді. Барсам, әйгілі "Дос-Мұқасан" тобына солист керек деп жатыр, мен сені ұсындым", – деді. Төбемнен жай түскендей болды. Ойлануға хақым да жоқ, бірден қуана келісім бердім. Себебі әкем "Дос-Мұқасанның" ізбасары ретінде кезінде Алматы облысының Кеген ауданында арнайы ансамбль құрып, онда жұдырықтай кезімде "Іңкәрім-ай" әнін айтып шыққан болатынмын.

Бір жағынан Мұрат көкеміз (Құсайынов – ред.) "ол баланың өнерін білемін" дегенді айтып, мені қабылдауға ишара танытыпты. Өнеріне әкем табынған топта бірге ән айту мен үшін зор бақыт. Сөйтіп, өткен жылдың 30 желтоқсаны күні топтағы ағаларыммен жүздесіп, мені нақты қабылдайтын болып шешім шығарды. Содан наурыз айында екі-үш ән жаздық, ағаларым өнеріме оң бағасын берді. Бірақ марқұм Ақжол ағамыздың жылына дейін сахнаға шықпадық.

Айбек
Айбек. Фото: Nege.kz

Бірде Мұрат ағам хабарласып, Республика күні мерекесінде ән айтуға шақырту түскенін жеткізді. Солай аяқ асты Республика сарайында алғаш "Алматы түні" әнін ансамбль құрамында орындап шықтық. Тіпті арнайы киім де тіктіріп үлгермедім, дайын ақ костюмге ағаларымның стиліне сай ою-өрнек жапсырып алдым да, сахнаға шықтым. Осылайша қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Алға қойған жоспар көп, соған сай атқаруға тиіс жұмысымыз да жеткілікті. Мұрат ағамыздың Алматы қаласында конерт бермек ойы бар. Қазір арадағы концерттерге жүгіре жүріп, топтың тарихынан сыр шертетін әрі шырқаған әндерін нотасымен ұсынатын екі кітап әзірлеу үстінде.

– Ансамбльге жаңашылдық әкелуге тырысып жатырсыз ба, әлде керісінше, ондағы ағаларыңыз сізді тәрбиелеп жүр ме?

– "Дос-Мұқасан" алда үлкен өнер орталығына айналса деген тілекпен өз тарапымнан біраз идея қосып жатырмын. Өзінің мұражайы, сутдиясы, мектебі бір ғимараттан табылса деген ой ғой. Бұл, әлбетте, қыруар қаражат пен табандылықты талап етеді. Дегенмен репертуарға қатысты мәселені Мұрат ағамыз өзі шешіп, реттейді. Мен де өз тарапымнан жұмысымызға жаңашылдық қосуға ұмтылып жүрмін. Бастапқыда қабылдай қоймағанмен, кейінгі кезде ағалар пікіріме құлақ асып жүр.

А.Мұхамедәлі мен М.Құсайынов.
А.Мұхамедәлі мен М.Құсайынов. Фото: Nege.kz

– Жарты ғасырдан астам тарихы бар ансамбльге мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетіліп жүр деп ойлайсыз ба?

– Шынын айту керек, ансамбль өзін-өзі қаржыландырып келеді. Мемлекет қандайда бір мәртебе беріп, қанатының астына алам десе, оған толық лайық деп ойлаймын. Айтып өткенімдей, алға қойған жоспарымыз көп. Бірақ әзірге жоғары жаққа барып, есік қаға қойған жоқпыз. Жеке ғимаратымыз болса деп армандаймыз.

Кезінде Алматы қаласының қақ ортасында "Әуен" атты әжептәуір студиясы болған екен. Ол ғимарат Храпунов қала мэрі болып тұрғанда жекенің қолына өтіп кетіпті. Кейін Республика сарайының ішінен бір-екі кабинет беріліп, қазір сонда отыр. Оның өзін айтыс-тартыспен әрең алған. Алғаш келген кезде тарихы тереңде жатқан топтың аядай жерді паналап отырғанын көргенде өз көзіме өзім сенбей, таң болғанмын.

Айбек
Айбек. Фото: Nege.kz

– Бұрын "Дос-Мұқасанның" әндерінсіз жиын-той өтпейтін еді. Ал қазіргі қызығы мен қуанышы көп уақытта неге тыңнан трек жазылмай жатыр?

– Мұрат ағамыздың кезінде жазып, кеңінен таралмаған әндері жеткілікті. Қазір соны жаздыру үстіндеміз. Тіпті оның ішінде мүлде естімеген туындылар да бар. Ал әзірге мүлде жаңа форматта ән жазу жоспары жоқ. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, ағамыз кітап жазып жүр.

– "Ерігіп жүрген ешкім жоқ" деп шырқағаныңыздай, ансамбльден өзге жеке шығармашылықпен айналысып жүрген боларсыз?

– Жеке шығармашылығыма ешқандай кедергі келіп жатқан жоқ. Мұрат ағам бұл жолда о баста еркіндік берді. Осы ретте жеке концерт беруге әзірленіп, репертуарыма енгізу мақсатында жаңа әндер жазып жатырмын. Алда елімізді аралап, жеке шығармашылығымнан есеп берсем деген ой бар.

Автор: Динар Камилова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2222160-tobemnen-zhai-tuskendei-boldy-aibek-muhamedali-aigili-dos-muqasanga-qalai-qabyldanganyn-aityp-berdi-foto/