Қазақстан мен Қытай алғаш рет бірігіп телехикая түсіре бастады
Опубликовано:
Қытайда "Іледе күтемін..." атты алғашқы Қазақстан-Қытай бірлескен телехикаясының түсірілімі басталды. Қыркүйектің басында түсірілім Алматы мен Алматы облысында жалғасады. Бұл "Жетінші арна" мен Қытайдың Шыңжаң мемлекеттік телерадио хабар тарату желісінің бірлескен жобасы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сегіз бөлімнен тұратын драмалық хикая қытайлық зергер қыздың оқиғалары туралы болмақ. Бұл рөлді қазақстандық актриса Аружан Бекболат сомдайды. Ал басты кейіпкер жігіт қытайлық этникалық қазақ актері Цзян Ихао (Айкэн).
"Біз бұл жобада Іле мен Алматының сұлулығын, өңірдің көпұлтты мәдениетін және жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді көрсеткіміз келеді. Бұл жоба достықты, мәдени қарым-қатынасты және кәсіпкерлікті қамтиды", – деді сериалдың продюсері Үміт Еркін.
Үміт Еркіннің айтуынша, телехикаяда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы сауда, сондай-ақ екі ел арасындағы визасыз режим енгізілгеннен кейін күшейе түскен экономикалық және мәдени байланыстар да көрініс табады.
Түсірілімдер Алматы облысының көркем табиғат аймақтарында, Іле өзенінің жағасында, сондай-ақ Шыңжаңдағы таулы өңірлер мен көне қалаларда өтеді. Жобаға Лидия Кәден, Дария Жүсіп, Сюй Хао, Ли Лэ сынды танымал актерлер де қатысады.
Телехикая авторлары Қытайда тұратын этникалық қазақтардың мәдени болмысын көрсетуге ерекше көңіл бөлуде. Сонымен қатар жоба Қазақстанның туристік және креативтік әлеуетін таныстыруды мақсат етеді.
"Сериал "Жетінші арнада" және Қытайдың жетекші телеарналарында көрсетіледі. Сонымен бірге, жобаға онлайн платформалар да қызығушылық танытып отыр. Бұл кең аудиторияны қамтып, Қазақстан мен Қытайдан бөлек, өзге елдердің де көрерменін табады. Мұндай бірлескен жобалар туризмнің, креативті индустриның дамуына тың серпін беріп, достықты насихаттайды", – деді "Жетінші арнаның" бас директоры Илхам Ибрагим.
Бұған дейін қытайлық тарап түсірген "Менің Алтайым" телехикаясы мәдени құбылысқа айналған болатын. Оның көрсетілімінен кейін Шыңжаңдағы Буршын аймағына туристік ағын 68 пайызға артты, туризмнен түскен табыс 402 миллион юаньға (шамамен 24,7 миллиард теңге) жетті. Ал алғашқы эпизодтары небәрі екі күнде 10 миллионнан астам қаралым жинаған.
"Іледе күтемін..." сериалының авторлары да осындай жетістікке жетеміз деп сенеді және жобаны екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңі ретінде қарастырады.
Телехикаяның премьерасы 2026 жылға жоспарланған.
Еске салсақ, бұған дейін біз Қазақстан мен Қытай бірігіп елордада халықаралық музыкалық байқау өткізейін деп жатқанын жазған едік.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2278848-qazaqstan-men-qytai-algash-ret-birigip-telehikaia-tusire-bastady-foto/