Белгілі дәстүрлі әнші Дублинде және Парижде өткен фестивальде үздік актер атанды
Опубликовано:
Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Дублинде және Парижде өткен фестивальде үздік актер атанды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 12-22 қараша аралығында Ирландияның Дублин қаласында өткен XIII Silk Road International Film Festival-нің қорытындысы бойынша режиссер Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай "Үздік актер" жүлдесін иеленген.
Сонымен бірге Парижде өткен қазақ киносы фестивалінде де актердің еңбегі жоғары бағаланып, "Үздік актер" атанған.
"Бұл отандық кинематография үшін қуанышты әрі маңызды жаңалық. Аталмыш марапат қазақстандық киноға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және отандық актерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
"Әбіл" фильмі де, басты рөлді сомдаған актер де Қазақстан киносының әлемдік мәдени кеңістікте лайықты деңгейде таныла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді", - делінген хабарламада.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ерлан Төлеутайға, сондай-ақ фильмнің шығармашылық тобына ұлттық кинематографияны дамытуға және қазақстандық өнерді шетелде насихаттауға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2313234-belgili-dasturli-anshi-dublinde-zhane-parizhde-otken-festivalde-uzdik-akter-atandy/