"Шетелдіктер өздері шақырады": Лондондағы байқауда топ жарған зағип пианист несие төлеу үшін ноутбугын сатуға мәжбүр
Жарияланған күні:

Жақында ғана Лондонда өткен Golden Time Talent халықаралық байқауында "Фортепиано" номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алып, қалың тыңдарманды таңдай қақтырған қазақстандық зағип пианиношы Абылай Мұстафин елден көмек сұрауға мәжбүр болды. Ол бұл сапарға ұлын жіберу үшін алған анасының несиесін жабуға ақша іздейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы жас дарын Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Бәріне сәлем! Менің есімім Мұстафин Абылай. Тумысымнан көзім көрмейді - тіпті сәулені де. 28 шілдеде Лондонда өткен Golden Time Talent байқауында фортепиано классы бойынша 1-орын алдым.
Өкінішке қарай, қазір анам мені осы сапарға жіберу үшін алған несиені төлей алмай жатырмыз. Сол себепті макбугымды сатуға мәжбүрмін", - деп жазды ол.
Оның бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ілініп, халық оған несиесін төлеу үшін ақша жинап жатыр.
"Бұл баланы және анасын білемін. Лондон емес, жас болса да, жарты әлемді аралап келген. Барлығынан бірінші орын не гран при ұтып келеді. Сапарының бәрін анасы өзі төлейді. Шетелдіктер өздері қонақ ретінде шақырады. Шетелде супержұлдыз болып кетпейінше, біздікілер қозғалмайды. Баяғыдағы Димаш секілді", - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Абылайдың айтуынша, бұл макбукты мемлекет оңалту бағдарламасы аясында бөлген. Ол оған білім алу үшін қажет.
Посмотреть в Threads
Еске салсақ, Абылай 35 мемлекеттен келген жүйріктер арасынан суырылып шығып, талай композиторды таңғалдырған. Рояль пернелерінде тек естіп орындайтын шығармалар көпшілікті тәнті еткен.
"Абылайдың Англияға дейін барып, өнер көрсетуі – ата-анасының да үлкен еңбегінің жемісі. Өйткені баласына дұрыс бағыт-бағдар берді. Ал Абылай сол сенімді нық нәтижеге қол жеткізіп келеді", - дейді Абылайдың ұстазы Олеся Бобкова.
Музыкаға жан-тәнімен берілген Абылай биыл Роза Бағланова атындағы музыка мектебін үздік аяқтады. Енді Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде білім алу үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Ол Англиядағы жетістігі арқылы өз мүмкіндігін дәлелдей алдым деп қуанып жүр.
"Мен өнер көрсеткеніме ризамын. Өйткені мен өзім үшін ғана емес, елім үшін де жетістікке жете алатынымды көрсете алдым. Маған үлкен көңіл бөлінді. Композиторлармен бірге өнер көрсеткеннен кейін суретке түстім. Маған Шопеннің шығармалары ұнайды, онда терең сезім бар. Ал біздің қазақстандық композитор Әлиби Әбдинұровтың "Үкілім-ай" және "Гүл гүл жайна" шығармаларында ұлттық бояу, қазақы колорит бар дер едім", - дейді Абылайдың өзі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
