"Аздап тамақ іше бастады": әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы дерек айтылды
Жарияланған күні:

Қоғам белсендісі Инга Иманбай әскери борышын өтеп жүргенде комаға түскен Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы айтты. Иманбайдың айтуынша, оның денсаулығында оң өзгеріс бар. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Әскерге кетіп, мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар қазіргі таңда Стамбұлда ем алып жатыр. Қоғам белсендісі Инга Иманбай желідегі парақшасында оның денсаулығы оңалып кете жатқанын жетізді. Айтуынша, оң өзгерістер бар.
"Достар, тілектестер, соңғы уақытта "Ербаянның жағдайы қалай? Емі қалай өтіп жатыр?" деген сұрақтар көптеп түсіп жатыр. Осыған орай сіздер үшін шағын мәлімет дайындадық.
Құдайға шүкір, Ербаянның өміріне қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Ұзақ әрі нәтижелі емнің арқасында айтарлықтай оң өзгерістер бар:
• Басына сәтті ота жасалды.
• Инфекциядан толық арылды.
• Катетеры мен мұрнындағы зонты алынды.
• Салмақ қосып, робот арқылы қимылдай бастады.
• Өзі аздап тамақ іше бастады.
Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толық оңалуға әлі уақыт керек. Емі Стамбұлда жалғасып жатыр.
Ербаянға жігер, ата-анасы мен жақындарына сабыр тілейміз! Қолдау көрсеткен баршаңызға алғысымыз шексіз. Осының бәрі сіздердің арқаңызда. Жақсылықтан үміт үзбейміз!
Қазіргі мәлімет осы. Алдағы жаңалықтармен бөлісіп отырамыз", - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін желіде әскерге кеткен жас жігіттің мүгедек болып қайтқаны туралы ақпарат тараған еді. Жағдайға Ұлттық ұланының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Қатардағы Мұхтардың басынан жарақат алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (Денсаулыққа ауыр зиян келтіре отырып, әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тергеу барысы ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында", - делінген ведомство хабарламасында.
Артынша Қорғаныс министрлігі әскери қызметші Ербаян Мұхтардың жарақат алу оқиғасына байланысты ресми хабарлама жариялады. Сонымен бірге бұл жағдайға пікір білдірген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сарбаздың жағдайы ауыр екенін хабарлады.
Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов әкерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірген. Ол Ербаян Мұхтар әскери қызмет атқару кезінде түнгі сағат 2-де ұйқысынан тұрып, дәретханаға барғанда құлап, жарақат алғанын жеткізген
"Қазіргі жағдайы сол жарақаттан емес. Сарбаз емделу кезінде жұқпалы ауру жұқтырып алған. Біздің қолымыздан, әскери бөлім басшылығынан дәрігерлік көмек көрсетіліп жіберілген. Өкінішке қарай, емделу кезінде ол өкпенің қабынуы, іріңді гайморит жанама ауруына ұшыраған. Осыған байланысты дәрігерлердің кеңесуі арқылы мәжбүрлі түрде жасалған, ота барысында осындай жағдайға душар болып отыр", - деді Қайрат Үмбетов.
Қайрат Үмбетов сарбаз Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты тергеу аяқталғанша алдын ала қорытынды жасамауға шақырды. Ал қыркүйек айында Ербаян Мұхтар емделу үшін Стамбұлға аттанды. Бұл туралы заңгер Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/incidents/2212953-azdap-tamaq-ishe-bastady-askerden-mugedek-bolyp-oralgan-erbaian-muhtardyng-zhagdaiy-turaly-derek-aityldy/