"Хабар" арнасы "Детектив әже" картинасын көрермен назарына ұсынады
Жарияланған күні:
«Хабар» телеарнасы күзгі маусымда көрермендерін бірнеше отандық телехикаялармен қуантады. Солардың алғашқысы қыркүйек айынан бастап шығатын «Детектив әже» комедиясы.

Картина Гүлдана апа мен оның немересі Мұраттың қызыққа толы хикаялары туралы. Оқиға желісі бойынша Мұрат Алматы қаласында қылмыскерлермен күресіп жүрген полиция қызметкері. Ауылдастары оны қадірлейді, ал, Гүлдана апа немересін мақтан тұтады.

Гүлдана апа 70 жылдығын тойлап, шараға немересі Мұрат та келеді. Осы кеште Мұраттың полиция емес, кішігірім рөлдерді сомдап, актер болып ақша туып жүргені білгілі болады.

Абыройынан айрылғысы келмеген әжей немересін ауылға детектив қызметіне орналастырады. Алайда бұл оңай жұмыс емес. Сондықтан немересімен бірге өзі де жұмысқа кіріседі.

Фильмде Гүлдана апаның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Ғазиза Әбдінабиева сомдайды. Көрермен ол кісіні Ермек Тұрсыновтың «Кемпір», сонымен қатар «Перекресток» телехикаясынан жақсы таниды.

«Мен бұрын тергеуші болып ойнап көрген жоқпын. Сондықтан аздап қиын болды. Бірақ режиссердің нұсқауымен бәрін дұрыс жасаған сияқтымын» - дейді Ғазиза Әбдінабиева.

Гүлдана апаның немересі Мұратты жас актер Нияз Шайсұлтанов сомдайды. Сонымен қатар Мұрат Нұрасылов, Мұхамеджан Мырзакеев, Шынар Асқарова, Гүлназид Омарова және өзге де актерлерді көресіздер.

«Мұратты ойнайтын Нияз деген бала сондай жақсы. Өзінен нұр төгіліп тұрады. Сонысымен маған ұнайды. Әкімді ойнайтын бала Мұхамеджан. Сосын Назымгүлді - Шынар ойнайды. Қайсысы болмасын, барлығы да маған үлкен көмек беріп жатыр» - дейді шығармашылық топ туралы Ғазиза Әбдінабиева.

Картинаның қоюшы режиссері Серікбол Өтепберген. Сонымен қатар жобада Саят Жанғазинов - қоюшы оператор, ал Бас продюсері - Адель Оразалинова.

Олай болса қыркүйек айынан бастап жұмыс күндері сағат 19.30-да «Детектив әже» телехикаясын тамашалаңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/1748381-habar-arnasy-detektiv-ze-kartinasyn-krermen-nazaryna-synady/