Шоубиз

Зектілері

"Жетімдер үйінде өскен": SuperStar KZ қатысушысы панасыздарға арналған орталықта күн кешуде

Жарияланған күні:

Владислав Паленис
Владислав Паленис. Видеодан кадр: halyq-uni.kz

2004-2007 жылдары көрермендер сүйіп көрген SuperStar KZ байқауына қатысып, Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтековтермен бірге ән салған Владислав Паленис елордадағы "Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығында" тұрып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni порталы.

Владислав Паленис аталған тележобаның екінші кезеңінде үздік 50 қатысушының тізіміне енген еді.

Порталдың мәліметінше, Владислав Ақмола облысындағы Аққөл ауданының балалар үйінде өскен. SuperStar KZ жобасына дейін ол "Бозторғай", "Таңшолпан" сияқты республикалық және халықаралық конкурстарға қатысқан.

"Жетімдер үйінен шыққан соң "опера әншісі және музыка мұғалімі" мамандығы бойынша Көкшетауда музыкалық колледжде оқыдым. Сонда екінші курста оқып жүргенде астанаға анамды іздеп келдім. 18 жасымда даяшы болып жұмыс істеп жүріп, байқау туралы естідім. Қарызға 100 доллар алып Алматыға бардым. SuperStar KZ жобасының екінші кезеңіне Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтековтермен бірге қатысып, қазақша, орысша, ағылшынша ән айттым. Дауыс беру кезінде аз дауыс алып, финалға өте алмай қалдым", - дейді Владислав өзінің өмір жолы туралы.

Super star kz
Видеодан кадр: Youtube/VTV Broadcast&Production

Владислав байқаудан кейін өмірі күрт өзгергенін айтады.

"Өзім әнші-диджеймін. 19 жыл жыл бойы астанада көптеген клубта кәсіби диджей болып жұмыс істедім. Арасында қаладағы дәмханаларда, тойларда ән салып, ақша таптым. Қазір кез келген кәсіби аппаратурада ойнай аламын", - дейді ол.

Владислав Паленис анасын елордаға келгеннен кейін 11 жыл өткен соң тапқан. Алайда, ол анасын тірі күйінде көре алмаған.

"Бірде Конгресс-холл алдында концерт болып жатты. Сахнада ән айтып болған соң әлдебіреулер қоңырау шалып, "мәйітханада жатқан анамды тануды" сұрады. Тым кешіккенімді сонда түсіндім", - дейді ол.

Владислав Паленис елордадағы панасыз жандарға арналған орталыққа қалай тап болғанын да айтып берді. Владислав әйелімен ажырасқан соң баспанасын сатуға тура келгенін айтады.

"Байқаудан кейін астанада баспана кезегіне тұрып, он жылдан соң пәтерімді алдым. Жақында мен ол үйді саттым. Әйеліммен ажырасқан соң балаларыма алимент төлеуім керек болды. Қарызым көбейіп кеткен соң жалғыз баспанамды сатуға тура келді. Қалған ақшаға ұлым мен қызыма Алматыдан үй алып бердім. Сөйтіп мен далада қалдым.

Бір жақсы танысым осы орталық туралы айтты. Бір айдан бері осында тұрып жатырмын. Туыстарым бар, бірақ олар мені балалар үйіне бірде-бір рет іздеп келіп, көмектескен емес. Алайда мен аяққа тұрып, үй алғанда араласа бастады. Қазір пәтерім, жұмысым жоқ, сондықтан көп араласпаймыз", - дейді әнші жігіт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/1961501-zetimder-uiinde-osken-superstar-kz-qatysusysy-panasyzdarga-arnalgan-ortalyqta-kun-kesude/