"Қазақ үшін ауыр қаза": 2022 жылы өмірден озған ел қайраткерлері кім
Жарияланған күні:

2022 жылы Қазақстан халқы көптеген белгілі тұлғадан айырылып, орны толмас қазаға қабырғасы қайысты. KAZ.NUR.KZ биылғы жылы мәңгілік мекенге аттанған ел азаматтарын назарға ұсынады.
2022 жыл қазақ өнері мен мәдениеті үшін ауыр жыл болды. Жыл басында 72 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген актері - Төлеубек Аралбай дүниеден өтті. Актер әр жылдары "Шоқан Уәлиханов", "Мұстафа Шоқай", "Рэкетир", "Ликвидатор", сондай-ақ "Тоғысқан тағдырлар", "Саранча" телехикаяларында түрлі рөлдерді шебер сомдап, ел есінде қалды.
Қазақ сатирасының майталманы, танымал журналист Көпен Әмірбек те биыл 72 жасында дүниеден өтті. Сықақшы "Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ "Көпен келе жатыр!.." әзіл-сықақ, пародия театрымен көрермен есінде қалатыны анық.

Таяуда қазақ мәдениеті тағы бір ауыр қазаға душар болды. Қазақ балет өнерінің жарық жұлдызы Болат Аюханов 84 жасында дүниеден өтті.

Қазақ руханияты барыс жылы көпке танымал класик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен де айырылып қалды. Жазушының "Қан мен тер" трилогиясы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған. Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған қаламгер, мәңгілік халық есінде қалатыны анық.

Сонымен бірге биыл бұрынғы білім министрі, қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ғалым бірнеше жыл Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының ректоры қызметін атқарды.

Барыс жылы қазақ спорты үшін де ауыр жыл болды. 3 желтоқсанда аты аңызға айналған атақты баскетболшы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Әлжан Жармұхамедов өмірден озды. Даңқты спортшы Мәскеуде 79 жасқа қараған шағында, ұзаққа созылған ауыр дерттен қайтыс болды.

Сол сияқты 82 жасында еліміздің бокстан еңбек сіңірген жаттықтырушысы Феликс Цой дүниеден өтті. Даңқты жаттықтырушы Болат Жұмаділов, Феруза Шәріпова, Ангелина Лукас сияқты боксшылардың жаттықтырушысы болған.

Осы жылдың желтоқсан айында кеңестік және қазақстандық боксшы, КСРО чемпионы, ҚазКСР және Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Болат Теміров те дүниеден озды. Боксшы 53 жаста еді.

2022 жылы Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, журналист Қонысбай Әбіл да мәңгілік сапарға аттанды. Қаламы қарымды қаламгер әр жылдары "Арқалық таңы" газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы және т.б. белді қызметтерді атқарған.

Жыл соңы желтоқсанда қазақ руханияты тағы бір абызынан айырылды. Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы 83 жасында дүние салды.

Сонымен бірге биыл жазушы, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт та өмірден озды. Ол ұзақ жыл бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2002761-qazaq-usin-auyr-qaza-2022-zyly-eldin-qabyrgasyn-qaiystyryp-mangilik-mekenge-attangan-abyzdar-kimder/