"Қансырап жатқан Аралыма қанатыммен су септім": Құдайберген Сұлтанбаевтың сатирасы мен өмірі
Жарияланған күні:

"Театр тарланы" атанған талантты актер, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, "Тамашадағы" сан түрлі образы арқылы көрерменін күлдіре отырып, ойландырған Құдайберген Сұлтанбаев қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып кетті. Айтулы актердің театр және кинода жасаған образдары, кейіпкерлері арқылы жеткізген ойлары халық жадынан әлі де өше қойған жоқ.
- Құдайберген Сұлтанбаев – 1947 жылы Арал қаласында дүниеге келген, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, "Тамаша" әзіл-сықақ театрының жұлдызы және қазақ театры мен киносының танымал актері.
- Ол Қазақ мемлекеттік өнер институтын бітіргеннен кейін Әуезов атындағы академиялық драма театрда өмірінің соңына дейін қызмет етіп, көптеген әйгілі рөлді сомдады және бірқатар танымал фильмге түскен.
- Құдайберген Сұлтанбаев 1995-1999 жылдары Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болып, елдің әлеуметтік-мәдени даму мәселелерімен айналысқан.
Құдайберген Сұлтанбаев 1947 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген.
Балалық шағы, өскен ортасы
Біртуар дарын иесінің бабалық шағы, өскен ортасы туралы деректер қаламгер Құлтөлеу Мұқашқа берген сұқбаты негізінде жарық көрген "Біз білмейтін Құдайберген" сыр-сұқбатында келтірілген. Осы еңбекте актердің өзі есімі туралы мынандай естелік айтады:
"Теміржолшы Тәуекел әкем Айшым, Аққасин, Тазагүл, Күләш, Біләш деген қыздардан кейін мен туғанда қатты қуаныпты. Жарық дүниеге Арал қаласында келіппін. Ол күн 1947 жылдың бірінші мамыры екен. Тәкең:
– Бұл құдай берген бала болды. Өзі мереке күні туды. Атын Первой Май қоямын! - деп есі шығыпты.
Сонда кішкене әпкем Біләш:
– Ой, көке, Первоймай деген ат бола ма? Жаңа құдай берген бала дедіңіз ғой. Құдайберген болсын да! - депті".
Жиналып отырған жұрт осы ұсынысты қолдап, әкесі ұлының атын Құдайберген деп қойыпты.

Бес қыздан кейін дүниеге келген Құдайберген Тәуекелұлының балалық шағы соғыстан кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келгенімен, сол кезде арнасынан асып, балығы тайдай тулап жататын Арал маңында өтеді. Анасы Тәуекел мен анасы Меңдібике сүт кенжесін елден кем қылмай өсіреді.
Құдайберген Тәуекелұлы Аралдағы төрт жылдық мектепте, кейін қазақтың тұңғыш фантаст жазушысы Абдул-Хамид Мархабаев, акробатикадан алғашқы спорт шебері Дари Қажымұратов және т.б. белгілі тұлғалар шыққан №15 мектепте білім алады. Бұл мектепке тоғызыншы класқа дейін оқып, кешкі мектепке ауысып, кеме жөндеу зауытына электрик болып жұмысқа тұрады. Үлкен өмірге осылайша аяқ басады.
Аралдағы кешкі мектепті бітірген соң Алматы политехникалық институтының сәулет факультетіне түспек болып, емтихан тапсырады. Алайда сол жылы түсе алмайды. Келесі жылы осы оқу орнына кандидат ретінде қабылданады. Көп ұзамай бұл оқудан өз еркімен шығып кетіп, елге қайтып мектепте сызудан, суреттен сабақ береді.

Құдайберген Сұлтанбаевтың шығармашылық жолы 1968-1969 жылдары Арал аудандық мәдениет бөлімінде басталады. 1969-1970 жылдары "Гүлдер" ансамблінде жарық беруші, режиссердің ассистенті болып еңбек еткен.
Шығармашылық жолы
Актер естеліктерінде сатираға келуіне әке мінезі бірталай ықпал еткенін айтады. Ал өнердегі алғашқы ұстазы Нартай мектебінен өткен дарынды жыршы, термеші Аққасен Сұлтанбаев болған екен.
"Ақаң "Едіге батыр", "Қарасай – Қази", "Көрғұлы" жырларын нәшіне келтіре орындайды. Жалықпай, тымпиып тыңдаймын да жатамын", - деп еске алады актер өнерге құмар еткен алғашқы ұстазын.
Құдайберген Тәуекелұлы 1974 жылы Қазақ мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін тәмамдайды. Оқуды бітіретін тұста режиссер Қадыр Жетпісбаев қойған "Құлыным менің" спектаклінде көше бұзығының рөлін ойнайды. Осы рөлі арқылы әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің көзіне түсіп, режиссер актерді жұмысқа шақырады. Құдайберген Сұлтанбаев Мәмбетов қабылдаған Әуезов атындағы академиялық драма театрда өмірінің ақырына дейін шығармашылық қызмет атқарады.

Тетар сахнасында М.Әуезовтің "Айман-Шолпанындағы" Жарас, Ғ.Мүсіреповтің "Амангелдісі" мен "Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы" Зілқара мен Жантық, Ә.Нұрпейісовтің "Қан мен теріндегі" Тілмаш, Б.Мұқаевтың "Тоят түніндегі" Қали, Ш.Айтматовтың "Ақ кемесі" мен "Ғасырдан да ұзақ күніндегі" Сейдахмет пен Сәбитжан, Н.Гогольдің "Ревизорындағы" Бобчинский, У.Шекспирдің "Ричард ІІІ"-індегі Епископ, Ф.Эрвенің "Түлкі бикешіндегі" режиссердің көмекшісі, С.Ахмадтың "Келіндер көтерілісіндегі" тілші секілді көптеген бейне жасады.
"Жетпісінші жылдардың басында театрға келген Құдайберген Сұлтанбаев алғашқы қадамын шағын бейнелерді жасаудан бастады... Эпизодтық рөлден есте қаларлық бейне жасау – тек шебер актердің еншісіндегі ерекшелік. Суреткерлік қиялдың (фантазияның), суырыпсалмалық (имровизация) тапқырлықтың айқындалар сәті де осы тұс екені даусыз. Әзілге бейім адамның ойы да ұшқыр келеді. Өмірдегі әзіл мен сахнадағы әзіл мүлдем бөлек және ол әркімнің қолынан келе бермейді. Міне, осының барлығы Құдайбергеннің бойында бар қасиет", деп жазады режиссер Әубәкір Рахимов Құдайберген Сұлтанбаев туралы мақаласында.

"Актер Құдайберген Сұлтанбаев театрдағы ең соңғы еңбегі – Ә.Рахимовтың "Қылмыскерге куәлік" атты сатиралық комедиясындағы әкім бейнесімен сахнамен қоштасты деуге болды. ...басшысымақтардың жиынтық бейнесін сахнаға шығарған актер Құдайберген Сұлтанбаев шеберлік биігінен көрінді", - деп жазады ақын Шөмішбай Сариев актер туралы естелік жазбасында.
Талантты актер режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің бірнеше фильміне, сондай-ақ Б. Шәмшиевтің "Көктөбедегі кездесу", З.Подольскийдің "Қош бол, Медеу!", С.Тәуекелдің "Махамбет", Т.Әбдірашевтің "Қаладан келген қыз", "Құрақ көрпе" деп аталатын көркем фильмдеріне түсіп, кино өнерінде де айшықты ізін қалдырды.
"Тамашаның" тарланы
Қазақ мәдениетінде құбылыс болған "Тамаша" халыққа Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Уайыс Сұлтанғазин, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейірман Нұрекеев, Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова сынды өнер иелерінің талантын паш етті. Әйгілі "Тамашаның" негізін қалаушылардың бірі болған Құдайберген Сұлтанбаев сахнада түрлі образдарды жасай жүріп, "күлкі кемеңгері" атанды.

"Құдайберген Сұлтанбаев 1978 жылы құрылған "Тамаша" ойын-сауық отауының әйгілі әртісі болды. Ойын-сауық отауында ол ерке баланың да, бетонбет бюрократтың да, сылқым серінің де, шалқалаған шалдың да, кейуана кемпірдің де күлкілі бейнесін сомдамды. Кімді кейіптесе де соның бәрі бір адамның – күлкі кемеңгері Құдайбергеннің ішінен өріп шығып, өріс тауып жататын", деп жазады "Күлдіріп жүріп күрсініп өткен бір ғұмыр" мақаласының авторы.
Сатира, юмор қазақ халқының бітім-болмысына, табиғи психологиясына етене тән дүниелер. Атам заманнан сөзге тоқтаған, әжуа-қалжыңға терең мән берген ұлттың ұрпағымыз... Елде театр жоқ деген тұстың өзінде Қалибек Қуанышбаевтың Қоянды жәрмеңкесінде көрсеткен өнерінің өзі ғажап емес пе! (Құдайберген Сұлтанбаев).
Бірінші сайланған парламент мәжілісінің депутаты
Айта кетерлігі, Құдайберген Сұлтанбаев 1995-1999 жылдары бірінші сайланған Қазақстан Республикасы кәсіби парламентінің депутаты болды. Ол мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі бола жүріп, осы саладағы көптеген өзекті мәселенің шешілуіне атсалысты және ел үшін өзекті мәселенің бірі – Арал проблемасына назар аудартты.

Мені 1995-1999 жылдары парламент депутаты болған кезімде "үндемейтін депутат" деп жазғырушылар көп болды. Бірақ мен өзімнің туған жерімнің алдындағы парызымды өтедім деп ойлаймын. Қансырап жатқан Аралыма қанатыммен су септім… (Құдайберген Сұлтанбаев)
Құдайберген Сұлтанбаев туралы қызық деректер:
- Күндіз-түні электр шамының жарқырап жанып тұрғанын жақсы көрген.
- Шылым шекпесе де, газбен жанатын оттық жинаған.
- Бала күнінде ұшқыш болуға талаптанып, Ақтөбедегі ұшқыштар училищесіне емтихан тапсырғанымен, түсе алмаған.
- Қылқаламды серік еткен. Достық шарждары республикалық газет-журналдарда жарияланған.
- Домбырамен Қазанғаптың күйлері мен Нартуғанның жырларын орындағанды ұнатқан, гитараны жақсы тартқан.
- Өзі өнердің қайнаған ортасында жүрсе де, ұл-қызының өнер адамы атанғанын қаламаған.
- Актер көзі тірісінде шағын театр ашып, қысқа метражды фильмдер түсіруді армандаған.
- Сатира театрында қызмет атқарса да, өмірде даңғаза, дақпыртты ұната бермеген.
Елді күлдіргенімен өзі арзан күлкіні ұната бермеген актер болмысы тереңдігімен, сан қырлылығымен қайран қалдырады. 64 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанып кете барған талантты, талғамы биік актердің қазір өзі болмаса да, қазақ мәдениетінде өшпес ізі қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2176469-qansyrap-zhatqan-aralyma-qanatymmen-su-septim-qudaibergen-sultanbaevtyng-satirasy-men-omiri/