Шоубиз

Зектілері

"Қорланып кетіп барам": белгілі жазушы Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасы "есеп үшін" шақырған кездесу туралы айтты

Жарияланған күні:

Қанат Тілеухан
Қанат Тілеухан. Фото: instagram.com/qanat_tileuhan/

Жазушы Қанат Тілеухан Facebook-тегі парақшасында Талдықорғанда Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Антикор ұйымдастырған іс-шараға шақырылғанын, алайда ешқандай дайындық болмай, қайтып кетуге мәжбүр болғанын айтты. Бұған қатысты "Жетісу облысының жастар ұйымы" пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жазушының айтуынша, TEDx форматындағы іс-шара о баста есеп беру үшін ұйымдастырылған. Кездесуге келген бойда оған шараның "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы" тақырыбында өтетіні айтылған. Алайда жазушы өзінің ол тақырыпқа қандай қатысы бар екенін түсінбеген.

"Өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласты. "Аға ертең келе аласыз ба?" дейді ентігіп. "Тыныштық па?" деймін. "Сізбен кездесу ұйымдастырсақ" дейді. Б. Римова театрында "Медаль" спектаклі қойылғанда ғана туған жерде бір шығармашылық қауышу болған еді. Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін. "Жақсы" деп келістім. Бүгін келсем, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы" кездесу деп тұр. Екі жас қыз жүр екен.

"Менің жемқорлыққа қатысым не?" десем, күмілжіп дұрыс жауап бере алмады. Ақыры келдім ғой деп отырдым. Сонымен бір сағат өтті ешкім жоқ", - деді ол.

Жазушының сөзінше, іс-шараны Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Антикор ұйымдастырған.

"Қыздар, бұның бәрі есеп үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар" десем "мақұл" дейді. Негізі әзілдеп айтқам. "Жақсы-жақсы" деп мобилогрофқа түсіртіп жатыр.

"Балалар, мыналарың ұят қой. Аман болыңдар" десем, "ренжімеңізші" дейді. Тіпті "ертең келе аласыз ба" деп қояды. Алматыдан жұмысымды тастап келген ем. Әңгіме осы. Ұйымдастырушы – Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор", - деді жазушы.

Қанат Тілеухан іс-шарадан кетіп бара жатқанда шотына 50 мың теңге сомасында ақша түскенін алға тартты. Ол мұның қаламақы ретінде берілгенін, алайда ақшаны кері қайтарғанын айтты.

"Дана есімді қыз қоңырау шалып кешірім сұрады. 50 мың қаламақым екен. Қайта өзіне салып жібердім. Қорланып кетіп барам", - деді жазушы.

"Жетісу облысының жастар ұйымы" осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"17 қазанда техникалық ерекшелікке сәйкес Басқармамен TEDx форматында іс-шараны, сондай-ақ оның шеңберінде спикер ретінде Қанат Тілеухан шақырылған бағдарламаны өткізу келісілді. Алайда алдын ала келіссөздер барысында біз спикермен күн тәртібіне сай шараның "Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ" тақырыбында өтетінін хабарламадық.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 21 қазанында іс-шараны өткізу күні біз қатысушылардың санын толық қамтамасыз етпедік, нәтижесінде оғаш себептер орын алды және спикер іс-шараны өткізу орнынан кетті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде біз аталған іс-шараның шығындарын өз есебімізге аламыз. Сонымен қатар іс-шара есептілікке енгізілмейді және қайта өткізілетін болады", - деді "Жетісу облысының жастар ұйымының" баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2177201-qorlanyp-ketip-baram-belgili-zhazushy-zhetisu-oblysy-qogamdyq-damu-basqarmasy-esep-ushin-shaqyrgan-kezdesu-turaly-aitty/