Эстрада бұлбұлы Жазира Байырбекова: өмірі, шығармашылығы, отбасы
Жарияланған күні:

Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар танымал әнші, сахна жұлдызы. Күміс көмей әнші халыққа алғаш рет "Сәулем-ай" атты халық әнімен танылған. Әншінің өмірі мен шығармашылығына қатысты басқа да мәліметтерді материалдан оқыңыз.
- Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасының танымал әншісі. Ол 1978 жылы Түркістан облысында дүниеге келген, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерімен таныла бастаған.
- Ол алғаш 1992 жылы 14 жасында "Тамаша" ойын-сауық отауында өнер көрсетті, кейін жұбайы Жанболат Ербатыровпен дует құрып, эстрада әлеміне қадам басты.
- Әншінің репертуарында елуден астам ән мен жиырмаға жуық бейнебаян бар.
Әншінің өмірі мен шығармашылығы
Википедияда жарияланған мәліметке сүйенсек, Жазира Байырбекова 1978 жылы 30 қыркүйекте Түркістан облысы Бөген ауданына қарасты Мақташы елдімекенінде тоғыз баланың бесіншісі болып дүниеге келген.
Анасы музыка пәнінен сабақ берген, әкесі поэзияға жақын адам болған, өлеңдері басылым беттерінде жарық көрген. Ал өзі кішкентай күнінен бауырларымен бірге отбасылық ансамбльде өнер көрсеткен.
Жазира Байырбекованы алғаш өнерге ата-анасы баулыған. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап-ақ домбыра тартып, ән айтқан. Мектептегі домбыра оркестрі құрамында аудан, облыс көлеміндегі байқауларға қатысқан. Әпкесі Ләззат екеуі домбырамен, ағасы Ербол гитарамен трио болып өнер көрсеткен. Айта кетерлігі, өнерлі отбасынан шыққан Ләззат Байырбекова бүгінде эстрада әлемінде өзіндік үнімен танылған әнші атанса, ағасы Ербол Байырбеков – танымал композитор.
Жазира Байырбекова ең алғаш үлкен сахнаға 1992 жылы 14 жасында шыққан. Ұлықпан Есеновтің шақыруымен "Тамаша" ойын-сауық отауында сол кездегі танымал әнші Жанар Айжанованың репертуарындағы халық әнін орындап шыққан шынашақтай қыз қалың көременнің көзайымына айналады. Сұқбаттарының бірінде Жазира Байырбекова бала күнінен әнші Жанар Айжановаға еліктеп өскенін айтады.
Әнші қыз Арыс қаласында орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық цирк училищесінде білім алған. Ал 2010 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітіріп шығады.
2002 жылы жары Жанболат Ербатыровпен дуэт ретінде эстрада әлеміне қадам жасады. Әнші бұл дуэттің негізі 90-жылдары студенттік жатақханада қаланғанын айтады. Ерлі-зайыпты дуэті ел арасында алғаш рет Шәкәрім Құдайбердіұлының "Анадан алғаш туғанда" әнімен танылды.
Бүгінгі күні әншінің репертуарында әртүрлі жастағы тыңдарманға арналған елуден астам ән мен жиырмаға тарта бейнебаян бар. Әнші "Бесік жыры", "Тұсаукесер", "Сен маған сүюді үйреттің", "Қазақ қызы әдемі", "Балапаным балдай" сынды көптеген әнді нақышына келтіре орындап, әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Отбасы
Жазира Байырбекова мен Жанболат Ербатыров – өнерде де, өмірде де қол ұстасып, қатар келе жатқан жарасымды жұп.
Әнші жары Жанболатпен алғаш танысқан жылдарын былай еске алады.
"17 жасар кішкентай қыз едім. 1-курс оқимын. Жатаханада өзімнен 2-3 жас үлкен қыздармен бірге тұрдым. Бөлмемдегі қыздарға қонаққа жігіттер келді. Көрші бөлмеде тұратын Жанболат есікті қағып: "Бері келші" деп коридорға шақырып, "Сен кішкентайсың, саған үлкен жігіттер бар жерде отыруға болмайды. Одан да далаға шығып таза ауа жұт, жүр, бірге шығып келейік" деді. Содан бері "Саған анау болмайды, мынау болмайды" деп жанымда жүр".
Жатақханадағы таныстық махаббатқа ұласып, әнші қыз небәрі он сегіз жасында басына ақ жаулық тартып, Сыр елінің келіні атанады.
Қос өнерпаздан құралған отбасы бірден үлкен сахнаға шығып, әнші ретінде таныла қоймаған, бүгінгі жетістігіне жету үшін аянбай тер төгіп, көп еңбектенген.
"Қиыншылық сол кезде болды. Отбасын құрған соң, жауапкершілік болғаннан кейін, күн демедік, түн демедік, жұмыс істей бердік. "Сайран" автовокзалында күндіз жүк тиеуші болып жұмыс істейміз. Кешке кафеде ән айтамыз. Сөйтіп жетістікке жеттік. Пәтерімізді алдық. Ән жаздырттық, аппаратура алдық, сахнаға шықтық", - дейді Жанболат Ербатыров.
Әншінің жұбайы Жазира отбасылық өмірдің алғашқы жылдарындағы қиын кездерін былай еске алады:
"Таңғы бесте тұрып, жүк тиеуші болатын. Кешке алтыда келіп, асығыс тамағын ішеді. Жетіде кафеге ән айтуға барамыз. Мен де жұмыс іздеп, әр ресторанға бас сұғамын. Ыдыс жуушы болсам да істегім келетін. Жанболат оқушылар сарайында гитарадан сабақ та берді. Бос уақыт болмайтын. Ал ол жерде алты-жеті айлық жоқ. Үйде тамақ жоқ. Әпкеміздің үйіне барамыз. Бірақ бізде намыс мықты болатын. Ешкімге жоқтығымызды білдірмедік".
Әнші телебағдарламалардың бірінде берген сұқбатында базарда жеміс-жидек сатқан күндерін еске алып, көзіне жас алған еді.
Табанды еңбек пен қажымас қайраттың арқасында өнерлі жұп бүгінде қазақ эстрадасының жарық жұлдызына айналып отыр. "Жазира мен Жанболат" дуэтінің репертуарында "Анамның ақ жаулығы", "Майда-майда", "Қызғанамын", "Сүйгеніңді бағала" сияқты көптеген ән өз тыңдарманын тауып, кеңінен танылды.
Жұлдызды жұп бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы Қазыбек – кәсіпкер. Ал Дара есімді қызы тұңғыш ұлдан кейін араға 22 жыл салып дүниеге келген.
"Өмірге бір адам ел жаулау үшін, бір адам ел басқару үшін, бір адам махаббаты үшін, ал мен жанұяма қызмет ету үшін келдім. Ата-анама тек баласының рөлін сомдап емес, досы, директоры, қамқоршысы, көмекшісі, екі жұптың халықты қуантуға септігін тигізуші ретінде құдайдың маған берілген тапсырмасын түсінгендеймін. Дара қарындасымды қандай жоспар күтіп тұрғаны бізге беймәлім. Бірақ Дара есімін қойған себебім, 22 жыл үзіндіден кейін табылған, ерекше күнтізбеде туылған, біздей мықты отбасын таңдаған, ең бастысы қазақ елінде туылған, ерекше Дара атқа ие болды", - деп жазған қарындасы туылғанда әншінің ұлы Қазыбек желідегі жеке парақшасында.
Жазира Байырбекова қызына арнап "Кішкентай жүрегім" атты әніне бейнебаян түсірді. Бейнебаянға анасымен бірге Дара қыз да түскен.
Жазира мен Жанболат жұбы жастармен шығармашылық байланыс орнату мақсатында бірнеше жыл бұрын "Әгугай" тобын, кейін этностильдегі "Тұмар" тобын құрған. Топтың репертуары негізінен халық әндері мен халық композиторларының әндерінен тұрады. Сондай-ақ өнерлі жұп "Дударай" тобына да жетекшілік етеді.
Әншіліктен бөлек, Жазира Байырбекова 2018 жылы комедия жанрындағы "Өз үйім" телехикаясына, 2021 жылы "Үміт" телехикасына түсіп, актерлік қырын сынап көрген.
Жазира Байырбекова – өнері мен сахнадағы образы арқылы ұлтымыздың бітім-болмысын, салт-дәстүрін дәріптеп келе жатқан әнші. Кезінде Жанар Айжанова, Мәдина Ералиева сынды қазақтың біртуар қыздарына еліктеп өскен әнші бүгінде өзі де көптеген қазақ қызына үлгі болып отыр. Талғампаз әншінің нәзік табиғатына жараса кеткен сыңғырлаған үні қазақ даласын әлі де әуезді әндермен тербете бермек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2182295-estrada-bulbuly-zhazira-baiyrbekova-omiri-shygarmashylygy-otbasy/