Нурикамал Сейітжанова деген кім: әйгілі әнге арқау болған ару туралы не білеміз
Жарияланған күні:

Таяуда жарыққа шыққан отандық "Нурикамал" фильмі көпшіліктің қызу талқысына түсті. Көрерменнің бірі бұл туындыны шынайы сезімнен туған әннің тарихын көрсеткен фильм десе, енді бірі адал жарға деген сатқындық деп пікір білдіріп жатыр. "Нурикамал" фильмі өмірде болған оқиға негізінде түсірілген. Бұл мақаламызда әйгілі әнге һәм жаңа фильмге арқау болған Нурикамал Сейітжанова туралы мәлімет ұсынамыз.
- "Нурикамал" фильмі шыққаннан кейін әйгілі әнге арқау болған Нурикамал Сейітжанова туралы қызығушылық артты.
- Нурикамал Сейітжанова - білімді әрі тәжірибелі маман, мемлекеттік қызметте жоғары лауазымды маман ретінде жұмыс істеген.
- "Нурикамал" әні 1988 жылы шықты, оның сөзін ақын Ханбибі Есенқарақызы, ал әуенін оның жолдасы, Нурикамалға ғашық болған композитор Тұрдықылыш Ізтаев жазған.
Нурикамал жайлы не білеміз?
Нурикамал Сейітжанова 1949 жылдың 12 наурызында Ақмола облысының Державин (қазіргі Жарқайың) ауданы, Братолюбовка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған ару мемлекеттік қызметте беделді еңбек етті.
Көкшетау қаласы әкімдігінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Нурикамал Сейітжанова 1972 жылы Целиноград педагогикалық институтының филология факультетін орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.
1967-1968 жылдары Баранкөл ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып, ал 1972 жылдан бастап Нахимов орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істеді. Кейін осы мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып тағайындалды.
Жас әрі бастамашыл, қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген ару көптің назарына бірден түсетін. Бойындағы қабілетінің арқасында Нурикамал еңбек жолында өте беделді қызметкер атана білді.
- 1983 жылы Қазақ КСР Компартиясының Торғай облыстық комитетінде ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі.
- 1988 жылы Қазақ КСР Компартиясының Шымкент облыстық комитетінде ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі.
- 1990 жылы Қазақ КСР Компартиясының Торғай облыстық комитетінде идеология бөлімінің меңгерушісі.

Білімді әрі тәжірибелі маман Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да аянбай еңбек етті. Нурикамал Сейітжанқызы егемендік алған жылдардан бастап мына қызметтерді атқарды:
- 1991 жылы Торғай облыстық атқару комитетінде жастар ісі комитетінің төрайымы.
- 1993 жылы ол Торғай облыстық мәдениет басқармасын басқарды.
- 1997 жылы Нурикамал Сейітжанова жаңа астананың кіші ассамблеясының атқарушы хатшысы болды.
- 1998 жылы ол Көкшетау қаласында облыс орталығының көшіруінен кейін жұмысын жалғастырды. Алдымен Ақмола облысының ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқарды, кейін 2000-2009 жылдар аралығында зейнет жасына дейін Ақмола облысының мәдениет басқармасын басқарды.
"Нурикамал" әнінің шығу тарихы
Көпшілік сүйіп тыңдайтын "Нурикамал" әні – ерлі-зайыпты жандардың туындысы. Ән 1988 жылы жарыққа шықты. Әннің сөзін ақын Ханбибі Есенқарақызы жазған, ал әуенін оның жолдасы Тұрдықылыш Ізтаев жазды. Композитор әнге арқау болған Нурикамал есімді қызға ғашық болған. Әннің тууына да сол сезім себеп болған деседі. Бір күні ақын жолдасының пианино жанында отырғанын көреді. Сәлден соң қасына барып: "Айтқың келгені осы ма еді?",-деп әннің мәтінін алдына тастайды.
"Нурикамал – өмірде бар лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі ол қандай адам, менен артық па? - деп ойладым. Әйелдердің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ, көбі жағдайдың байыбына бара бермейді. Нурикамалды көріп, жолдасымның талғамына риза болдым. Себебі ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша "Нурикамал" әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың "Қорланы" сияқты бағаладым", - дейді Ханбибі Есенқарақызы.
Шығармашылық адамдарының дені туындысына арқау болған жандардың есімін өлеңдеріне қоспайды немесе өзгертіп жатады. Алайда бұған Ханбибі Есенқарақызы түбегейлі қарсы шығып, әннің атын өзгеріссіз қалдырған.
Нурикамал Сейітжанқызы мәдениет саласының дамуына үлкен үлес қосқан жоғары білімді маман, білікті ұйымдастырушы, талапшыл басшы болды. Нурикамал Сейітжанованың басшылығымен жаңа шығармашылық ұжымдар құрылып, ондаған жаңа мәдениет мекемелері ашылды, ауылдық жерлерде де көптеген жаңалық енгізілді, жаңа есімдер пайда болды.
Әйгілі әнге арқау болған ару тұрмыс құрмады, сәби сүймеді. Саналы ғұмырын еңбек жолына арнаған Нурикамал Сейітжанова 2021 жылы 73 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Авторы: Серік Жетпісқалиев
Әнге айналған әдемi ғұмыр!
Нүрикамал, Нүрикамал!..
Соққандай боп таңнан самал,
Жаққандай боп шамнан жанар.
Жаңа туған айдай болып,
Жүрушi едi Нүрикамал!
Төгетiн-дi маңына арай,
Көркi қандай, жаны да бай.
Көп iшiнен топ жаратын,
Сендей өжет табыла ма-ай?!
Тот баспайтын лағыл едiң,
Лаулап оттай жанып едiң.
Қазағыңның аспанында,
Әнге айналып қалып едiң!
Сенi жоқ деп кiм айта алар,
Ән атыңды мың қайталар.
Аңыз қызы қазағымның,
Қош, ендi, қош, Нүрикамал!
Нурикамал Сейітжанқызының тұлға ретіндегі болмысы, кішіпейілдігі бірге қызмет еткен әріптестерінің жадында сақтаулы. Ал "Нурикамал" әні жылдар бойы халықтың жүрегінен өшпей шырқалып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2190854-nurikamal-seiitzhanova-degen-kim-aigili-ange-arqau-bolgan-aru-turaly-ne-bilemiz/