Шоубиз

Зектілері

Қазақ авторларының әндері әлеуметтік желіге қашан оралады: вице-министр жауап берді

Жарияланған күні:

Ұялы телефон ұстап тұрған әйел
Ұялы телефон ұстап тұрған әйел. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Екі апта бұрын Instagram әлеуметтік желіcінен қазақ әндері жоғалып кетті. Бұл желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жағдай қашан қалпына келетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова қазақ әндерінің әлеуметтік желіден жоғалып кетуіне байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Meta мен қазақстандық авторлар арасындағы қарым-қатынастар ұжымдық басқару ұйымдарымен реттеледі. Екі компания келісімге келмей, ақыры Meta барлық платформасынан қазақстандық авторлардың музыкасын алып тастауды ұйғарған.

"Meta мен қазақстандық ұжымдық басқару ұйымдарының бірі арасында келісім бар. Бірақ қараша айының соңында келісімшарт аясында екі тарап келісімге келмеген. Тариф пен төленетін сыйақы мөлшері аясында келіспеушіліктер туындаған. Біз бұл дауды мүмкіндігінше шешуге тырыстық, бірақ біздің де қолымыздан келмеді. Өйткені ұжымдық басқару ұйымдарының бірінің өз ұстанымы бар, Meta да келісімге келмей тұр", - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, шетелде 1-2 ғана ұжымдық басқару ұйымдары болса, Қазақстанда ондайдың 15-і бар.

"Meta компаниясымен еліміздегі басқа ұйымдар да келіссөздерге кірісті. Қазіргі бәсекелестік жағдайында келісімшарт талаптары талқыланып, мәселе жақын арада шешімін табады деп сенеміз", - деп жауап берді Ботагөз Жақселекова.

Алайда вице-министр қазақ әндерінің желіде қашан пайда болатынына қатысты нақты жауап айтпады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2197191-qazaq-avtorlarynyng-anderi-aleumettik-zhelige-qashan-oralady-vitse-ministr-zhauap-berdi/