6 наурызда "Онда біреуден туып ал" отандық фильмі прокатқа шығады
Жарияланған күні:

2025 жылғы 6 наурызда басты рөлдерде Жұлдыз Әбдукәрімова мен Тәуекел Мүсілім ойнайтын "Онда біреуден туып ал" мелодрамасы прокатқа шығады. Бұл – Dastan Media киностудиясының төртінші толықметражды фильмі.
Фильмнің басты кейіпкері – Салтанат (Жұлдыз Әбдукәрімова) білімді, табысты, тәуелсіз және жалғызбасты жан. 38 жасқа толған туған күнінде Салтанат бұл жалғыздықты өзгертуге бел буады. Жігіт іздеу ұзақ уақытты талап етеді әрі ешқандай кепілдік бермейді, ал бала болса, жалғыздық мәселесін шешуі мүмкін. Оның үстіне құрбысы жаңа технологиялардың көмегімен бала сүюге кеңес береді, ал анасы мен әжесі "өзің үшін бір бала тауып ал" деп ашық айтады.
"Біздің менталитетте осындай екі түрлі көзқарас бар: бір жағынан баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдерді айыптап, оны "ұят" деп санаймыз, ал екінші жағынан ұзақ уақыт тұрмыс құрмаған қыздарға туыстары "ең болмаса бір бала тауып ал" деп кеңес береді. Сондықтан ЭКО, суррогат ана болу тақырыптары қазір біздің қоғамда өзекті. Біз осы тақырыптарды көрерменмен бірге талқылағымыз келеді", - дейді фильмнің атқарушы продюсері Рауан Шуақбаев.
ЭКО процедурасына донор іздеу барысында Салтанат біреудің көлігін абайсызда қағып кетеді. Бірнеше күннен кейін ашулы ер адам қоңырау шалады.
Айдос (Тәуекел Мүсілім) – табысты кәсіпкер әрі ол да жалғызбасты жан. Салтанатпен алғашқы кездесуде-ақ олардың арасында қызу роман басталып, қыздың барлық жоспарын түбегейлі өзгертеді.
"Біздің фильмдерімізде көбіне 40-50 жас шамасындағы адамдардың өмірін зерттейміз. Олардың оқиғалары, сезімдері мен ойлары біз үшін қызықты. Олар жастар сияқты сұрақтарға жауап іздегенімен, тәрбиесі мен қоғамның шарттарына байланысты жағдайды ушықтыратын шешімдер қабылдайды. Бұл фильм арқылы тағы да айтарымыз – жаңалықтардан қорықпаңыз, себебі өміріңізде өзгерістер кез келген сәтте болуы мүмкін", - дейді фильмнің бас продюсері әрі сценарий авторларының бірі Дастан Қалдыбаев.
Фильмде сондай-ақ Күннұр Қалмырза мен Махауа Қозбағаров та ойнаған. Олар Салтанаттың достары болған ерлі-зайыптылардың рөлін ойнайды.
"Достарының үйіне барған сайын Салтанат қарапайым отбасылық бақытты көреді: үй, балалар, бір-бірін сүйетін ерлі-зайыптылар. Осы сәтте жалғыздығын бұрынғыдан да қатты сезінеді. Дәл осы Жұлдыз (Күннұр Қалмырза) оған ЭКО қызметін пайдалануға кеңес беріп, донор іздеуге көмектеседі. Олар донор іздеу барысында күлкілі әрі ыңғайсыз жағдайларға тап болады", - дейді DastanMedia-мен 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан фильмнің сценарий авторы Жәмит Көшербаев.
Фильмнің режиссері Ернар Нұрғалиев пен DastanMedia компаниясының, бұл екінші бірлескен жұмысы. Бұған дейін олар "Студент көке" фильмін бірге түсірген.
Сценарий жазуға екі ай, ал түсірілімдерге төрт ай уақыт кеткен. Фильмнің оқиғалары NARHOZ университетінің аудиторияларында, ЭКО орталығында, Esentai Tower кеңселері мен пәтерлерінде, сондай-ақ Мичурин ауылында өрбиді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2216636-6-nauryzda-onda-bireuden-tuyp-al-otandyq-filmi-prokatqa-shygady/