"Ол мені қорлады": Атырау мәслихаты депутатының бұрынғы әйелі президентке жүгінді
Жарияланған күні:

Атырау қаласының тұрғыны, кәмелет жасқа толмаған төрт баланың анасы Нұржамал Тәжіғалиева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған. Бұл туралы Ақжайық басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Басылымның хабарлауынша, әйел бұрынғы күйеуі, облыстық мәслихаттың депутаты Айбар Ерекешовтің 12 жыл отау құрған кезде оны үнемі ұрып-соғып, қорлағанын мәлімдеген.
"Ол мені қорлап, ұрып-соғып, бетіме түкірді. 2018-2023 жылдары мені қатты ұрып, денсаулығыма орташа дәрежедегі зиян келтірді. Баланы емізіп отырғанымда ұялы телефонмен басымнан ұрып, үлкен салмағымен үстіме отырып қорлауына байланысты полицияға екі арыз түсірдім. Оның және ата-анасының көндіруімен арызымды қайтарып алдым, әсіресе, бұдан үш жыл бұрын депутаттыққа сайланарда қатты өтінген болатын.
Ажырасқаннан кейін күйеуім материалдық қолдау көрсетпей алимент бойынша қарызы сот шешімімен 5 млн 989 мың теңгеге жетті. Қазіргі уақытта жеке сот орындаушылары Ерекешовтің құқықтарына шектеу (тәркілеу, нотариаттық операцияларға тыйым салу және т.б.) қойып тастады. Енді ол алимент төлемеу үшін балаларды қамқорлыққа алуға сотқа шағым түсіріп отыр.
Ерекешовтің үстінен үш бап бойынша қылмыстық іс көтерілуі қажет деп есептеймін: қорлау, денсаулыққа әртүрлі ауырлықтағы зиян келтіру, алмент төлеуден қасақана жалтару. Полиция қызметкерлерінің қорғау нұсқаулығын тиісті түрде орындауын және балаларымды тәрбиелеп отырған маған тиесілі пәтерлерге дау айту және балаларды алып кету әрекеттерін тоқтатуды талап етемін", - деген жазбасында ол.
Осы үндеу жарияланғаннан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Айбар Ерекешов Facebook желісінде тікелей эфирге шықты:
"Құрметті Қазақ елі, атыраулықтар, болған жағдайға байланысты алдымен кешірім сұрағым келеді. Болып жатқан жағдай менің бұрынғы жолдасым Тәжіғалиева Нұржамалдың ғаламторда шығарған жалған айыптарына байланысты болып жатыр. Маған қатысты айтылып жатқан айыптаулардың бәрі "клевета" (жала - редактор еск.) десе болады. Мен бұл азаматпен 2023 жылы заңды некемді бұзған болатынмын, ол 2018 жылғы жағдай деп көрсетеді.
Нұржамал сол жылы үйге алкогольге мас болып келіп, аяғы тайып құлап, басын жарып алды... Біздің өсіріп келе жатқан ортақ балаларымыз бар. Мен Нұржамал құсап бейнебаяндарды сақтап, ажырасамын деген ой болған жоқ. Өзі басын жарып алды, ол көлікпен апатқа түсті, бұғанасын сындырды, беттерін зақымдады. Ол фотода беті қан, өзі бірақ күліп түскен. Менің кінәм жоқ.
Адам екі нәрседен қателеспеуі керек, бірі - мамандық таңдауда, екіншісі - жар таңдауда. Ажырасу себебіміз – 2023 жылы Нұржамал Еуропаға бір ай шамасына ешкімнен рұқсат сұрамай, емізулі баланы тастап кетіп қалды. Келгеннен саусағымның ұшын тигізбестен, сотқа арыз беріп тастадым. Ажырасу кезінде ортақ мүлік жөнінде өзара келісім болды: "екі пәтер, көлікті маған бересің, алимент талап етпеймін" деді. Биыл жазда балаларды мен алайын деді, бердім. Қарашада балаларды тастап Алматыға кетіп қалғандықтан төрт баланы мен алып кеттім. Үлкен қызым бізбен қалғысы келіп, мен бармаймын деп қиғылық шығарды. Мен ақиқатты айтып отырмын, біз ажырасқанда ол алиментке беріп тастапты. Бірақ оны білмедім, мен алимент төлеуден қашпаймын", - дейді ол.
Бұл жағдайға байланысты Атырау облыстық полиция департаменті өкілдері түсінік берді.
"Қазіргі уақытта аталған факті бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жазбада жарияланған фотосуреттер 2018 және 2023 жылдары түсірілген.
1987 жылы туған азаматқа қатысты оның арызы бойынша 2018 және 2023 жылдары қорғау нұсқамалары шығарылып, кейін арызданушының өтініші бойынша қайтарып алынған. Алайда 2024 жылы әйелдің өзінің де, бұрынғы күйеуінің де арызы негізінде қайтадан қорғау нұсқамасы шығарылды. Мәлімдемелерге сәйкес, тараптар телефон қоңыраулары арқылы бір-бірін әлденеше рет мазалаған. Полицейлер заң аясында барлық қажетті шараларды алғанын хабарлаймыз", - деді полиция өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2217512-ol-meni-qorlady-atyrau-maslihaty-deputatynyng-buryngy-aieli-prezidentke-zhugindi/