"Үш рет кездесіп, үйлендік": жуырда шаңырақ көтерген Жахан Отарғалиев келіншегімен қалай танысқанын айтты
Жарияланған күні:

Жуырда ғана шаңырақ көтерген актер Жаһан Отарғалиев келіншегімен қалай танысқанын айтып берді. Сөзінше, ол үшінші некесіне саналы түрде келген және ұнатқан жанмен үш-ақ рет кездесіп некеге тұрған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы актер журналист Зарина Мүсілімге берген сұқбатында айтты. Сұқбат барысында өнер иесі өміріндегі қиын кезеңдерді еске алған. Айтуынша, ол ажырасқаннан кейін терең күйзелісте болған және қажылыққа барған кезде Алладан өзіне жақсы жар тілеген.
Актер қазіргі жұбайымен таныспас бұрын оған бір жанашыр танысы ол туралы айтқанын жеткізді. Артынша ол болашақ жұбайын желіден көріп, онымен тілдесуге тырысыпты.
"Оның сторисіне "смайлик" жібердім. Ол да оған жүрекше басты. Амандастым да: "Күйеуге шығуға ниетіңіз бар ма?", - деп жаздым. Тәуекел жасайыншы деп осындай бір тәуекелге бардым. Ол: "Аға, қатты асығып тұрсыз ба?", - деп жауап берді. Осылайша, нөмерін алып, кездесуге шақырдым... Екінші кездескеннен кейін, жүрегімде тыныштық орнады. Болды, менің адамым деп ойладым. Екеуіміз де үлкен адамбыз, ашық сөйлестік. Бас-аяғы үш рет кездескеннен кейін, оған ұсыныс жасадым", - деп баяндады ол.
Оның айтуынша, келіншегінің екі қызы бар.
"Бірінші қорқынышым "балалары мені қалай қабылдайды?" болды. Кездескен кезде қызы: мен сізді қалай атайын деп сұрады. "Көке де", - дедім. Екеуі де қазір мені "көке" дейді", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2222156-ush-ret-kezdesip-uilendik-zhuyrda-shangyraq-kotergen-zhahan-otargaliev-kelinshegimen-qalai-tanysqanyn-aitty/