Шоубиз

Зектілері

"Жай-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын": күйші Секен Тұрысбеков Мейрамбек Беспаевқа бағалы сыйлық жасады (видео)

Жарияланған күні:

Музыкальный исполнитель Мейрамбек Беспаев
Мейрамбек Беспаев: Instagram.com / m_besbaev

Танымал күйші Секен Тұрысбеков әнші Мейрамбек Беспаевқа әйгілі шебер Эммануил Романенко жасаған домбыраны сыйға тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Атақты күйшіден әйгілі шебердің туындасын сыйға алғанын Мейрамбек Беспаев Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

"Мен сені мақтан етем, сүйем сені,

Сыймайды сөзге бірақ күй өлшемі. Есенқұл.

Иә, күйдің құдіреті сөзге сыймайды. Сол құдіретті тудыратын адамның да деңгейін, дәрежесін сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Содан болар Секен көкеме жыр арнаған Есағам осылай деген екен. Мен не дей аламын… Ес білгелі осы жасқа дейінгі арман еткен киелі аспапты қолыма ұстата салғандағы жай-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын.

Секен ағамның алғаусыз ақ ниетінің арқасында әйгілі Романенконың төл туындысы енді менде де бар. Қазақтың маңдайалды шеберлері жасаған домбыраларымның қатарына әйгілі шебердің домбырасы қосылды. Кезінде осындай домбыраға өзім құрметтейтін бір "абыз ағам" бес үйір жылқы сұрап меселімді қайтарған еді.

Лайықты-ақ бағасына іздеп таба алмай келе жатқаныма қанша жыл болды десеңізші?! Міне, енді Секен көкем батасын беріп, ақ домбыраны сыйлай салды. Мені домбыраның қадір-қасиетін біледі деп сенгеніңіз үшін, осы аспапты ұстауға лайықты деп білгеніңіз үшін өзіңізге тағы да басымды идім, ақ көке.

Көңілімді толқытып, жаз-жайлудағы ақ жауындай тағы бір шексіз сезім-қуанышқа бөлегеніңіз үшін мың алғыс. Бізді өнердегі сіздердің салмақты да салихалы жолдарыңыздан құдай айныта көрмесін. Бәріне мың тәубе", - деп жазды әнші.

Өз кезегінде желі қолданушылары құтты болсын айтып, әншіге ақ тілегін жазып жатыр.

"Керемет! Хас талантты таныған дана күйші!", "Ғажап сәт. Тарихи сәт", "Домбыра қадірін білетін азаматқа табысталды, құтты болсын!", "Керемет көрініс, сыйластық пен салихалы сәт, тарихта қалар тағылымды таспа", "Аға мен інінің сыйластығы керемет!" - деп жазған олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2225103-taba-almai-kele-zhatqanyma-qansha-zhyldar-boldy-kuishi-seken-turysbekov-meirambek-bespaevqa-bagaly-syilyq-zhasady-video/