"3-4 мың адам "отписка" жасады": отандық жұлдыздар желідегі парақшаларынан жаппай "кетіп" жатқан халықтың әрекетіне пікір білдірді
Опубликовано:

Соңғы күндері әйгілі әнші, белгілі блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшасынан халық жаппай бас тартып, олардың сәт сайын оқырмандарының саны азаюда. Жұрттың мұндай әрекетке баруына басты себеп – Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі мен марқұмның отбасындағы қайғылы жайдайларға ел танитын тұлғалардың пікір білдірмей, үнсіз қалуы болса керек. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Instagram-да ауқымды аудиториясы қалыптасқан танымал тұлғалармен сұхбаттасып, дәл осы тақырыпқа қатысты арнайы сауалнама жүргізді.
Қалың көпшілікке "Мария Магдалена" хитімен танылған Асхат Тарғын бүгінде әлеуметтік желіде өте белсенді өнерпаздардың бірі. Оның Instagram парақшасын 790 мың адам оқиды екен. Әнші ел арасында танымал адамдардың аккаунтынан бас тарту үрдісіне қатысты ой-пікірін білдірді.
"Иә, бұл жағдайды естіп жатырмыз. Танымал адамдардан, блогерлерден, әншілерден жаппай оқырмандары бас тартып жатыр. Қазіргі заманның талабына сай Instagram әншілерге де, блогерлерге де керек дүние ғой. Бұл да бір жұмыс, табыстың көзі боп қалды. Сондықтан қандай әнші, блогер болсын халықпен тығыз байланыста болу керек. Халықтың ренжуі орынды. Әншілердің, блогерлердің немесе Instagram-да танымал адамдардың бірауыз Шерзат туралы, қоғамда қандай да бір қиын жағдай болып жатқаны туралы ауыз ашпағанына халықтың реніші орынды. Менің өзім негізі осы Шерзаттың ағасы қайтыс болғанда бір пост салдым, insta-stories-ке де салдым. Бірақ оқырмандардың Instagram-нан бас тартып жатқанын кейін естідім.
Әншілерді де, блогерлерді де осы халық қой көтеретін. Қандай адам болса да өзінің Қазақстан республикасының азаматы ретінде осындай қоғамда болып жатқан түйткілді дүниелерді әлеуметтік желіге салып тұрғаны дұрыс. Әрине, ел боламын десек, жанашыр, ауызбіршілігіміз бір болу керек. "Сен тимесең, мен тиме" деп өз жөнімізбен жүре бермей, қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларды салып тұрса, жоғарыдағылар оған құлақ асса деген ой. Мен саясаткер емеспін, оппозиционер емеспін, бірақ мен халық жағындамын.
Қандай жағдай болса да, ел мен үкімет бірігіп ат салыссақ деген ой ғой. "Ой, маған бәрібір" деп айтуға болмайды. Менің мақсатым Талғардағы оқиғаны желіге салып, жақсы көріну емес. "Құдай-ай, не боп кетті? Бірінен кейін бірі... Шерзаттың өлімі, одан кейін үйі өртеніп, кейін ағасы қайтыс болды" деп шынымен де жаным ашыды, уайым болды. Ақиқатын құзырлы орган өкілдері дұрыс жұмыс істеп, анық-қанығын айырады деген ойдамыз. Талғардағы оқиға бұл қиын жағдай. Бір отбасыға сондай сынақ келіп жатыр екен, Алла жеңілдігін беріп, сабыр берсін. Еліміз тыныш болсын", - деді әнші Асхат Тарғын.
Әлеуметтік желідегі әр қадамын желіге жиі жүктейтін жұлдыздардың бірі – Өмірқұл Айниязов. Өнер иесінің Instagram-дағы оқырмандарының саны жарты миллионға жуық. Бүгінде әнші, блогерлердің парақшасынан бас тарту тенденциясы жүріп жатқанын жақсы білетін ол елге үндеу жолдады.
"Бұл қазіргі кезде өте өзекті мәселе боп тұр. Біріншіден, халық танымал адамдардың парақшаларынан бас тартып жатыр, бірақ ол жеке адамның құқығы ғой. Кімнің парақшасын оқығысы келеді, кімді көргісі, кімді қолдағысы келеді дегендей... Сондықтан халықтың жаппай әнші, блогерлердің Instagram парақшаларынан бас тартып жатқанына қарсылығым жоқ. Бірақ өз басым Instagram-ға байланып қалған ештеңем жоқ.
Әнші ретінде лайкпен, қаралыммен әншінің деңгейін бағалауға өз басым қарсымын. Бір-екі ән жазып алып, әлеуметтік желідегі лайк пен қаралым үшін мақтанып жүретін әріптестерімнің әрекетіне кішкене қарным ашады. Мен өз өнерімді оқырмандардың санымен есептемеймін. Сондықтан оқырмандарым "отписка" жасап жатыр екен деп шошымаймын да. Өйткені мен оған зәру адам емеспін, халықтың өз еркі, оған еш ренішім де жоқ", - дейді Өмірқұл Айниязов.

Сондай-ақ әнші Талғардағы трагедияға қатысты Instagram-да пікір білдірмей, не үшін үнсіз қалғанын да көпшілікке түсінідіріп берді.
"Халықтың танымал адамдардың әлеуметтік желідегі парақшасынан жаппай бас тартуының негізгі себебі – "Талғардағы 16 жасар Шерзаттың қазасына пікір білдірмеді" деген мәселе екен. Халық біздің қарапайым әнші екенімізді ұмытпау керек. Біз құзырлы органда отырып, бірдеңені шешетін адам емеспіз. Сот біздің айтқанымызды тыңдайтын дәрежеде емеспіз. Әнші – қарапайым халықтың бір мүшесі. Біз де уайымдаймыз, біз де көріп отырмыз, біз де бала өсіріп отырмыз, біз де баламыздың болашағына алаңдаймыз. Соны халыққа жеткізгіміз келеді. Екіншіден, "Ойбай, мен блогер екенмін" деп телефонның арғы жағында отырып алып, айғайлағандарға да мен өте қарсы адаммын.
Оның басы-қасында болмағаннан кейін, оның заңын бүге-шүгесіне дейін білмегеннен кейін, анадан бір естіп, мынадан бір естіп айғайлау – ол да бір мәдениетсіздік деп есептеймін. Жалпы мына Instagram деген дүниені кішкене шектесе де дұрыс болар еді деп ойлаймын. Өйткені Instagram-да, тіпті Tiktok-та мүлдем қарабайырлық, мәдениетсіз айғайлау, боғауыз сөздер, бетпақтанып айғайлау белең алған, ол мүлдем дұрыс емес дүние. Сондықтан қазақ еліне тек қана сабыр тілейміз. Шулы оқиғаның соңы дұрыс болғанын біз де қалаймыз, біз де соны күтіп жүрміз. Кінәлі адамдар өзінің тиісті жазасын алса екен, әділетсіздік болмасын дейміз", - деді әнші.
Ел танитын адамдардың парақшасынан жаппай бас тарту үрдісі Instagram-да ауқымды аудиториясы бар белгілі блогерлерді де бей-жай қалдырмаған. Мәселен, жеке аккаунтында 866 мыңна астам оқырманы бар инста-жұлдыз – Ақмарал Елшін халықтың мұндай әрекетін түсіне алмай әлек. Ол соңғы кездері оқырмандарының саны күн сайын кеміп жатқанын растап отыр.

"Иә, менен бір 3-4 мың адам "отписка" жасады. Бірақ ең бастысы – мен оған уайымдамаймын, әрине. Керек адамдар онсыз да тауып, парақшама жазылады. Елімізде болып жатқан қандайда бір жағдай болмасын, онымен айналысатын арнайы мекемелер, құзырлы органдар, заң өкілдері бар. Біз қанша блогер болсақ та, әркім өз жұмысымен айналысу керек қой. Мысалы, менің заңға дым қатысым жоқ. Сондықтан мен қатысым жоқ нәрсеге не деп араласамын? Соны ойлаңыздаршы. Ал оқырмандар блогерлерден "отписка" жасап жатыр. Адамдар бір-біріне қарама-қайшы келіп, бір-бірінің арасына от салып жатыр ма, мен соны түсінбедім.
Әркімнің сана-сезімі өзінде ғой, өз бастары бар. Бірақ ертең қандай жағдай болса да сот, заң бәріне ортақ. Отырып алып, "былай істе, осылай істе" деп айтатын, шешім қабылдай салатын біз судья емеспіз, біз заң өкілі емеспіз. Біздің айтқанымыз бола салатын адам емеспіз ғой. Егер шынымен Шерзат марқұмның отбасына пайдамыз тисін, жақсылық тисін десек, тек қана бір Алладан сұрау керек. Алла деген әділетті ғой, әділетті шешім қабылдайды. Мысалы, ашық сот болады деп жатыр. Сондықтан бір-біріне айтақтап, у-шу шығарғанша, тып-тыныш әділетті шешімге сеніп, арнайы заң өкілдеріне тапсыру керек. Ең бастысы қазіргі жағдай тынышталып, әділетті шешім қабылданып, бәрі дұрыс, еліміз тыныш болса екен", - дейді блогер Ақмарал Елшін.
Сонымен қатар соңғы уақытта болып жатқан жағдайларға қатысты белгілі әнші Серік Ибрагимов те пікір білдірді. Ол Instagram-дағы парақшасында ойын бөлісті.

"Біздің әңгімемізді бұрында тыңдамаған, қазір де тыңдамайды! Карантинның алдында, карантин кезінде әнші, актер, блогер жаман атқа қалып, сол карантинді, басқада жаман дүниенің бәрін жасаған біз сияқты көрінген едік. Қазірде солай болып тұр ғой! Әйтпесе қазір қолында тұрғой эфирі сол жерден қайта-қайта айтып, абыройдың бәрін өздері алсын. Сосын қолында ұялы телефоны бар, әлеуметтік желісі барлардың бәрі халық жанашыры ғой! Бұл жерде кінәні кішкене аты бар танымал адамнан емес, осындай бишара күйге түсірген заңнан іздеу керек! Негізі бұл мемлекеттің ойыны! Халықтың назарын басқа жаққа бұру!
Бізге керек емес заңдар қабылданып жатыр! Теңгенің құлдырауы, газдың тапшы болуы, жылдамдық үлкен трассада 110-ден аспауы, керек емес бағдарламаның қаптап шыға беруі, қазақ тілі мәселесінің мүшкіл күйде екені, мектептерде ұстаздардың құқығы қорғалмауы айта берсең көп… Бұл жерде кішкене ойланып барып кірісу керек. Ел іргесін ыдырататын қара пейілді адамдардың жоспарын да орындалуына да ат салысып кетуіміз мүмкін. Кешегі қаңтардағы оқиғаны бір ойлап қойсаңыздар болады. Әрине, марқұм Шерзаттың отбасындағы жағдай өте қиын, Алла жеңілдік берсін! Дұға да болайық тілетес болайық! Әділдік орнасын", - деп жазды өнер иесі.
Айта кетейік, дәл осы өзекті тақырыпқа қатысты танымал әнші, блогерлер арасында KAZ.NUR.KZ тілшісі жүргізген арнайы сауалнама елге белгілі 20 жуық адамның арасында жүргізілді. Алайда көбісі журналистің сұрағын жауапсыз қалдырса, кейбір әртістер бұл мәселеге пікір білдіруден бас тартатынын ашық айтты.