jitsu gif branding logo appbranding logo app

    Әнші Наркенже Серікбаева филармония басшысынан қысым көргенін айтты: мекеме директоры жауап берді

    Наркенже Серікбаева
    Наркенже Серікбаева. Видеодан кадр: instagram.com/narkenjeserikbaeva

    Танымал әнші Наркенже Серікбаева желіде өзі қызмет ететін Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның директорынан қысым көргенін айтып, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтен көмек сұрады. Бұған қатысты филармония басшысы жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Әнші Наркенже Серікбаеваның сөзіне сенсек, ол филармония басшысы Ғалымжан Ерназаровтың тарабынан қысым көріп келеді.

    "Маған "концертке қатыспайсың, киімің жоқ" деп, махаббаттары жайында әңгіме айтып, ұят та болса айтайын, "менің алдыма келіп отыр, мен сені иіскеуім керек" деген әңгімелердің бәрінен өтіп келе жатырмын. Құрметті әкім мырза, осының бәрін қолға алуыңызды өтінемін. Мен онымен махаббат құрмағаным үшін және филармонияда не бар, не жоқ екенін, шындықты айтқаным үшін көріп келе жатқан қысымым бүгін шегіне жетті. Соңында мені сахнадан шеттетті. "Болды, сенің киімің жоқ, қатыспайсың" деп, барша жұмысшылардың көзінше айқайлап, ар-намысыма тиді", - дейді Наркенже Серікбаева.

    Айтуынша, сол мекемеде 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, сол жерден зейнетке шыққысы келеді.

    Әншінің желіде жариялаған жазбасына сүйенсек, филармония ұжымы шілдеде Испанияға концерттік бағдарламамен барады. Наркенже Серікбаева сол жаққа барарда киім мәселесін реттеп беруді сұрағанын айтады. Алайда бұл сөзі филармония басшына жақпай қалған көрінеді.

    "Бүгін басшымыз Ғалымжан мырза маған филармония концертіне шықпайсың деп талап қойып отыр. Неге ? Не үшін? Жеке кеш беріп ел аралап жүрген мен шықпағанда кім шығады?", - деп ашынды әнші.

    Желіде тараған видеоға қатысты бүгін, 24 маусымда Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония директоры Ғалымжан Ерназаров пікірін білдірді.

    "Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видео бойынша мен де өз жауабымды бергім келеді. Мен отбасылы азаматпын, анам бар. Маған және отбасымның атына қара күйе жағылуда. Бұл мәселеде мені де заң қорғайды деп ойлаймын. Сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлық әлеуметтік желілерде жария етеміз", - деді Ғалымжан Ерназаров.

    Филармония директорының айтуынша, Наркенде Серікбаеваның "жұмыстан шеттетіп жатыр" деген сөзі шындыққа сәйкес келмейді.

    "Сіздер оның әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлде жұмысқа келмейді. Біздің қателігіміз – жұмыста болмағаны үшін қызметінен босату керек болғанда да жанашырлық танытқанымыз еді", – дейді ол.

    Сондай-ақ ол филармония директоры қызметін атқаруға мамандығы сәйкес келетінін айтты. Оның сөзінше, шетелге іссапар Астана күнін атап өту мақсатында ұйымдастырылған. Ол ресми негізде жүзеге асады: елші хаты, басқарманың рұқсаты болады.

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.