Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде қатерлі дертке шалдыққандарды Құранмен емдейтін әжейді іздеп келетін адамда шек жоқ

Опубликовано:

Залуба Магомадова Ақтөбе қаласынан 75 шақырым жердегі Шибаловка ауылында тұрады. Дәрігерден ем таба алмаған науқастар осы Залуба әжейдің үйін жағалайды. Оның науқастарды Құранмен емдейтін қасиеті бар. Емшінің үйінде NUR.KZ тілшісі болып қайтты.

Алақанын жұмған кезде жұдырығында арабша жазу секілді тармақтар пайда болады. Өзінің айтуынша, оның бірінде «Аллах» сөзі, екіншісінде Құран аятының аты жазылған.

«Менің ерекшелігім - осы екі қолым. Бұл Алланың маған берген құдіреті шығар. Қолыммен сипап, Құран аяттарын оқыған кезде қолым қыздырып, ем береді. Өзімді өзім емдей беремін.  Дәрі де ішемін. Арабша оқу білетіндерге оқытарсыз», - деп кейуана екі қолындағы жазуды суретке түсіруге рұқсат берді.

Оған емделушілерінің бірі екі жағында жазуы бар тұмарды Меккеден сыйлыққа әкелген.

«Мен ем жасауды 16 жасымнан бастадым. Ең бірінші баламды емдедім. 14 жасымда тұрмысқа шығып, 16 жасымда балалы болдым.  Айдалада тұрамыз, кішкентай балам ауырған кезде қайда барарымды білмей, биссимилямды айтып, Құран аяттарын оқып, қолыммен сипап емдедім. 7 бала өсірдім», - дейді  Залуба Магомадова.

Ақтөбеліктердің арасында облыстық жедел жәрдем ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыр жағдайда түскен науқастарға емші әкелінеді деген сыбыс бар. Залуба Магомадова бұл әңгімені растап отыр. Ол аурухананың жансақтау бөліміне бірнеше мәрте кіріп, көп адамды өлімнен арашалағанын айтады.

«Ауруханаға адамдардың өздері алып кетеді. Дәрігерлермен сөйлесіп, өздері кіргізеді. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан адамдарды аяғына тұрғызғанмын. Көмектесе алмасам, бірден айтамын. Ем қонатын болса, мен сипағанда ол белгі береді. Жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне бірнеше рет бардым. Қатерлі ісік ауруымен өмірмен қоштасып жатқан адамдар аяғынан тұрды», - дейді емші.

Емші адамдардың химия алмағаны дұрыс деген пікірде. Ол миды кептіріп, адамның ағзасын өлтіреді екен.

«Бірде мынадай жағдай болды. Қатты дертке шалдыққан адам 17 рет химия алып, өліп кеткен. Үйіне қайыр айтып келіп жатқандар есіктің алдында тұрды. Балалары мені үйіне апарды. Аузын ашып қарағанымда,  тілі артқа қарай кетіп бара жатыр екен. Тамыры соғып тұрған жоқ. Аузына екі бармағымды салып едім, тілі бері қарай шықты. Аздан соң есін жинады. Екі апта бойы қатынап, Алланың қалауымен емдеп шығардым. Қатерлі ісікке шалдыққан дәрігер де алдыма тізерлеп келді. «Дәрігерлер ауыра ма екен?» деп оларды күлдірем. «Біз адам емеспіз бе, сіздің көмектесіп жатқаныңызды көріп тұрып қалай сенбейміз?! Сіз туралы көп естідік» деп келеді. Аққанмен ауыратын адамдарды емдеп шығардым», - дейді емші.

Залуба әжейді іздеп шетелден, басқа облыстардан да адамдар көп келеді екен. Германиядан, Ресейден, Кавказдан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облысынан ауыр дертке шалдыққандар тұрақты келіп тұрады. Әжей ем алуға қарапайым адамдармен қоса, лауазымды қызметкерлердің келетінін айтады. Олардың қатарында әкімдер де бар.

 

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1017733-qaterli-dertke-shaldyqqandardy-quran/

pixel