Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дінтанушы 9-шы сыныпты бітірген қыздардың тоқалдыққа кетіп жатқанына алаңдады

Опубликовано:

Ақтөбеге исламтанушы Арман Қуанышбаев келді. «Қоныс» спорт сарайында кездесу өткізген оны төрт мың мұсылман ұйып тыңдады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Қауіпсіздіктің сақталуы мақсатында ғимаратты тәртіп сақшалары да күзетті. Кездесуге ақ жаулықты анадан бастап, балаларын құшақтаған аналар да келген. Үлкен спорт сарайын лық толтырған жамағат мұндай кездесу өткізуге мұрындық болған облыстың өкіл имамы Нұрлан Байжігітұлына алғыстарын білдіріп жатты.

Исламтанушыны екі жарым сағат тапжылмай тыңдаған жамағат 1200 сұрақ жолдаған. Оның маңыздыларына тоқталып жауап берген Арман Қуанышбаев исламдағы әйелдер мәселесіне алаңдайтынын білдірді.

Әйел адамдардың қоғамға араласуы мен ғылым қууы туралы айтуды өтінгендер көп болды.

«Әйел мәселесін айтайын... Жұбайыңыз жүкті болса, әйел дәрігер іздейсіз. Жалған ба? Өткенде бір жігіт әйелінің құлағы ауырып, ер дәрігерге көрсеткенін айтты. Ол «оның шашын көріп қойғаны үшін қызғанамын» дейді. Ал, егер қызғансаңыз қызыңызды, әйеліңізді дәрігерлікке неге оқытпайсыз? Әйелдеріңді қызғанғанда алдарыңа жан салмайсыңдар, онда оларды оқытыңдар, кәсіп беріңдер», - деді Арман Қуанышбаев.

Әсерлі әңгімесімен талайды жылатып жүрген ұстаз қазақ қыздарының тағдырына алаңдады.

«Құдай сақтасын, бірақ, Қазақстанның кейбір өлкелерінде қыз баланы 15 жасынан күйеуге беріп жатыр. 9-шы сыныпты бітірген бойдан тұрмысқа береді. Бір қыз бала айтады: «Балиғат жасқа келдім, орамал тағып, намаз оқиын десем, қорқамын. Себебі орамал тақсам маған «браттар» келеді. Мамама қызыңды оқытып не қыласың, онан да маған күйеуге екіншіге, үшіншіге бер деп сұрайды», - дейді қарындасымыз. Сонда бере ме десем, «беретін шығар» дейді. Қорыққанынан бере ме? Не болады ол? Әлде ата-анасы да сондай пікірде ме?»,- дейді исламтанушы.

Ұстаз кездесу кезінде жас қыздарды төртінші, бесінші әйел қылып алатындардың  4-5 әйелге талақ айтып тастағандарын жасырған жоқ.

«Мақұл, ол әйелді алып бағын ашсын, бірақ, ойлаңызшы ажыраспай жатыр ма солар? Сол жігіттердің көпшілігі 4-5 қатын қоя бергендер. Әсіресе, жастардың аузынан «талақ» деген сөз лып ете қалады, зу етіп шығады, оңай. «Ассалаумағалайкум» деген сияқты шығып кетеді. Екіншісі де «уа алейкум ассалам» дегендей қағып алады. Сондықтан бауырлар, ондай бір адамның тағдырын бұзуды қоя тұрайық. Әйелдің мәселесі үлкен», - дейді Арман Қуанышбаев.

Ақтөбеге бірнеше күнге келген Арман Қуанышбаев бүгін облыстық  мешітте жұма намазға қатысты.  Сонымен қатар, бірнеше аудандарда кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Қосымша оқи отырыңыздар: Тест NUR.KZ: Cіз кімнің ұрпағысыз?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1088259-dintanushy-9-klass-bitirgen-qyzdardynh-t/

pixel