Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

30 жылдан кейінгі Чернобыльдың кейпі қандай

Опубликовано:

1986 жылы 26 сәуірде апат болған Чернобыль атом электр станциясының (АЭС) аумағына жақсы ақшаға бола келген бұрынғы милиционер Василий Сокиренко бостандыққа жеткенін айтады. Ол жердегі бүгінгі тіршілікті Азаттық фотогалереясынан көріңіз.

Апат болған Чернобыль атом электр станциясының (АЭС) 30 жылдан кейінгі көрінісі.

Апат болған ядролық реакторға жақын маңдағы иен қалған қалалар мен ауылдарға қазір туристер келіп, ол маңды суретке түсіреді.

Чернобыльдегі жолбасшы Владимир Егоровтың айтуынша, шашылып жатқан бұл газтұтқыны қуыршаққа апаттың қорқынышты кейпін суреттегісі келген бір "суретші" кигізіп кеткен.

Иен қалған балалар лагерінің қаңқасы.

Бұл үйде Чернобыльге апат болған соң қоныстанған 160 адамның бірі Василий Сокиренко тұрады.

Бұрынғы милиционер Василий Сокиренко Чернобыльге әуелі 1990 жылы келген. Ол мұндағы екі есе көп айлыққа қызыққан.

"Бесінші қабаттағы пәтерде көшенің шуын естіп отырдым" дейді Василий Сокиренко. Ол "ішу мен теледидар көруден өзге жұмысы болмаған соң" Чернобыльге қайтып келгенін, содан кете алмағанын айтады.

Ол қаладағы таныстары мен биліктегі адамдардың арқасында бұл жерге оралуға рұқсат алған. Бірақ қазіргі тұрып жатқан үйі өзінікі болмаған.

Василий Сокиренко иесіз қалған үйлерді аралап жүріп, көкөніс пен гүл егетін және ара бағатын ауқымды жері бар осы үйді таңдаған.

Василий үйдің қазір Қырымда тұратын иелері бірде ескі қоныстарын көруге келгенін айтады. "Ешбір дау-дамай болған жоқ. Олар керісінше менің тұрып жатқаныма қуанды" дейді Василий. Өзі болмаса, үйдің бұған дейін қирап қаларын айтқан ол омартасын тексеріп жүр.

Василий радиация туралы ойлай бермейді. "Аумақты тексердік, бәрі таза. Жеген нәрсемді тексеремін, бәрі дұрыс" дейді ол.

Бірақ оның даладағы ваннада өсірген балығын тексеретін ештеңе жоқ.

"Мен мұнда еркінмін. Жаз шыға бақша гүлдеп, менің бұл жерге не үшін оралғаным айдан анық болады", - дейді Василий. Біз онымен қоштасып, апат аймағынан кетер кезге дейін оның бұл сөзі нанымды естіледі.

Чернобыльге келген әр адамның қорқатын сәті - осы. Жолбасшы Дмитрий Кольчинскийді (сол жақта) радиация жұқтырған-жұқтырмағанын тексерген кезде дабыл белгісі қосылды. Жыпылықтап тұрған қызыл шам оның кеуде тұсында радиация барын хабарлады. Ол кеудесіне таққан белгіні шешіп тастап еді, дабыл да тыйылды. Бірақ Дмитрий үрейленіп, қайтар жолда әйеліне телефон соғып, "жаңа киім дайындап қойшы, баламның жанында мұндай нәрсе болмасын" деді. Василий сияқты адамдар қаншама қауіпсіз деп иландырып бақса да, Чернобыль радиациядан әлі айықпаған.

1986 жылы 26 сәуірге ауған түні болған апаттың зардабын жоюға қатысқан Чернобыль АЭС-інің үш инженері 30 жыл өткен соң станцияға оралды. Аркадий Усков пен Алексей Бреус бұрын да бірнеше рет келген, ал Александр Черанев өзінің бұрынғы жұмыс орнынан 30 жыл ішінде бірде-бір рет келмеген. Азаттық тілшілері инженерлермен бірге жарылған 4-реактордың жанында орналасқан 3-блоктың басқару тақтасына кірді.

Александр Черанев 30 жылдан кейін өзі бұрын аға инженер болып жұмыс істеген турбинаны басқару пультіне бірінші рет бас сұқты. 1986 жылы 26 сәуір күні оны үйінен станцияға таңғы сағат бесте шақырған. "Есіме түсіргім келмейді. Сол күні апат зардабын жоюға кіріскенімізді емес, кейіннен достарымыздың өле бастағанын есіме алғым келмейді", - дейді ол.

Чернобыль АЭС-інің "алтын дәлізі". Бұл дәліз барлық блоктарды, соның ішінде жарылған 4-бөлімді де басқа блоктармен жалғайды.

3-блокты (БЩУ-3) басқару тақтасы.

Блок 2000 жылы толық тоқтатылған, сондықтан мұндағы жабдықтардың көбі өшіп тұр.

Сельсиндер. Бұл құралдар "жұтушы діңгектердің" белсенді зонаға қаншалықты терең батырылғанын көрсетеді. Олар - реакторды басқару кезінде негізгі қызметті атқаратын құрылғылардың бірі.

РБМК реакторы "діңгектерінің" орналасу реті жарылысқа себеп болған.

Алексей Бреус апаттан соң блокты басқаратын таңғы ауысымның аға инженері болған. "Атомшылар үлкен жұмыс атқарды. Сутегі жарылысын болдырмау үшін жабдықтағы тетіктерді бұрау керек еді. Сол жұмысты атқарған оператор қаза тапты", - дейді ол.

Александр Черанев "көп нәрсені ұмытып қалыппын" дейді.

Ауысым басшысы отыратын жердегі блоктардағы жұмысты бақылауға мүмкіндік беретін монитор.

Аркадий Усков Чернобыль АЭС-інің 1-блогында жұмыс істеген. Бірақ оны түнде жарылған 4-блок қызметкерлеріне көмекке шақырған. Ол реакторға су айдайтын құбырларды өз қолымен ашқан. "Алдымда үңірейген шыңырау жатқандай болды, будың ысылдаған қысымы білінді, тіктеп қарауға жан шыдамайтын жағдай, бірақ тастап тағы кете алмайсың", - дейді ол.

Блокты басқаратын аға инженердің жұмыс орны.

Блокты басқаратын аға инженердің жұмыс орнында тұрған, қызметкерлермен хабарласатын телефон.

"Соңғы түймені мен 26 сәуір күні кешкі сағат 16:00-де бастым. Ол 4-блоктағы оператор басқан ең соңғы кнопка болды".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1112902-30-zhyldan-keyingi-chernobyldynh-keypi-qa/

pixel