ОҚО-да бала көтермеген әйелдер Баба түкті Шашты Әзізден көмек сұрауда
Жарияланған күні:
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі жұртшылық үшін етене таныс. Бұл киелі орынға жамағат көбіне бала сұрап келеді екен.
Құрсақ көтере алмай, балаға зар болып жүргендер осы кесенеде тағзым етіп, Алла тілегін қабыл еткен жайттар да аз емес. Қасиетті мекеннің тарихы неде? Оның ел біле бермейтін тағы қандай тылсым қасиеттері бар? Бұл сұраққа жауапты NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісі іздеп көрді.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданында орналасқан қасиетті кесене Жылыбұлақ маңында орналасқан. Кесене ғимараты іргетас үстіне күйдірілген кірпіштен қаланған. Оның әрбір кірпішінің өзі қасиетті деседі аңыздарда.
Сонау қиын-қыстау замандарда бұл маңға поляктар көптеп қоныстаныпты. Содан бір күні поляк халқының беделділеу азаматы осындағы жергілікті бір кісіге монша салуды тапсырады. Ол кезде кірпіш деген жоқ. Содан жергілікті тұрғынға Баба түкті Шашты Әзіз кесенесінің кірпіштерін алуды бұйырады.
Әйтпесе тұрғынның баласын өлтіріп, өзін елге «халық жауы» ретінде танытамын деген поляк азаматтарының бұл бұйрығына жергілікті тұрғын амалсыздан көндігіпті. Алайда кесененің бір бұрышын құлатқан оның екі қолы қалтырап қалған.
Қасиетті орынның шырақшысы Айбол Молдабеков аталарынан естіген аңыздарында кесене кірпішінен салынған моншада тазалануға келген үш поляк азаматы өртеніп, о дүниелік болып кеткен дегенді естіген екен.
Жалпы Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі бағзы заманнан бері жұртшылық табынып, жауға шапқанда ұрандататын киелі орын болған. Тіпті Қажымұқанның өзі әрбір күш додасына аттанбас бұрын осы орынға келіп, «Баба түкті шашты Әзіздің рухы қолдай гөр» деп сыйынған екен.
Шырақшы Молдабеков Олимпиада чемпионы, боксшы Бақтияр Артаев әлем алдында ел намысын қорғау үшін жолға шықпас бұрын осы кесене басына келіп, дұға етіп кеткен дегенді айтты. Демек, бұл ниеттеніп келушілерге жігер беретін орындардың бірі болып отыр.
Шырақшының айтуынша, тағы бір аңыз бар: кесенеге келушілердің бәрі бірдей дұға ете алмайды. Қара ниетті адамдарыдң көзіне жылан көрініп, үркітіп, ішке кіруіне тосқауыл болады.
«Былтыр болған мына жағдай есіме түсіп отыр. Кесене ауласындағы үйлердің бірінде жөндеу жұмыстары жүрген болатын. Қабырғасы әлі түгел реттелмеген оны бір қыз суретке түсіріп кеткен екен. Оны біз байқамағанбыз. Мақсаты киелі баба маңы қараусыз деген секілді пиғылмен түсірген суретін ғаламторға жарияламақ болыпты. Алайда туған жеріне жеткен бойда әлгі қыз сырқаттанып, аузы қисайып, ауруханадан бір-ақ шығыпты. Оны бізге бір әйел азаматы айтып келді. Міне, көрдіңіз бе, қасиетті орынның құдіреттігі қандай?», - деді шырақшы.
Тағы бір атап өтерлігі, кесене маңында бұлақтан су ағып тұрады. Жанында шағын көлшік бар. Ниеттеніп келушілер бұлақтың суын ішіп, көлшікке жуынып, дертіне ем сұрайды.
2006 жылы дәрігерлер дертіне ем таппаған соң өмірден күдері үзілген семейлік тұрғын балаларымен қоштасып, бақилық болуға кәдімгідей дайындалыпты. Өзгелерден осы кесене туралы естіп, жиырма алты күн бойы жаяу жүріп келген екен. Бір айдай бұлақтың суын ішіп, кесене басында дұға еткен ол дертінен сауығып, еліне аман оралған.
Қасиетті кесененің тағы бір басты қасиеті - құрсақ көтере алмай, балаға зар болғандардың тілегін қабыл етеді. Шырақшы Айбол Молдабеков Баба түкті Шашты Әзіздің бұл қасиетті туралы өзі көзбен көрген талай жайттарды айтып берді.
«Қателеспесем, былтыр ғой деймін. Бізге Қызылордадан бір әйел азаматы келіп, баба рухына құран бағыштап кеткен еді. Ол қаншама жыл бойы Алладан тілеп, алғаш рет құрсақ көтерген екен. Арада он алты жыл өткен соң әйелдің түсіне ақ сақалды, таяқ ұстаған қария кіріп, «Қызым, он алты жыл бұрын менің мазарыма келіп дұға етіп кетіп едің. Мені ұмытып кеткенің қалайша?» деп аян беріпті. Содан ол осында келіп, ас берді», - деді шырақшы.
«Тағы бір жағдай, былтыр Жаңатастан егде жастағы бір кісі келінін алып келген болатын. Келіні жүкті, ішіндегі баласы сегіз айлық. Қатты науқастанып, дәрігерлер өтінде тас бар деп диагноз қойған. Ақ халаттылар ота жасамаса болмайды деп іштегі баланы аман алып қала алмайтынын айтқан. Келіні кесене басындағы бұлақтан су ішіп, жанындағы көлшікке шомылып сыйынған ғой. Ота жасалады деген күні тексеруден өтсе, өтіндегі тасы өздігінен жоқ болып кеткен. Бәрі аң-таң болыпты», - деген шырақшы «Алла алақан жайып, сұрағандарға бермей қоюға ұяламын дейді ғой. Ниет түзу болса, Алла қабыл етері сөзсіз» деп сөзін түйіндеді.
Айтпақшы, қасиетті мекенге кәсіпкер азаматтар демеушілік жасап, шырақшы мен келушілер үйін салып берген.
Бүгінде елге белгілі азамат Тимур Құлыбаевтың әкесі өз қаржысына кесене жанындағы шырақшы үйін салып беріпті. Шырақшы Молдабековтің айтуынша, елбасы Назарбаевтың құдасы Асқар Құлыбаевтың бала күнінде ақ сақалды қария ақ боз атқа мінгізіп, «жағдайың жақсы болады» деп батасын берген көрінеді.
Осы ретте айта кетейік, кесене басына күніне жүзден астам ниет етіп келуші зиярат етіп кетеді. Басым көпшілігі қазақстандықтар болғанымен, көршілес Қырғызстан мен Ресейден де келушілер саны аз емес. Тіпті сонау Англиядан да арнайы ат басын бұратындар бар.
Шырақшы ресейлік туристермен өзі арнайы сұхбаттасқанында олар Қазақстандағы мұндай киелі орындарды аралау арқылы рухани тазарып қалатынын алға тартыпты.
Баба түкті Шашты Әзіз киелі орнында бір үйлі мазар мен мұражай бар.
Тағы да оқыңыздар:
Қаражаттан қысылған қазақ қыздары "қалталы спонсор" іздеуге кірісті
Қарағанды облысында қоқыс жәшігінен жаңа туылған нәресте табылды (фото)
Атыраулық имамдар Алладан елді әбігерге салған нөсерді тоқтатуды сұрап, дұға оқыды (фото, видео)
ОҚО-да таксиге мінгеннен кейін жоғалып кеткен студент қызды көрген куәгер табылды
Оралда жыныс мүшесін балаларға көрсетпек болған азғын ұсталды
Дінтанушылар қазақ жігіттерінің арасында гейлердің көбейгенін айтып, дабыл қақты
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1131903-oqo-da-bala-kotere-almay-zar-bolghan-aye/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.