Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәрігерлер жүрекке отаны қалай жасайды? (фото +18)

Опубликовано:

Олар - бейбіт күннің батырлары. Олар күнделікті адам өмірін ажалдан арашалап, ешкімге жар салмай-ақ, ерлік жасайды. Ортамызда жүрген хирург мамандардың өмірі - мүлде бөлек әлем. Әсіресе, адамның ана құрсағына біткен сәттен бастап соғатын жүрегін тоқтатып қойып, оған ота жасайтын кардиохирург мамандардың ісі - нағыз ерлікке пара-пар екеніне дауласу қиын.

Ескерту: Жүрегі әлсіз адамдарға мақаланы оқуға кеңес бермейміз.

NUR.KZ порталының тілшісі адам бойындағы ең басты орган – жүрекке ота жасайтын кардиохирургтердің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Алматы қалалық кардиология орталығы тұрғындарға тәулік бойы шұғыл көмек көрсетеді. Мұндағы мамандар күн-түн демей қызмет бабында. Орталық директоры Алмат Қодасбаев хирургтердің дамылсыз қызметін басқа ешқандай мамандықпен салыстыруға келмейтінін айтады. Осы орайда, дәрігер бір әріптесінің хирург дәрігерлердің адал еңбегі туралы айтқан ойымен бөлісті.

«Демалыс күні болатын, әдет бойынша науқастың жағдайын білуге жұмысқа келгенмін. Бір әріптесімді шұғыл ота жасауға шақыртып алыпты. Ал, оның үйіне құдалары келіп жатыр екен. Дәрігерлік антына адал болғандықтан ол кісі адам жанын бірінші кезекке қойып, бәрін тастап жұмысқа келді. Сол арада сөзден сөз шығып, хирург дәрігерлердің жұмысы туралы сөз қозғадық.

«Қолынан іс келетін хирургтер тура полиция сияқты күн-түн демей жұмыс істейді. Бір қызығы, полицияға жеңілдіктер қарастырылған. 45 жаста зейнетке шыға алады. Қызметтік көліктері бар. Ал, хирургтер ешкімге өзінің еңбегін міндетсінбейді. Осы күнге дейін «бізге неге жеңілдіктер жоқ», «зейнет жасын азайтыңдар» деген бір хирургті естімеппін», - деп еді әріптесім. Сол сөзімен мен де келісемін. Оларды ешқандай маман иелерімен салыстыруға келмейді», - дейді Алмат Қодасбаев.

Бірінші ота блогында 36 жастағы келіншекке жүректің митральді қалқаншасын ауыстыру отасы жасалады. Отаны мекеме директоры Алмат Қодасбаев мырза және кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Сұрашев Нұрсан қолға алған.

«Қазір ота жасалатын науқастың жүрек қалқаншасы 0,8 см болып тарылып қалған. Соған протез қалқанша саламыз», - деп түсіндірді мән-жайды дәрігерлер.

Кардиохирург келгенше мамандар науқасты отаға дайындап қояды. Науқасқа анестезия салып, көкірек тұсын ашып, жүрек соғысын тоқтатып, қан айналымын демеуші құралға қосады. Жүректің митральді қалқаншасын ауыстырып, протездеу отасы екі-үш сағатқа созылады.

Хирургтердің әр минуты санаулы. Бізбен болған аз-кем сұхбаттан соң, Алмат Қодасбаев киімін ауыстырып, ота блогына бет алды.

Мұнда келе сала екі  қолын шынтағына дейін жуып, дезинфекциялады.

Талапқа сай, хирургтерді санитар қызметкер киіндірді.

Стерильді құрал-жабдықтар тұрған мына үстелге мүлде жақындауға болмайды.

Мұнда радиодан баяу музыка ойнап тұрды.

Жоғарыда айтқандай, бас дәрігер келгенше мамандар науқасты отаға дайындап қойыпты.

Ота жасалатын науқастың жанында кардиохирургтерден басқа оның екі ассистенті, анестезиолог, перфузиолог, УЗИ маманы, екі мейірбике, екі санитар маманы, жедел зертхана мамандары бар.

Науқас ота блогының дәл ортасында арнайы аппаратқа қосулы жатыр. Оның қанайналым жүйесін перфузиолог-дәрігер қатаң бақылап отыр. Маманның міндеті - жүрек тоқтап тұрғанда қанайналымын демеуші аппараттың жұмысын реттеу.

Жедел лаборатория мамандары минут сайын науқастың қанынан талдама жасайды. Оның нәтижесіне қарап, анестезиолог дәрігер науқастың жай-күйінен хабардар болып отырады. Қажет жағдайда емшара тағайындайды.

Осы сәтте Алмат Қодасбаев және Нұрсан Сұрашев науқас жүрегінің митральді қалқаншасын алып, оның орынына қалқаншаның биологиялық протезін салды.

Бір жарым сағатқа жуық уақыттан соң, хирургтер өз жұмысын аяқтады. Дәрігерлер тоқтап тұрған жүректі қайтадан іске қосты.

Алмат Қодасбаев мырзаның айтуынша, мұнда күніне 3-4 науқасқа ота жасалады. Орталық директоры ота аяқталысымен өзін күтіп тұрған басқа да шұғыл шаруаларға аттанды. Ал ары қарайғы әңгімемізді қаланың бас кардиохирургі Нұрсан Сұрашевпен жалғастырдық.

«Біздің жұмыс күніміз таңғы алты жарымда басталады. Сағат жетіде біз бірінші науқасқа ота жасаймыз. Ол сағат тоғызға дейін жалғасады. Екінші отаға науқасты тоғыздан бастап дайындайды. Ол он екіге дейін жалғасады. Осылайша күніне үш-төрт ота жасаймыз. Ал, кешкі сағат жетіде бөлімшеде жиналып, ертеңгі отаға баратын науқастарды талқыға саламыз. Біздің орталықта көбінесе шұғыл көмек көрсетіледі. Жедел түрде ота жасайтын жағдайлар түнде жиі болып тұрады. Аптасына екі-үш рет түнде жұмысқа шақыртатын сәттер бар. Келіп түскен науқастың жүрегі тоқтап қалған жағдай кездесіп жатады. Сондай кездерде біз жүрегін қайтадан оталдырып, тамырларын ауыстырып, өмірін сақтап қалуға тырысамыз. Күнделікті жұмысымыз осындай. Бала-шағамызды кей күні көрмейтін кезіміз болады. Олар ұйықтап жатқанда келіп, таң бозынан жұмысқа кетеміз. Демалыс күндерімді балаларыма арнауға тырысамын», - дейді дәрігер.

Өмір бойы соғып келе жатқан жүректі бәр сәтте тоқтатып, оны кесіп, қайта тігу нағыз батылдықты талап етеді. Ал резеңке қолғаппен ұсақ тамырларды жалғау бәрінің бірдей қолынан келе бермейді.

"Хирург" десе қорқатынымыз рас. Шындығында, олар адам тәнін тегінен тегін пышақтамайтыны белгілі. Олар керісінше, үйіне аман-есен оралғанға дейін әр науқастың тілеуін тілейді. Қиын да қызық маман иелерінің бір күні осылайша бірнеше адамның өміріне араша түсу үшін арпалыспен өтеді екен.

Материалды дайындауға көмектескен Алматы қалалық кардиология орталығына алғыс білдіреміз

Тағы оқыңыздар:

«Манчестер Юнайтед» тарихындағы ең үздік 10 сұрмерген

Тәжікстанда ана тілін дұрыс білмейтін шенеуніктерге тәжік тілін қайта оқытып жатыр

БҚО-да оқушысына әлімжеттік жасаған мұғалім сотталды

Жамбыл облысының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан сал болып қалды

Үндістанда төрт аяғы бар ерекше сәби дүниеге келді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1383986-khirurgtinh-bir-kuni/

pixel