Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бизнес класс жолаушыларына қызмет көрсететін стюардессаның бір күні (фото)

Опубликовано:

Стюардесса қыздардың жұмысы бір қарағанда оңай сияқты көрінеді. Күлімсіреп жүріп, борттағы жолаушыларға ас таратуда тұрған еш қиындық жоқ дерсіз. Алайда бұл мамандықтың қызығы мен шыжығы жетерлік.

NUR.KZ оқырмандары еліміздің ең әдемі стюардессасы деп тапқан Air Astana әуе компаниясының бортсерігі Әсем Кәкен осы мамандықтың бар құпиясымен бөлісті.

Стюардесса болу үшін жұмыс уақытының бірқалыпты болмайтынын ескеру керек.

«Жұмыс күніміз әрқалай басталады. Күніміз түнге, түніміз күндізге ауысып жатады. Ел ұйқыға жатқанда біз жұмысқа жиналамыз, немесе таңертең бәрі жұмысына кетіп бара жатқанда жол сандығымызды сүйретіп үйге енді келіп жатамыз. Айына шамамен 60-70 сағат ұшамыз. Бір айда барлық демалыс күнімізді қосқанда жеті күн үйде боламыз», - дейді Әсем.

Оның айтуынша, стюардессаларды модельге теңеу олардың бойының 165 сантиметрден жоғары болуы керек деген талаптан шыққан болуы керек.

«Негізінде әр бортсерік ұшақтағы жүк сөрені оңайлықпен ашып-жабу үшін бойы жеткілікті болуы тиіс. Сондықтан оған аса мән беріледі. Әрдайым боянып, әдемі болып арқамызды тік ұстап жүреміз. Біздің дресс-код өте  қатаң бақылауда. Тіпті сырт әлпетіміз, киім кию, бояну, шаш, тырнақ үлгісі стандарттары жазылған кітабымыз бар және соны тексеретін арнайы департаментіміз де бар. Байқасаңыз шашымыз әрқашан жинаулы жүреді, тырнағымыз қысқа, тек ашық түсті бояумен бояй аламыз.  Сырғамыздың көзі ашық түсті болуы тиіс. Әр қолға бір ғана сақина тағуға болады. Жігіттер де, қыздар да әрдайым сағат тағуы керек», - дейді бойжеткен.

Әсем әр ұшқан сайын жол сәттілігін, аспанның ашық болғанын тілеп жүреді екен.

«Өз басым алысқа ұшсам да, жақын жерге ұшсам да жақындарымды ренжітпеуге тырысамын. Әрқашан оларды қаншалықты жақсы көретінімді, сыйлайтынымды айтып жүремін», - дейді ол ұшар алдындағы наным-сенімімен бөлісе келе.

Стюардессаларды әмбебап әскерге теңеп жатады. Осы орайда кейіпкеріміз бортсеріктердің қандай дағдыға ие болуы тиіс екенін айтып берді.

«Бортсеріктерді оқыту барысында қауіпсіздік шараларына көп көңіл бөлінеді. Бір жарым ай көлемінде өрт сөндіру әдістері, суға батып бара жатқан адамды құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, әйелді  босандырып алуды, өзін-өзі қорғауды үйретеді. Жеке тәжірибемде өзін нашар сезінген жолаушыларға көмек көрсеткен кездерім өте көп. Көбінесе биіктікте қарт адамдардың қан қысымы көтеріледі. Ондай жолаушыларға кез келген сәтте көмек көрсетуге әзірміз.  "Сендердің жұмыстарың арман ғой, ұшаққа келесің, тамақ таратасың, ары-бері өзіңді көрсетіп үйге кетесің, не қиындығы бар осы жұмыстың ?", - деген пікірлерді өте жиі естимін. Алайда, біздің тамақ таратудан басқа атқаратын міндетіміз бастан асады. Ең басты міндетіміз жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әр рейстің алдында 1,5-2 сағат бұрын бүкіл бригада кеңседе жиналып брифинг өткіземіз. Бір-бірімізбен танысып, атқаратын қызметімізді, жауапкершілік, міндеттерімізді бөлісеміз. Қыздарға бұл жұмыс тым қиын немесе оңай деп айта алмаймын. Жұмысыңды шын сүйсең еш шаршамайсың, қиналмайсың», - дейді Air Astana бортсерігі.

Әсем өз тәжірибесінде жолаушылардың қатарында бейәдеп сөздер айтып, тәртіпсіз қылық көрсететін адамдардың өте сирек кездескенін айтады.

«Болып жатқан жағдайда көбінесе басқа жолаушылар сабасына түсіреді, артынан бізден кешірім сұрап жатады», - дейді стюардесса.

Дегенмен, бизнес класста ұшатын Әсем "ерке" жолаушыларының көп екенін жасырмады.

«Бизнес класста ұшатын болғандықтан ерке жолушылар баршылық. Көбісі менен де жиі ұшады, бәрімізді таниды. Ондай жолаушылар өзіне екі есе көңіл бөлгенімізді қалайды. Кейбіреуі кітап, сыйлық әкеліп бізді де еркелетіп қояды», - дейді Әсем Кәкен.

Танымал отандық және шетелдік жұлдыздарды жиі көріп тұратын стюардесса олардың ұшақта немен айналысатынын айтып берді.

«Жұлдыздар ары-бері жиі ұшады. Ол кісілер көбінесе ұшақта ұйықтайды, демалады. Мазаламауға тырысамыз», - дейді Air Astana бортсерігі.

Әсемге көңіл білдіріп, танысқысы келген жолаушы-жігіттер жоқ емес. Болашақ жарының белгілі бір саладан болуы керек деген шарты жоқ.

«Бастысы бойында адамгершілік қасиеті болғанын қалаймын. Қамқорлық  пен шынайылықты, маxаббат пен сыйластықты қатты бағалаймын», - дейді Әсем Кәкен.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Тәжікстан президенті 29 жастағы ұлын Душанбенің мэрі етіп тағайындады

Иракта "Ислам мемлекеті" көшбасшыларының тағы бірі өлтірілді

Ақмола облысында мүгедек жігіт ашық тұрған құдыққа құлап кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1469529-biznes-klass-zholaushylaryna-qyzmet-ko/

pixel