Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәріс қызына үйленген ақтөбелік бас дәрігердің жеті машинасы бар болып шықты (фото)

Опубликовано:

Кәріс қызын қазақтың нағыз келіні қылған ақтөбелік танымал дәрігер Рақымжан Арыстан NUR.KZ порталына ашыла бермейтін сырларымен бөлісті.

Рақымжан Арыстан дәрігер ғана емес, ол суретші, өз көлігін өзі жөндеп алатын шебер де болып шықты. Ақ халатты абзал жан журналистер арасында қырсықтау, тік мінезімен де таныс.

«Журналистерден тілімді тістеген кездер аз болған жоқ. Ойыңды төңкеріп тастайды.

Менің өмірлік ұстанымым: ешкімге алажақ болма, ешкімге бережақ болма. Қарызбен өмір сүрсең саған тыным жоқ. Мен ешкімнен алмаймын, ешкімге бермеймін. Өз дәулетім өзіме жетеді.

Өмірде несие алып көрген емеспін. Жоқ болса шыдаймын. Және істеген іс әділ болу керек. Беделім бар деп біреудің белінен баспаған дұрыс», - дейді бас дәрігер.

Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері ескі көліктер жинаумен де айналысады. 7 автокөлік, 6 мотоциклі бар.

«Мен демалыстың белсенді түрін жақсы көремін. Аңшымын және көне көліктерге қызығамын. Жазда гүл өсіремін. Көне машинаны жөндегенді ұнатамын.

Бірнеше машинам бар: «Победа», «Волга», «Москвич», «Запарожец» секілді 7 машина, 6 мотоциклім бар. 6 мотоциклдің үшеуі жүріп тұр. Қалған үшеуін жөндеймін. Машинаның бесеуі жүріп тұр.

1943, 1949, 1952, 1960 жылғы машиналар бар. Сенсеңіз, 1946 , 1951 жылғы мотоциклдер бар.

Үйге барып шай ішкеннен кейін не істейсің, телевизорды қашанғы қарайсың, гаражға барып машиналарды шұқимын. Денекерлеу, сырлау жұмыстарымен өзім айналысамын. Шүкір, ысқырсам інілерім жарты сағатта жетіп келеді. Өзімнің бала-шағам көмектеседі», - дейді Рақымжан Арыстан.

Бас дәрігер кәрістің қызына үйленіп, нағыз қазақы отбасы құрғанын да айтып берді.

«Әйелім кәрістің қызы. Мен студент болардың алдында үйлендім. Студент кезде балам болды. Сол кезде әйелім қазақша түсінбейтін еді. Қазіргі кезде медициналық университет кафедрасында қазақ тобына сабақ береді.

Оны қазақшаға қамшылап үйреткен ештеңем жоқ. Ата-енесінің тәрбиесін алды. Қазір ол маған қазақша ақыл айтады. "Қазақтың салты, дәстүрі былай", - деп түсіндіріп отырады. Тойдан қалсаң да садақадан қалмау керекті де үйретеді.

Мен мақсатыма жеттім. Кәріс қызын алып, кәріс болып кеткен жоқпын. Оны қазақтың келіні еттім. Кейбір қыздарымыз шетелге тұрмысқа шығып, шетелдік азаматымен осында келіп тұрады. Азаматтықты алмағанымен, осында тамыр жаяды. Осыған қарным ашады», - дейді кейіпкеріміз.

Бас дәрігер кәріс қызына үйленетін кезде ата-анасының айқай шығарғанын да айтып беріді.

«Үйде айқай болды Шешем апамның үйінде балконға шығып алып ойбайлап жылаған. «Ақтөбе облысы Франциядан үлкен көрінеді. Содан қазақ қызын таба алмадың ба?» деп күйінді. Айқай-шу басылып, құда түстік.

Әкемнің досы - Медведев Николай деген кісі болды. Қазақшаға судай. Әкемнің аталы інісі бар - Мельник Федр Васильевич. Ол да қазақшаға судай. Қастарына жездем еріп құдалыққа бардық.

Бас құда - орыс, жас құда - молдаван, мас құда - жездем қазақ. «Балам келінді қайдан алғанын көрем» деп шешем де, әкем де ерді. Содан шұбырып құда түстік. Үш машинамен бардық. Барғанда шешем менің машинама отырмай, жездемдікіне мінді. Қайтарда маған отырды.

Хромтауға келгенде «дүкенге соқ» деді. Хромтау қаласында «Восход» деген жалғыз дүкен бар. Келінінің қолынан ұстап дүкенге кіргізді. Әлі есімде, «Красная Москва» деген әтір алып берді. Әйелім әлі күнге дейін «енемнің әтірі» деп атайды. Солай үйлендік», - дейді ол.

Қазақтың ұлттық тағамын үйреніп алған кәріс қызы қазақ отбасын өздерінің ұлттық тағамымен де таң қалдырған.

«Әйелім қазы айналдырып, ет тұздауға дейін үйреніп алды. Бәрін өзі жасайды. Үйде кәрістердің де ұлттық тағамын жиі жейміз. Біз шалғамның (редиска) өзін жеп, сабағын лақтырып тастаймыз. Кәрістер лақтырмайды. Жапырағын турап салат жасап береді. Қызылшаның сабағын да тамаққа пайдаланады. Жапырағын жұлып, ортасындағы сабағын қалдырады. Оны кептіріп қояды.

Қыста осы кепкен сабақты қайнаған суға салып жіберсе саңырауқұлақ сияқты бұрқ ете қалады. Өте дәмді. Бізде бұрыштың жапырақтарын ешкім термейді. Олар оны да қалдырмай тереді. Оны қияр-қызанақ тұздаған кезде пайдаланады. Қыста осының бәрін шығарып, қосатындарын қосып, майға қуырып, иісін бұрқыратып әкеледі. Бүкіл туыстарымыз әйелімнен келіп үйреніп алды», - дейді отбасылық сырларын жайып салған дәрігер.

Ұзын мұртымен ерекше имиджге ие дәрігер сақал мен мұртқа қатысты да ойын айтты.

«Мұртымды алған кездерім болды. Ол кескініме ешкім үйрене алған жоқ. Әйелім: «Қой, мынауың кішкентай баланың тізесі секілді» деді. Сосын мұртты қайта жібердім. Сақал деген не ол? Қалаған кезде өсе беретін шөп сияқты.

Сақал-мұртты қой, біздің шаруамыз - науқастың жағдайы. Біздің мамандық қателесуге болмайтын мамандық. Мен үнемі "Қыздар, жігіттер, сендер менің ауламды сыпырмаңдар, оған өзімнің қуатым жетеді. Жасаған істеріңде тиянақтылықпен жауапкершілікті ұмытпаңдар", - деймін.

Науқастың жағдайын сұрауға 3 минут жеткілікті. 3 минутта адам өлім қалады, не оны аман алып қалуға болады.

Адам өзіне баға бермеу керек. Ол «мания величия» психикалық ауруға жатады. Адамға бағаны айналасы береді», - дейді ағынан жарылып өзі туралы еш жерде айта бермейтін сырларымен бөліскен дәрігер.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Қанат Ислам барша америкалықтарды ЭКСПО көрмесіне шақырды

Тапқыр жігіт сүйіктісінің туған күніне гүлдің орнына салат жапырақтарын сыйлаған

Палестинада қасиетті Рамазан айында ерлі-зайыптыларға ажырасуға тыйым салынды

Жынысын ауыстырып тастаған сән әлемінің жұлдызы өзінің жаңа келбетімен мақтанды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1507507-karis-qyzyn-qazaqtynh-naghyz-kelini-qyl/

pixel