Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Америкалық жігіт қазақ қызына үйлену үшін АҚШ-ты тастап, Алматыға көшіп келді (фото)

Жарияланған күні:

Көптеген отандасымыз білім, кәсіп іздеп Америка асып жатса, бұл азамат бақыты мен бизнесі үшін Американы тастап қазақ жеріне келген. Аты-Кристофер Томас Беннетт. Алайда есімін қазақшалап –«Қайсар» деп атап алған. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Мен Қазақстандағы достарыма қазақ қызына үйленетінімді айттым. Сол кезде олар: "Қазаққа күйеу бала болу оңай емес, қайсар бол", - деді. Содан бастап менің екінші атым - Қайсар» деп күледі америкалық күйеу жігіт.

Үнділік махаббат

Кристофердің жары Раушан - қазақ қызы, Тараз қаласының тумасы.

- 35 жасқа келгенше күйеуге шығуға ешкім ұсыныс тастамады. Үндістанда іссапармен жүргенде Кристофермен таныстым. Жарты жыл бойы тек ғаламтор арқылы сөйлесіп тұрдық. Жігіт Қазақстанға бір айға қыдырып келіп, үйленуге ұсыныс жасады. Жасым болса келді. Туыс-туғаным не дейді деп біраз жалтақтағаным бар. Алайда, бауырларым мен ата-анам сені шын жақсы көрсе батамызды береміз. Жалғыз жүргенше бақытты бол деді. Осылайша Америкаға барып, үлкен той жасадық, - дейді Раушан.

Америкада келін емес, енелер қызмет жасайды

- Америкада жарты жыл тұрдық. Ата-енем өте керемет кісілер. Келін деп кемсіту жоқ. Енем ерте тұрып, тамақ пісіріп, бізді оятады. Үй жинау, азық-түлік әкелу сынды ұсақ-түйекке бас қатырмайсың. Барлығы автоматтандырылған дайын, тек түймешені бассаңыз болды. Күйеуім өзімнен бес жас кіші. Еш өкінбеймін шетелдікке тұрмысқа шыққаныма, менен асқан бақытты адам жоқ. Бір қызымыз бар. Америкаға келін болғанда қысымды шетелден емес, өз отандастарымнан көрдім. Көбісі кекетіп, балағаттап сөйлейді. «Мынадан не таптың, түрі құрсын. Ақшасы көп болған соң тиіп алдың ба?» деген сынды ауыр сөздер айтады. Басында ашуланғам, қазір мән бермеймін, - дейді америкалыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызы.

Тағы оқыңыздар: Қазақстанның ең сымбатты спортшысы кім? (фото)

Менің атым  - Күйеу бала

Раушанның өтініші бойынша Қазақстанға уақытша қоныс аударған Кристофер қазақ тілін үйреніп жүр. "Бұрын тілмаш ертіп жүруші едім, қазір еш қиындық жоқ. Тіпті полиция да таниды" деп күледі.

- Полицейлер құжат тексеру үшін жиі тоқтады. Не мақсатта жүргенімді ағылшынша айтсам түсінбейді. Қазір тоқтатқанның бәріне қолымды кеудеме қойып «Күйеу баламын» деймін. Тәртіп сақшылары дереу түсініп, қарқылдап күліп, «күйеу бала жақсы» деп шығарып салады, - дейді ағынан жарылған Кристофер.

Қазақ қыздарындай мықты әйел еш жерде жоқ

Америкалық күйеу бала – Раушан арқылы танып білген Қазақстанның қазір нағыз табынушысы.

- Мен жұмыс барысымен әлемнің біраз елінде тұрдым. Бірақ қазақ қыздары секілді мықты әйелдерді еш жерден кездестірмедім. Америкада әйелдер еркекпен тең. Тәуелсіз болған соң күйеулеріне дөрекі сөйлейді, қаламаса қолын сілтеп ажыраса салады. Ал қазақтарда басқаша. Әйелі қанша жерден бастық, бизнесмен болып тұрса да үйінде күйеуінен бір саты төмендейді. Еркектің арқасында жүріп, дем беріп, көтермелейді. Ер азаматты өзінен жоғары көреді. Осындай қасиеттерді көргенде, өзің таң қаласың. Не деген ақылдылық, шыдамдылық пен тәрбие?! Мен жолы болған адаммын, Раушан секілді әйелді жарты әлемді шарлап жүріп таптым, - дейді қазаққа күйеу бала болған Кристофер.

Америкалық күйеу бала «Тараздық брендке» айналды

Ерлі-зайыпты Томас пен Раушан Беннеттер апта сайын тойға баратындарын айтады.

- Кристоферді менің туыстарым қызық көреді. Барлық құдалыққа "америкалық күйеу бала" деп мақтанып апарады. Кейде шаршап кетеміз. Себебі, аптасына екі-үш той болатын кездер де бар. Ал Кристофердің өзі қазақ тойын жақсы көреді. Әсіресе, қазы мен қымызды. Қазақстанға ата-енем келіп бір ай демалды. Тандырда піскен нанды торттан да дәмді екен деп, қолдарынан тастамай жеді. Америкада жылқы етін жеуге болмайды. Ол үй жануары, жанұя мүшесі секілді. Сотталып кетуің мүмкін. Сондықтан да қазақ тағамдары оларға нағыз мереке болды, - дейді Раушан.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбелік кәсіпкер тегін нан таратып, елді сүйсіндірді (фото)

Бірнеше бала асырап алсақ деп едік

Отасқандарына жеті жыл болған раушан мен Кристофердің Эли Анна Рауз деген бір қыздары бар. Раушанның денсаулығында кінәрат болғандықтан, енді бірнеше баланы асырап алсақ деген армандары бар.

- Америкалықтардың басты ерекшелігі –мейірімділігі. Кристофер көшедегі қаңғыбас итке де мән беріп, дүкеннен нан сатып әпереді. Америкада еркектер әйелдің көңіліне қатты қарайды. Қабағы шытулы болса, әйелдің шерін тарқатпай ешкім ұйықтамайды. Келін оларға туған қызындай болып есептеледі. Маған қазақ күйеу таппадың ба дегендерге айтарым, құдайдың бұйрығынан артық ештеңе болмайды. Мен өмірімде шетелдік жарым болсын деп армандамадым, -  дейді Раушан.

Редакцияның рұқсатынсыз материалды көшіріп басуға рұқсат етілмейді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1511347-amerikalyq-zhigit-qazaq-qyzyna-uylenu/