Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорданың мал базары неге түнде ғана жұмыс істейді?

Опубликовано:

Қазір қай жерде де мал ұрлығы өршіп тұр. Қас-қағымда қорадағы түлігінен көз жазып қалған ағайын жетерлік.

Бұл жиі кездесетін жағдайға айналды. Оған тоқтау жасауға барынша күш салғанымыз артықтық етпесі анық. Алайда кейде кейбір адамдар тарапынан барымтаға жағдай жасалып жатқандай сезіледі. Дария бойын мекен еткен Сыр өңірі тұрғындарын осы мәселе толғандырып жүр. Облыс орталығында мал базары бар. Бір қызығы, күндіз аталмыш базардың есігінде қара құлып ілініп тұрады. Сауда-саттық күн ұясына кірген сәттен басталады. Неге? Оны ешкім түсіне алмай дал. Бұ­рыннан қалыптасқан дағды солай. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келеді. Жер­гілікті тұрғындар тарапынан талай мәрте қала басшылығына айтылған. Алайда мал базардың тіршілігі бәз-баяғы күйінде қалып отыр. Солай бола тұра, кіреберісте жа­зылған кестеде базардың таңғы сағат 6 мен 10-ның арасында жұмыс жасайтыны көр­сетілген. Ол заңдылық мүлдем сақтал­май­ды.

Нақыпбек ЖҰМАНҰЛЫ, Қызылорда қала­сының тұрғыны:

– Еліміздің өзге қалаларында мал ба­зары күндіз жұмыс жасайды. Ал бізде неге түнде жұмыс жасайтынын түсін­бей­міз. Бұл жайында қала басшылығы біледі. Ендеше, ешқандай санитарлық талапқа сай келмейтін, түнге қарай тір­ші­лігін бастайтын базар неге жа­был­май­ды? Базардың санитарлық жағдайы да сын көтермейді. Осыдан бес жыл бұрын бұл базарды жабу туралы мәселе көтерілді.

Сол кездегі қала әкімінің шешімі де шыққан. Өкінішке қарай, шешім ештеңені шешкен жоқ. Жалпы, ветеринария заңы негізінде, мұндай сауда орны қаланың ішінде болмауы тиіс екен. Ол қаладан кем дегенде 20-25 шақырым жерде орналасуы қажет. Дегенмен Қызылорданың мал базары ондай талаптарға ешқандай сай келмейді. Төрт түлікті сатып алғысы келген ағайындар алысқа барып шаршамайды. Мал базары сауданы қаланың ішінде қыздырып отыр. Әрине, шеткі бөлігінде қоныс тепкен. Алайда сауда орнының жан-жағында тұрғын үйлер орын тепкен. Соңғы үш-төрт айдың көлемінде қалаға жақын ауылдарда 50-ге жуық мал ұрлығы болған екен. Ал ол түліктер қайда кетті?

Бұл – заңды сауал. Ұшты-күйлі жоғалған малдың ізін де таба алмай қалған адамдар қайда барарын білмейді. Сол аумақтағы тәртіп сақшылары қанша тырысқанымен, ол ұрлықтың бетін аша алмады. Әрине, оны қолды еткен адамдар базарға алып келіп саудалауы әбден мүмкін ғой. Оны еш­кім жоққа шығара алмасы анық. Біз түрлі сауалымызды алып, базар басшы­ла­ры­мен тілдеспек болған едік, алайда бұл әре­кетімізден ештеңе шықпады. Базар бас­шыларымен тілдеспек түгіл, жүздерін көру қиын.

Гүлнар ДҮЙСЕНОВА, Қызылорда облыс­тық ішкі істер департаменті баспасөз қыз­ме­тінің жетекшісі:

– Біздің сала мамандары мал ұр­лы­ғы­мен күрес бағытында жұмыстар жүр­гі­зіп келеді. Дегенмен әлі де ол өзекті күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері осындай 134 оқиға тіркелген. Оның 75 пайызы ізі суымай ашылды. Ал Қызыл­ор­д­а қаласындағы мал базарында әзір­ге ондай оқиға тіркеле қойған жоқ. Қазір мал сатуға қатысты заңдылықтар күшейтілген. Базарға алып келген түліктен ең алдымен төлқұжаты талап етіледі. Онда малдың барлық анықтамасы көрсетіледі.

Аталмыш құжатты ветеринар дәрігер береді. Бұл заңдылықты сақтамайтын тұр­ғын­дар да бар. Олардың барлығы ауыл әкімдігінен құжат алады. Ол өз малы екенін дәлелдейді. Өтірік демей-ақ қоялық, оны тамыр-таныстықпен алып кететін жағ­дай­лар да кездеседі. Ендеше, мал базарға кел­ген түлік туралы толық анықтамаға күмән келтіруге болады. Тіпті Қызылорда базарына сонау Қостанай, Жезқазғаннан жеткізілетін малдар да баршылық.

Облыс аудандарынан да келеді. Қаншама жерді арт­қа салып, Қызылордаға келуінің ас­та­рында не сыр бар сонда? Бәлкім, кейбір жайларды бүркемелеудің жолы шығар. Осылайша мал базары әлі күнге дейін жергілікті тұрғындар тарапынан жыр бо­лып келеді. Оған құлақ асып жатқан пенде болсайшы. Басшылар тарапынан ешқан­дай шара қолданылмайтыны тағы да түсі­нік­­сіз.

Базархан АҚПЕМБЕТОВ, Қызылорда қала­лық аумақтық инспекциясының қыз­мет­кері:

– Қызылордадағы мал базарында көптеген кемшіліктер бар екені рас. Алдағы уақытта бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіледі деген ойдамыз. Тағы бір қызықты дерек. Қызылорда қаласында үш-төрт жыл бұрын жаңа мал базары салынған. Алайда ол әлі күнге дейін жұмыс жасамайды. Онда барлық санитарлық талаптарды сақтауға жағдай бар. Өкінішке қарай, ол тек салынған күйінде ғана тұр. Оның себебін түсіндіріп жатқан да ешкім жоқ. Қысқасы, түнге қарай сауда-саттықты қыздыратын базар мал ұрлығына жол ашып отыр ма? деген ойға қаласың. Оған жағдай жасап отырған кім болды екен?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/167890-kyzylordanyn-mal-bazary-nege-tynde-gana-zhymys-istejdi/

pixel