Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың дәстүрлі ойындары түркі халықтарына ортақ құндылыққа айналады

Опубликовано:

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен "Ұлы дала ойындары" атты тележоба жүзеге асырылған.

Оның мақсаты -­ бүкіл Қазақстанды қамтитын дүбірлі жоба арқылы халқымыздың шабандоздық ойын түрлері мен музыкалық өнерін насихаттау болатын. Қоғамдық қордың қолға алған шаруасы ұлтымыздың рухын көтеру үшін қаншалықты пайдалы болғанын айтып жеткізу мүмкін емес.

Мұндай әсерді "Хабар" арнасынан телешоуды бірнеше айлап тамашалаған миллиондаған көрермен де байқағаны анық. Алайда соңғы кездері осы хабардан көз жазып қалғанымыз рас. Осыған байланысты "Ұлы дала ойындары" мега-шоу жобасының жетекшісі - "Адал Азамат" қоғамдық қорының вице-президенті Ерлан Сержанұлын әңгімеге тартқан едік.- Ереке, ұлтжанды аза­мат­тардан "ғасырдың ғажап жобасы" де­ген баға алған телешоу көгілдір эк­раннан көрінбей кетті. Халықтың та­ғатсыздана күтетін хабарының көз­ден таса болғанына көрер­мен­де­ріңіз мазасызданып жатқан се­кіл­ді...

- Бізді алғашқы күннен бас­тап қолдаған да, қорғаған да аза­маттарға айтар алғысымыз шек­сіз. Әсіресе, Алматы облысының әкі­мі Серік Үмбетовтің ұлт­жан­ды­лығына қайран қалдым. Осы кі­сінің тікелей қолдауымен Тал­ды­қорғанда халықтық жо­ба­мыз­ды өте сәтті іске асырдық.

Халқымыздың шабандоздық ойын түрлері мен музыкалық өнерін насихаттау

Халқымыздың қайсарлығын, еңбекқорлығын, өнері мен мә­де­ниетін паш етіп, салауатты өмір сал­тын насихаттап, барша қазақ елін бірлікке шақыратын бұл те­лежобада еліміздің барлық ай­мағынан жиналған алты топ (Ба­тыс, Шығыс, Арқа, Оңтүстік, Сол­түстік және Жетісу өңірі) өза­ра сайысқа түсті. Жобада "Түйе палуан", "Бәйге", "Жамбы ату", "Қыз қуу", "Аударыспақ", "Тең­ге ілу", "Көкпар", "Ақындар ай­тысы", "Жыршы-термешілер", "Күй тартыс", "Дәстүрлі ән", "Қы­мызмұрындық" сияқты ұлт­тық ойындар мен дәстүрлі му­зы­ка­лық өнердің барынша кең та­ра­ған 12 түрі қамтылды.

Қазақтың батыр да қайсар, ше­шен де дана халық екенін та­ны­татын аталмыш шарада 18 бен 35 жас аралығындағы сегіз қырлы бір сырлы азаматтар бақ сынады. Теат­рландырылған қойылым түрін­де өткізілетін тележоба "Zen Media Production" студиясының шы­ғармашылық тобымен түсіріл­ді. Елімізде мемлекеттік тілді дамытуға барынша үлес қосуды бас­ты мақсат тұтқан қордың эк­ран арқылы көрермендерге ұсы­натын дүниелерінің бәрі дерлік ана тілімізді дамытуға, ұлттық ру­хани құндылықтарымызды на­сихаттауға бағытталды.

Өкінішке қарай, біз­дің уақытша тоқтап қалуымызға қар­жы тапшылығы себеп бол­ды...

Басты мақ­сат - қазақ жастарына дәс­түр­лі халық ойындарын жаңа қы­рынан танытып, оның ұлт жа­дын­да мәңгі сақталуына ұйытқы болу. Осы бағытта бір қадам алға жылжыдық. Өкінішке қарай, біз­дің уақытша тоқтап қалуымызға қар­жы тапшылығы себеп бол­ды...

- Бұл жоба жалғаса берген­де, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына тамаша тарту болар еді...

- Осыған дейін теледидардан көр­сетілген қомақты көрсе­тілім­дер­дің өзі де халқымыз үшін баға жетпес байлық болғанын жасыра алмаймын. Демеушілеріміз, үл­кен істі бастаған әріптестерім де қа­ражатымыздан қаншалықты қай­тарым боларына назар аудар­масақ та ұлт пен ұрпақ қамы үшін осы шаруаны қолға алғанбыз. Бірақ мегажоба қымбатқа түсті. Жарты жылдай тоқтап қалғаны­мыз­ды жасырмаймын. Қалталы аза­маттардың біразына бардық, хат жаздық, банктерді жағаладық. көмектескен ешкім болмады. Соған қарамастан, ұжым бо­лып жан жақты ойластыру жұ­мыстарын қолға алдық.

Қазір "Ұлы дала ойындарына" бізден гө­рі, өзге мемлекеттер тарапынан қы­зығушылық байқалып жатыр.

Көр­ші қырғыз елінен жеке бір кә­сіпкер қазақ пен қырғызға ор­тақ ұлы жобаға көмек қолын ұсы­нып, бірлесе жұмыс істеуге келі­сі­мін берді. Сөйтіп, тоқтап қалған жо­ба қайта қолға алынып жатыр.

- Бұл біз үшін де, ұлтжанды аза­мат­тар үшін де қуанарлық оқиға бол­ды. - Енді көрермендер назарына жаңа ойындар ұсына аласыздар ғой...

- Иә, алдағы наурыз айында фи­налдық ойындарды аяқтап, те­ледидардан көрсетіп, күзге қа­рай "Ұлы дала ойындары" халық­аралық деңгейде өтеді. Ал бірінші айналымға келсек, сынаққа 14 облыстан өкілдер қатысты. Әрбір ойын бойынша жеңімпаздарымыз ақтық сайысқа түскен соң, ең таң­даулылардың есімдері белгілі болады. Мұның барлығы да телеарналардан толық көр­се­ті­леді. Ал жобаны халықаралық дең­гейде өткізу үшін біз бес түрлі ойын­ды таңдап алдық. Қазіргі бол­жам бойынша 11 мемлекет қа­­тысады деп үміттеніп отыр­мыз.

-"Ұлы дала ойындарын" те­ле­дидардан бөлек дискіге түсіріп, сау­да орындарына шығаруға бол­май ма?

- Теледидардан көрсе­тіл­ген нұсқалар түгел монтаждалып, дискіге түсірілді. Амандық болса, ал­дағы уақытты "Ұлттық ойын­дар" деп аталатын сериялы дис­кі­лер жұрт қолына тиіп қалар. Әзір­ше қаржы жоқ. Дегенмен, Қыс­қы Азия ойындарына келген ше­телдік қонақтар назарына ұсы­ну ойымызда болған еді. Бұл - тамаша сый болар еді. Амал қан­ша, бізді қолдай қояр азамат­тар табылмады. Әйтпесе, сол дис­кілерде ұлтымыздың ұлы құн­ды­лықтары түгел қамтылған еді. Жалпы, Туризм және спорт ми­нистрлігі, Мәдениет министр­лігінің ұлттық құндылықтарды на­сихаттап жатқан біздің жұмы­сымызға назар аударғанын қалар едім. Кешегі Жаяу Мұса, Үкілі Ыбы­рай, Біржан сал, Ақан сері, Мұ­хит сынды күміс көмей әнші­лер­дің бүгінгі буыны дүбірлі жо­бада өз өнерлерін ортаға салып, күрес те, көкпар да, қыз қуу мен ала­ман жарыста қамтылған дис­кілер бізді білмейтін спортшылар мен жанкүйерлерге тамаша тарту бо­лар еді. Осыны ел азаматтары ес­тен шығармағаны жөн болар еді.

- Қазір қазақ теледидар­ла­рын­да ұлт мүддесін күйттеуден бұ­рын ұлтаралық мәселелерді маңыз­ды санайтын хабарлар кө­бейіп келеді. Олардың кейбіреулері тура­лы айтылар сын да аз емес. Дегенмен, сіздердің жобаларыңыз туралы теріс пікір естімеппіз...

- Оныңыз рас, мұның сыры - жобаның жұрт көңілінен шық­қан­дығында, ұлттың жанына жа­қындығында, жүрегіне жылы ти­гендігінде. Бірде-бір басылымда сы­ни мақала да жарық көрген жоқ. Біз осыған қуандық, ұлты­мыз­дың рухын оятып, өміршең өнер­ді одан әрі жалғастырып, жас ұрпақ үшін мәңгілік мұра жа­сап жатқанымызға риза болдық. Есіл еңбегімізді бағалаған барша қазақ отбасына мың да бір рақ­мет! Елге есімі белгілі азаматтар ба­тасын беріп, баянды ісіміздің сәт­ті болуына тілектестігін айтты. Осындай рухани қолдаудың өзіне не жетсін!

- Енді жобаларыңыз түркі ел­дерінің төріне қалай шыққалы отыр?

- Қазір "Қазақ және түркі ха­лық­­тары ойындары" деген кітап әзірлеп жатырмыз. Мұнда көп нәрсе қамтылады. Мәселен, қазақ ойындарының біразы башқұрт, татар халықтарының ойындары-на өте ұқсас тұстары бар. Өзбек, қыр­­ғыз халықтарымен де ұқсас жақ­тарымыз да жеткілікті. Демек, түр­кі елдері ойындарын бірлесе отырып ұйымдастырып, "Ұлы дала ойындары" жобасының ауқымын кеңейте түспекшіміз. Айталық, Ресейдің Омбы об­лысында қандастарымыз көп тұра­ды. Міне, солар орыстардың аты­нан сынға түседі. Несі бар, бұл да қызық оқиға. Ойын тікелей эфирден шыға­ды. Осынысымен де көрерменді қы­зықтыратын жоба олимпиада ойын­дарына бәсеке бола алады. Осы мақсатта бірнеше телеар­на­лармен келіссөз жүргізіп, келі­сім­шарттар жасасып жатырмыз. Түрік жастарының халықаралық одағымен де келіссөздер жүргізу­деміз. Бәрінен де қызығы, Қырғыз азаматтары "Ұлы дала ойындарын" Ыстық көл жаға­лауында өткізер болсақ, қар­жы­лай көмек беруге уәде беріп отыр. Қаржы жағынан қысылып бара жат­сақ, амал жоқ айырқалпақты ағайындарға арқа сүйейміз...

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/172707-kazaktyn-destyrli-ojyndary-tyrki-halyktaryna-ortak-kyndylykka-ajnalady/

pixel