Алматыдағы "Алла" жазуы бар тау арабтардың таңдайын қақтырды (фото)
Жарияланған күні:
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында "Алла" жазуы бар ерекше тау мен мұндалап тұр. Тауға жергілікті тұрғындар ғана емес, мешітке намаз оқуға келген арабтар да таңдайын қағып, таңданыс білдіруде деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
Жергілікті тұрғындар таудың ерекшелігін бірден байқамаған. Тау маңында орналасқан көне "Сәт" мешітінің бас имамы Сейітқали - Серік қажы Ыбытаевтың айтуынша, тауда араб қарпімен "Алла" жазуы жазылған.
"Бұл тау - Алатау, Хан тәңірінің жалғасы. Хан тәңірі дейді, немесе қазақтар бұрын бұл тауды Үйсін тауы деген. Тянь-Шань деп ол кейіннен аталған...
Осы Алатаудың бөктерінде, "Алла" деген жазу тұр. Оны мен бұрыннан айтып келе жатырмын. Елдер ол кезде білмейді, араб графикасын ешкім түсінбегеннен кейін, ол мүмкін емес деп жүрді. Енді араб графикасын үйренген жұрт тауға қарады, расында да "Алла" деген жазу тайға таңба салғандай болып, мен мұндалап тұрғанына көзін жеткізді", - дейді Сейітқали Ыбытаев.
Бір қызығы, тауға қашалған Лениннің келбетін шөп басып, көрінбей қалғанымен, "Алла" жазуы сол күйі талай жылдар бойы өшпей тұр екен.
"Бұл - Алланың құдіреті, Алланың бір белгісі. Таудың басында "1 мая" деген жазу болатын бұрын, одан оңға қарай кішкене арғы беткейде Кеңес одағының көсемі Владимир Ильич Лениннің келбеті қашалған еді. Ол алыстан көрініп тұратын.
Жылда сол Лениннің туған күніне қарсы оны барып тазалап, әдемілеп қоятын... Лениннің заманы өтті, оны шөп басып, қазір көрінбей қалды.
Ал енді "Алла" деген жазу қай заманнан келе жатыр, мінекей, құдіретті осыдан көруге болады ғой. Сай саламен таңбалап жазылған әдемі «А» «Л» «Л» «А» «Һ» деген әрпі көрініп тұр", - дейді имам.
Сейітқали Ыбытаевтың айтуынша, таудағы бұл жазбаға арабтардың өзі таңдайын қаққан.
"Еліміздегі мешітте намаз оқуға арабтар келді, тағы да өзге шетелдіктер келді, оларға тауды көрсеткенмін. "Алла, Алла" деп жаңағы тауды суреттеріне түсіріп алып, таңбаға таң қалып жатыр.
Енді бұл Алланың бір құдіреті, Алланың өзінің жасаған дүниесі. Алланың тұрғызғанын ешкім жыға алмайды ғой, жыққанын ешкім тұрғыза алмайды. Аллаға деген адамның жүрегінде қалатын иманына себеп болатын дүние осы", - деп түйіндеді имам.
Бір өкініштісі, қасиетті жазуы бар таудың маңы жағымсыз иіске толы. Түсініксіз қара түтіннен шыққан иіс өртелген қоқысты еске салады.
Тауды тамашалауға келетін болсаңыз, қоқыстың жағымсыз иісін сезінуге дайын болыңыз.
Материал ҚР заңнамасымен қорғалған. Материалдың кез келген бөлігін және суреттерін NUR.KZ порталының жазбаша рұқсатынсыз көшіріп-басуға болмайды!
Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1736525-almatydagy-alla-zazuy-bar-tau-arabtardy-tadajyn-kaktyrdy-foto/