Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қатерлі ісікті екі рет жеңген Ақтөбе тұрғыны көпшіліктің таңданысын тудырды

Опубликовано:

Қуандық Әлішев есімді азамат Ақтөбе өңірінің жұртшылығына жақсы таныс. Белгілі кәсіпкер екі рет қатерлі ісікті жеңіп, өмірге деген құштарлығымен көпшілікті тәнті еткен. Бұл туралы NUR.KZ порталы aktobegazeti.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қатерлі ісікті екі рет жеңген қария. Фото: aktobegazeti.kz
Қатерлі ісікті екі рет жеңген қария. Фото: aktobegazeti.kz: UGC

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Жаратылыстану және ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Қуандық Зинешұлы бүгінде 80 жасқа толып отыр.

«Өмірбек» ЖШС-ын құрған белгілі кәсіпкер екі рет қатерлі ісікке шалдығып, жазылып шыққан.

Қария Бауыржан Бабажанұлына сұхбат беріп, дерттен қалай арылғанын әңгімелеп берді.

"1985 жылы Мұғалжар ауданы партия комитетінің бірінші хатшылығынан кетіп, ғылыми жұмыспен айналыстым. Сол кезде құлағымның түбінде ісік пайда болды. Басында аса мән бергенім жоқ.

Кейін емханаға қаралдым, ауруханада жаттым, пайда болмады. Жолдамамен Мәскеудегі Орталық Стоматология ғылыми-зерттеу институтына барып, екі айдан астам уақыт емделдім. 350-ге жуық дәрі екті. Ісік тоқтамады. Отырудан қалдым. Тамақты тұрып ішетін болдым. Онда да сұйық тамақ. Етбетімнен ғана жатамын.

Сосын менің өтінішіммен институт басшылары консилиум шақырып кеңесті. Биопсия алды. Сөйтсем, құлақ түбі қатерлі ісігі болып шықты...

Маған үнемі келіп, қолдау жасап жүретін Махсұт Ахметов дейтін ақтөбелік азаматтың үйіне барып, Жаңа жылды күтіп алып отырғанымызда, тіпті ештеңе шайнай алмадым. Қаңтардың 3-і күні мені тексерген дәрігерлер сәулемен емдеуді тоқтатты. 22 рет алуым керек еді, мен 15-ін қабылдағам. Енді тек ота жасау керек.

Енді нағыз қиын күндер басталды. Айран, қаймақ қана ішемін. «Шіркін-ай, бір тілім нан жеген адамның арманы бар ма екен…» деймін.

Ақпанның 6-ында ота жасалды. Оның алдында дәрігер ота үстінде менің бет терімді кәдімгі қойдың басын үйтуге пайдаланатын қыздыру лампасымен «паяльная лампа» күйдіру туралы ұсыныс жасады.

Менің келісімім керек екен. «Өлсем, өлермін, бірақ ғылымға пайдам тисін…» деп ойладым. Сөйттім де: «Ғылым үшін келісім беремін…» деп қолхат жазып бердім. Сосын ота жасалды. Бір қызығы, мен ота үстінде оянып кеттім.

Мұрныма кәдімгі күйіктің исі келді. Дәрігерлердің бір-біріне не айтқанын толық естіп жаттым. Кейін өздеріне айтып бергенімде таңғалды...

Алты айдан кейін жұмысқа кірістім... Ойым біржола жұмысқа ауды. Ауру ұмытыла бастады.

Менің бетімнің сол жағының жүйке талшықтарын алып тастаған. Ештеңе сезбеймін. Қатерлі ісіктен жазылғаныммен, біраз жылға дейін зардабын тартып жүрдім. Сәл еңкейсем, көзім төмен қарай түсіп кететін. Үстіңгі ернім иегімнен бір-ақ шығатын.

Кейін Тәуелсіздік алып, кәсіппен айналысқанда, Германияда бетіме пластикалық ота жасаттым. Олар терімді жоғары тартып тікті. Енді аузымның қисайғаны азайып, бетімде тыртық қалды, көзім ашылып-жабылатын болды.

Жаман ауруға шалдыққанын бірінші естігенде, адам есінен айырылып қалады. Алғашқыда менің тіпті үйге звондап, хабарлауға да шамам келмей қалған. Одан жазылғаннан кейін үнемі қаралып, тексеріліп жүретін болдым.

12 жылдан соң дәрігерлер асқазанымда жарты сантиметр ісік бар екенін анықтады. Германия, Франциядағы дәрігерлер де диагнозды нақтылады. Олар ісіктің өсуін тежейтін дәрі ұсынды.

Еуропада ота жасауға мүмкіндік болғанымен, мен Мәскеудегі Онкологиялық ғылыми орталыққа қаралғанды жөн деп шештім. Бұл жолы бойымда қорқу болған жоқ.

Ота жасалғаннан кейін бес күннен соң тамақ ішуге рұқсат берді. Бірақ қасықты аузыма жақындатқан сәтте лоқсып, құса бердім. Медбике арқылы дәрігерді шақырттым. Дәрігер келді де, маған жарты стақан арақ ұсынды. Бір ғажабы, арақ өтті де кетті. Өткенде де ішімді күйдіріп-жандырып өтті. Содан кейін тамақ іше бастадым.

Қатерлі ісіктен емделуге болады. Алғашқы сатыларында анықтаса, сылып тастауға болады. Маған ота жасалғанда, ісік екі сантиметрге жеткен жоқ болатын. Әрі өте мықты дәрігер жолықты. Отадан кейін 13 келі арықтаппын.

Себебін сұрағанымда менің ішімнен бір жарым леген май алып тастағанын айтты. Қарын мен ішектің әрбір миллиметріне дейін «сүзіп», тексерген. Өйткені қатерлі ісіктің титтей бір ошағы қалып қойса, ол кейін қайта жанданады.

Өмірді сүю керек. Тіпті қандай жағдайда да түңілмеу керек... Мені осы күнге жеткізген сол өмірге деген құштарлық", - деп ойын түйді ақсақал.

Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737246-katerli-isikti-eki-ret-zegen-aktbe-trgyny-kpsilikti-tadanysyn-tudyrdy/

pixel