Ажырасқан келіншекті сүйіп қалған жігіт елден көмек сұрады
Жарияланған күні:
NUR.KZ порталының 8 747 535 12 98 WhatsApp нөміріне Алматы қаласының тұрғыны хабарласып, өзінің болашақ жарына қатысты көпшіліктен ақыл сұрады. Атйуынша, ол сүйіп қалған ару - бұрын тұрмыста болған келіншек екен. Ал жігіттің ата-анасы ұлдарына табалдырық аттамаған қыз алып бергісі келетін көрінеді.

24 жастағы Еркебұлан (ред. - есімі өзгертіліп берілді) әскерге кетпей тұрып бір қызбен кездесіп жүреді. Бірақ ол ару ғашығы борышын өтеп келгенше тұрмысқа шығып, өз бақытын басқадан тауып кетіпті. Содан кейін махаббаттан көңілі қалған азамат ұзақ уақыт жалғыз жүріп, тағы бір бойжеткенмен танысады.
"Ол қызбен танысып біраз араласқан соң, мінезіне қатты ғашық болдым. Кейінірек ол маған бұрын тұрмыста болғанын айтты. Тағдыры солай болған шығар, өзі қаламаған жігітпен отбасын құруға мәжбүр болған", - дейді ол.
Айтуынша, сүйіктісінің туыстары "қайтып келсең ұят болады" деп, келін боп түскен үйдің ала жібін аттамауды сұраған. Сонымен, бойжеткен ол шаңырақта айтқанға көніп қалғанымен, жарты жылға жетпей, күйеуімен бірге тұра алмайтынын түсініпті.
"Алты ай ғана тұрмыста болған. Бұрынғы жолдасымен арада бала-шағасы да жоқ. Мен сүйіктімді өткені үшін жазғырмаймын. Ешнәрсеге қарамастан онымен бақытты болғым келеді. Барлығы уақыт өте келе ұмытылып кетеді деп ойлаймын.
Бірақ ата-анам мен туыстарым ол қызға үйленуіме түбегейлі қарсы. Ажырасқан әйелді үйге кіргізбейміз деп отыр. Не істерімді білмей, санам сан-саққа бөлінді. Өтінемін кеңес беріңіздерші?", - деген Еркебұлан көптің ақылына жүгініп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737978-azyraskan-kelinsekti-sjip-kalgan-zigit-elden-kmek-srady/