Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астананың қақ ортасында ағып жатқан жуынды қалдықтары тұрғындардың ашуын келтірді

Опубликовано:

Астананың Жағалау ықшам ауданы, Е-16 көшесінде бой көтерген тұрғын-үйлерлерге кәріз жүйесі дұрыс тартылмаған. Салдарынан аудандағы құдықтар жуындыға толып, тіпті асып кетіп, тұрғындарды әбігерге салатын көрінеді. Олардың айтуынша, әсіресе жаңбыр жауған күндері үй арасымен жүру мүмкін болмай қалады екен. Лас су көше мен жылға-жылғалардың бәрін алып кеткен. Бұған қоса ауданда желсіз күндері "дендеп алатын" жағымсыз иіс тағы бар. Елордалықтар әкімдікке қанша шағымданғанымызбен, мәселе шешілетін емес дейді. Бұл түйіткілді мәселесін қала тұрғындары NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Коллаж: NUR.KZ
Коллаж: NUR.KZ: UGC

Астанадағы атышулы "Жағалау" ықшам ауданында тағы да шу шықты. Аудандағы Е-16 көшесінің бойындағы тұрғын-үйлердің ауласын лас су кернеп, үйдің ішкі қабырғалары көгеріп кеткен.

"Бізде кәріз жүйесі дұрыс тартылмаған. Жуынды су баратын құдықтар бір-біріне дұрыс жалғанбағандықтан, кір су сыртқа осылай асып төгіледі де жатады. Негізі аулада бұл шұңқырларды тазартатын насос та бар. Бірақ ол істемейді. Өз ақшамызға қанша рет құдықтарды да тазарттық",-дейді ықшам аудан тұрғындары.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Сонымен бірге олар желсіз күндері аталған ауданда тыныс алудың өзі қиындап кететінін алға тартты. Қолқа қабатын жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындар, аталған мәселе тез арада шешілсе екен дейді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

"Осы үйдің іргетасын қалап, инженерлік жұмыстарды жүргізген, кәріз жүйесіне жауапты мердігер компания болған еді. Бірақ естуімізше олар банкротқа ұшырап, осы ауданда істелінуі тиіс жұмыстарды атқаратын компанияны әкімдік тендер арқылы анықтап, сол компанияға беруі керек еді. Бірақ өкінішке орай ондай ештеңе көріп отырған жоқпыз.

Қазір шынымызды айтсақ, үреймен өмір сүріп келеміз. Себебі үйдің астының бәрі жуынды суға толы, подвалдардың бәрін көк басып кеткен. Қарағандыда "Бесоба" тәрізді бір күні үйіміз құлап кетпесіне кім кепіл?",-дейді тұрғындар.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Тұрғын-үй иелерінің сөзіне сенсек, мәселеге бұған дейін тіпті қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі де араласқан екен. Алайда әкім келгеннен кейін тіршілігіміз оңала ма деген тұрғындар "баяғы жартас бір жартастың кебін киіп отырмыз" дейді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

"Әкімдік өкілдері мамыр айының соңында осында келген еді. Біз осы мәселені олардың алдында тағы да көтерген едік. Атқамінерлер 10 күннің ішінде мәселе шешіледі, тиісінше "Астана су арнасы", "Астана арық" сияқты компаниялар үйімізді өз балансына алады деп сендірген еді. Бірақ, өзгерген түк жоқ. Осылай жүргенде қыс түсіп, мәселе өз шешімін таппай ма деп қорқамыз",-дейді тұрғын.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Аталған жайтқа қатысты Астана қаласының Есіл ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда, ондағылар "аталмыш жайт әкімдіктің сәулет және қала құрылысы басқармасының құзыретінде екенін, осы мақсатта басқарма басшысы Сергей Хорошунға хат жолданды" деп қысқа ғана жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1739823-astanany-kak-ortasynda-agyp-zatkan-zuyndy-kaldyktary-trgyndardy-asuyn-keltirdi/

pixel