Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістандық қария төрт әйелінің арқасында 300 немере, 70 шөбере сүйіп отыр (фото)

Жарияланған күні:

Түркістан облысында төрт рет шаңырақ көтерген 92 жастағы қарияның 300 немересі бар, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Сайдығаны Саиджалалов үшінші әйелі Шахадат Рахимовамен
Сайдығаны Саиджалалов үшінші әйелі Шахадат Рахимовамен: UGC

Төлеби ауданында ел демографиясының өсуіне сүбелі үлес қосқан қария тұрады. 92 жастағы Сайдығаны Саиджалалов төрт әйелінен 20 ұл-қыз сүйген.

Мектепті бітірген ол Отан алдындағы борышын өтемек болады. Алайда салмағы мен бойы талапқа сай келмеген соң әкесі оны үйлендіріп, ертерек немере сүйгісі келіпті. Отбасында жалғыз ұл болған Сайдығаны Саиджалалов осылайша 18 жасында өзінің түйдей құрдасы Құрбанжанмен шаңырақ көтереді.

Бақуатты отбасыдан шыққан Сайдығаны ақсақалдың әкесі ұрпақ саны көп болсын деген мақсатпен екінші рет үйленуіне батасын береді. Араға уақыт салып Сайдығаны ата үшінші рет шаңырақ көтереді. Өзінен 12 жас кіші Шахадат Рахимоваға үйленгенде қарияның жасы отызға таяп қалған екен. Араға уақыт салып төртінші әйел алу туралы шешім қабылдайды. Оны естіген Шахадат апа алғашында қызғандым дейді.

Сайдығаны Саиджалалов үшінші әйелі Шахадат Рахимовамен
Сайдығаны Саиджалалов үшінші әйелі Шахадат Рахимовамен: UGC

"Қара шаңырақта Садығанымен бірге мен тұрдым. Қалған әйелдері бөлек-бөлек үй болды. Оларға барып тұрды. Төртінші рет шаңырақ көтеремін дегенде қызғандым, бірақ қайын атам мән-жайды түсіндірді. Себебі осынша дүние мен үйге ие болып қалатын ұрпақтың қажет екенін айтты. "Келінім, келіндерімнің ішінде сені артық көремін. Бірақ үйленемін десе, қарсы болма. Ол менің жалғыз ұлым, мен ұрпағымның көп болғанын қалаймын. Балалардың барлығын өз перзентіңдей көр" деп кеңесін айтты. Қайын атамның осы кеңесі әлі күнге дейін есімде. Шүкір, барлық ұл-қыз отбасы болып, 300 немере сүйіп отырмыз. Олардың ешбірін бөле жармаймыз", - дейді 80 жастағы Шахадат әжей.

Төрт рет шаңырақ көтерген қарияның үш әйелі де өмірден озған. Ал олардың дүниеге әкелген перзенттері Шахадат апа мен Сайдығаны қарияның тәрбиесін алған.

Бүгінде Сайдығаны ақсақал 20 ұл-қыздан 300 немере, 70 шөбере және 6 шөпшек сүйіп отыр.

Сайдығаны Саиджалалов пен Шахадат Рахимова немерелерімен
Сайдығаны Саиджалалов пен Шахадат Рахимова немерелерімен: UGC

Қарияның үлкен перзенті 75 жасқа толады, ал тұңғыш немересі 55-те.

"Перзенттерім мен немерелерімнің барлығына есімді әйелім екеуміз қойдық. Қазір жасым келді ғой, немерелерімнің кім екенін білгеніммен, есімдерінен шатасып қаламын. Әйелім жатқа біледі", - деп сөзін жалғады ақсақал.

Шахадат апа қара шаңырақта қандай да бір жиын болатын болса, перзенттері мен немере-шөберелері кезекпен келеді, себебі барлығы үйге сыймайды дейді.

"Құдайға шүкір, ұл-қызға да, немере-шөбереге де баймыз. Біздің әулетте қуаныш жыл он екі ай тоқтамайды. Кейде бір күнде бірнеше немеренің туған күні болып, таңертеңнен түске, түстен кешке дейін деп уақытпен үйлеріне барып құттықтап шығамыз", - деді үлкен әулеттің отанасы.

Сұхбат барысында қариядан көп әйел алуының басты себебін де сұрап білдік.

"Өзім ұлдардан жалғыз өстім. Бала күнімнен үлкен отбасыны, перзенттерімнің көп болуын армандадым. Алла тілегімді қабыл етіп, 20 ұл-қыз сүюді нәсіп етті. Соңымнан қалған ұрпағым көп болса деген тілек қой мендегі", - деген қария ұзақ өмір сүрудің негізгі құпиясымен де бөлісті.

Төрт әйел алып, 300 немере сүйген 92 жастағы ақсақал кім? (фото)
Төрт әйел алып, 300 немере сүйген 92 жастағы ақсақал кім? (фото): UGC

"Жасым 92-де. Алланың берген жасын жасармын. Менің әкем жүз жасаған кісі. Өзімнің де денім сау, шүкір. Өмірімде спирттік ішімдік ішіп, темекі тартып көрген адам емеспін. Денімнің саулығы сол салауатты өмір салтын қалыптастыруымда шығар", - деген қарияның әңгімесін жалғаған Шахадат апа шаңырақта жылқының еті мен қымыз, қымыран үзілмейтінін жеткізді.

"Зейнетақы түссе болды, жылқының етін аламыз. Үйде жылқының еті еш үзілген емес. Сайдығаны жас күнінде аттан түспеген. Ұзақ жасауының сыры да сол қазақтың жылқысында ғой", - деп сөзін түйді Шахадат апа.

Материал ҚР заңамасымен қорғалған. Материалды таратуға, көшіріп басуға тыйым салынады!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1742998-trkistandyk-karia-trt-jelini-arkasynda-300-nemere-70-sbere-sjip-otyr-foto/