Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар Ыстықкөлде демалудың артықшылығы мен кемшілігін айтты

Опубликовано:

Жаз маусымы басталған сәтте қазақстандықтардың көбі еңбек демалысына шығып, ел аралап, шетел асатыны жасырын емес. Көршілес жатқан Қырғызстанға да демалуға баратын отандастардың саны біршама. NUR.KZ порталының тілшісі Қазақстан жұртшылығының қырғыз елінде қалай демалатынын біліп қайтты.

Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ
Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ: UGC

Әлемге әйгілі Орта Азия жауһары саналатын Ыстықкөлдің Қырғызстанда орналасқаны бәрімізге аян. Ел азаматтарының көбі осы көлге келіп, демалғанды ұнататын көрінеді. Бірі осы аймаққа келулерінің себебін бағаның арзандығымен байланыстырса, бірі көлдің шипасын айтып жатты.

Елмұрат пен Айзада - Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студенттер. Биыл Ыстықкөлге демалу үшін арнайы келген. Олар қазақстандық оқу ордасына тиесілі спорттық-сауықтыру лагеріне орналасыпты.

"Көңіл-күйіміз керемет. Жақсы орналастық. Ыстықкөлге бірінші рет келгесін, барлық тамаша орындарын көруге асығып тұрмыз. Тұзды көлі ерекше табиғат орны дейді осындағылар. Сол себепті соған барғымыз келіп тұр. Үш күніміз ойдағыдай өтеді деген сенімдеміз", - дейді жастар.
Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ
Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ: UGC

Лагерьде оқу орнының қызметкерлері, студенттерінен бөлек сырттан да адамдар келіп демалады екен. Адам басына жағдайы бар бөлмелер 4500 теңге болады. Оған жатын орын мен үш мезгіл тамақ кіреді. Ал қол жуғышы мен дәретханасы қабатта орналасқан бөлмелер тәулігіне 3800 теңге болатын көрінеді.

"Біз арнайы жалданған автобуспен келдік. Алматыдағы "Сайран" вокзалындағы автобустардың барып-қайту құны - 9000 теңге. Ал, ғаламтор арқылы бөлек автобустар іздесеңіз, 7000 теңгеге де табуға болады", - дейді Елмұрат пен Айзада.

Жағажай лагерьден 100 метр қашықтықта орналасқан. Бөлек ақыға мұнда арнайы су банандары, катамарандар бар.

Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ
Айзада мен Елмұрат. Сурет: NUR.KZ: UGC

Ыстықкөлге арнайы демалу үшін қазақстандықтардың ішінде Алматыдан келген Қуаныш пен Нұрлыайым да бар. Олар екі баласымен бірге "Тұлпар" демалыс орнында тұрақтаған. Биыл үшінші рет келіпті. Бес күн бойы сауығып, күнге қыздырынып, ерекше демалыс өткізіп жатыр екен.

Нұрлыайым Данаева. Сурет: NUR.KZ
Нұрлыайым Данаева. Сурет: NUR.KZ: UGC
"Ыстықкөлдің суы ерекше шипалы, саз балшығы да қаншама дертке дауа. Биыл үшінші рет келіп отырмыз. Жағдайлардың бәрі жасалған. Мұндағы қызметкерлер өз жұмыстарын жақсы біледі, сыпайылық танытады. Бір апталық демалысты қалтамыз көтергендіктен жылда осында келіп тұруға тырысамыз", - деді Қуаныш пен Нұрлыайым.
Естай, Нұрлыайым, Қуаныш, Жазира. Сурет: NUR.KZ
Естай, Нұрлыайым, Қуаныш, Жазира. Сурет: NUR.KZ: UGC

"Қырғыз елінде демалу тиімді ме, әлде Қазақстанда осындай сомаға демалатын орындар жоқ па?" деген тілшінің сұрағына Нұрлыайым былайша жауап берді:

"Біз Қазақстанда да демаламыз. Алматы маңындағы Қапшағайда да болғанбыз. Тек Қырғызстанға емес, Түркияға да, Италияға да сапарлап барғанбыз. Әлемді шарлап, көрікті жерлерінде демалғанның несі айып?!"
Қуаныш пен Нұрлыайым қыздары Жазирамен бірге. Сурет: NUR.KZ
Қуаныш пен Нұрлыайым қыздары Жазирамен бірге. Сурет: NUR.KZ: UGC

Қуаныш пен Нұрлыайымның балаларымен бірге демалып жатқан шипажайдың бағасы бір тәулігіне адам басына 1000 сом (5000 теңге) екен. Бір күндік үш мезгіл тамағына 700 сом (3500 теңге) болады.

Ескере кететін жайт, қазақстандықтар Қырғызстан мемлекетіне жеке куәлігімен өте алады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балалар шекарадан тек шетел төлқұжатымен өтеді. Төлқұжат болмаған жағдайда баланың ата-аналары көші-қон қызмет басқармасынан арнайы анықтама алуы шарт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1743534-kazakstandyktar-ystykklde-demaludy-artyksylygy-men-kemsiligin-ajtty/

pixel