Нұрлан Смағұлов қазақстандықтарға өзінің сүйікті суреттерін көрсетеді
Жарияланған күні:
27 қыркүйек күні Астана қаласында бизнесмен әрі меценат Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясынан қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің туындыларының көрмесі ашылады. "Өнердегі өмір" атты экспозиция 21 қарашаға дейін жалғасады деп хабарлайды NUR.KZ.
"ForteBank Kulanshi ArtSpace" галереясының келушілері Жәнтай Шарденовтың, Павел Зальцман мен Салихитдин Айтбаевтың, Шаймардан Сариев пен Әбдірашит Сыдыхановтың, Тоқболат Тоғызбаевтың және Бақтияр Табиевтің туындыларымен қатар график шеберлері Исатай Исабаев пен Мақым Қисамединовтың, сондай-ақ мүсінші Еркін Мергеновтің жоғары деңгейдегі шығармаларын тамашалайды.
Алпысыншы жылдардағы суретшілердің жұмыстары Қазақстанның бейнелеу өнерінің әр түрлі тарихи кезеңдеріндегі қалыптасу үрдістерін көруге мүмкіндік береді.
Нұрлан Смағұлов соңғы рет 1990-жылдардан бастап толықтырылған өз топтамасының шедеврлерін үш жыл бұрын көрсеткен болатын.
Классиктер мен замандас шығармашылық иелерінің туындыларынан тұратын жеке коллекцияның жауһарлары "Алматы" мемлекеттік өнер мұражайында көпшілік назарына ұсынылған.
Коллекция – қабырғалардағы әдемі және қызықты суреттердің бірнеше жиынтығы емес. Бұл жерде замандастардың шығармашылығына деген қызығушылық, коллекционерде ерекше сипат пен талғам, батылдық пен дербестік болуы керек. Ал табысты бизнесменнің топтамасында мыңнан астам картина бар. Ол әр шығарманың мән-маңызын, салмағын ұғынып, ұнатып қана сатып алады. Смағұловты Гуггенхайм, ағайынды Третьяковтармен, Мамонтовтармен салыстыруға әбден болады.
Жантай Шарденовтың әсем кескіндемесінің темпераменттілігі, Павел Зальцманның акварельдерінің ашықтығы, өзге де сүйікті суретшілер туралы Нұрлан Смағұлов тоқтаусыз сөйлей алады.
"Мен үшін коллекционерлік шаруа тек өзіңнің субъективті құмарлығыңның көрінісі ғана емес. Сонымен қатар ол еліміздің бейнелеу өнерінің кішігірім тарихын көруге мүмкіндік береді. Мен жаңа жұмыстарды іздеуге біраз уақытымды жұмсасам да, өзіме қызықты суретшілердің тағдыры туралы көп нәрсені білдім және олар өмір сүрген кезеңді түсіндім. Өнерсүйер көпшіліктің бақытына орай, осы шеберлердің кейбір жұмыстарын мен сатып алдым. Бұл әуесқойлығым – менің таңдауым, менің өмірім! Қазақстандық суретшілердің өнері мен шығармашылығы – еліміздің қымбат қазынасы" ,- дейді Смағұлов.
Қазақстан астанасындағы ForteBank бас кеңсесінің бірінші қабатында орын тепкен "ForteBank KulanshiArt Space" галереясы екі жыл бұрын ашылғанын еске саламыз. Бұл банк пен "Құланшы" заманауи өнер орталығының бірлескен жобасы. Мұнда әр шығармашылық иесі өз туындыларын көре алады. Ал кіру – тегін. Елорда тұрғындары мен қонақтары галереяға еркін барып, бейнелеу өнері туындыларымен таныса алады.
Галерея қазақстандық суретшілерді қолдау және Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мақсатында құрылған. Ол заманауи өнерде және ағартушылық-шығармашылық орталығында өзекті үрдістерді алға жылжытуға арналған алаң қызметін де атқарады. Ондағы экспозициялар үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Коллекцияның көптеген суреттерін банк шетелден сатып алып, Қазақстанға қайтаруда. Осылайша "ForteBank", Нұрлан Смағұлов сияқты өнер жанашырлары Қазақстанның мәдени мұрасын дамыту мен сақтауға инвестиция салуда.
Айта кетейік, кәсіпкер Нұрлан Смағұлов Қазақстанда "MEGA" СОО және "Astana Motors" автоорталықтары сияқты жарқын және табысты бизнес-жобалардың авторы ретінде танымал.
Ол меценат әрі өнерді бағалай біледі. Мысалы, бизнесмен – өнер саласындағы "Тарлан" қазақстандық сыйлықты тағайындаушылардың бірі. Оның компаниясы "ARTиШОК" театрының жаңа сахнасының құрылысына демеуші болды және көптен бері МЕГА-орталықтарды безендіруде тамаша жұмыстарымен көзге түсіп жүрген мүсінші Эдуард Казарянмен бірге жұмыс істейді.
Сонымен қатар көпшілік Нұрлан Смағұловты әртүрлі жастағы қазақстандық шеберлердің кескіндеме және мүсін туындыларын жинайтын белгілі коллекционер ретінде де біледі. "Ең алғашында суреттерді эмоционалдық қызығушылықпен, кейде кездейсоқ жинастырсам, бес жылдан соң коллекция жинаумен мақсатты түрде айналыса бастадым", - дейді бизнесменнің өзі.
Бүгінгі өнертанушылар бизнесмен коллекциясындағы шығармалар жинағын Орта Азиядағы ең ірілерінің бірі ретінде бағалауда. Пегги Гуггенхайм мен Павел Третьяков сияқты Нұрлан Смағұлов та асыл да қымбат дүниелерді байлық үшін жинамайды. Оның мақсаты – өз жерлестерінің шығармашылығын отанымызда сақтау. Сондықтан да ол көп жылдардан бері өз коллекцияларын белсенді түрде көрсетіп келеді. Смағұлов шеберлердің еңбегін өз отандастарымен, әлемімен бөлісуге тырысады. Бақытымызға орай, еліміз қай кезеңде де талантты суретшілерге бай болды.
Кейбір шеберлермен коллекционер жеке таныс болғанын да атап өтті.
"Мен Эдуард Казарян, Алмагүл Меңлібаева, Асқар Есдәулетов, Дулат Әлиев, Асқар Есенбаев, Андрей Нода сияқты суретшілермен кездестірген тағдырыма ризамын. Олардың әрқайсысы кескіндеме мен мүсіндегі өздерінің қайталанбас жеке стилі арқылы менің өнер жайлы түсінігімді кеңейтті. Біздің өнер саласындағы "Тарлан" сыйлығымызды қолдаған талантты суретші Әбдірашит Сыдыхановпен өмірінің соңғы күніне дейін жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол қазақ сурет өнерінің келбеті іспетті", - деп сөзін қорытындылады Нұрлан Смағұлов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1752586-nrlan-smaglov-kazakstandyktarga-zini-sjikti-suretterin-krsetedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.