"Өрттен қорқамыз": Оралда жер үйде тұратын көпбалалы әйел жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Бұрынғы балалар үйінің тәрбиеленушісі Татьяна Ульченкова жолдасы және төрт баласымен жер үй жалдап тұрып жатыр. Әйел Астанадағы өрттен кейін балалардың өмірі үшін алаңдайтынын айтты. Көпбалалы ана жер үйдегі пеш қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келмейтінін жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ.
"Пеш - өте қауіпті. Оны жолдасым қолдан жасады. Үйден әрқашан газдың иісі шығып тұрады. "Тұншығып қаламыз ба" деп қорқамыз. Астанадағы бір үйдің бес баласы қайтыс болған өртті бәрі естіді", - деді әйел.
29 жастағы Таьяна Ульченкованың айтуынша, ол балалар үйіне 10 жасында тап болған. Оның әкесі мен анасы мүлде жұмыс істемепті. Сол үшін ата-ана құқығынан айырылған.
Ол балалар үйіндегі өмірі қиын болғанын және қазір де ештеңе өзгермегенін жеткізді.
Татьяна 2009 жылы үйдің кезегіне тұрыпты. Осы уақытта отбасы құрамы 4 баламен толыққан.
Ең үлкені Кирилл - 7 жаста, Роман - 5, Артем жақында 3 жасқа толса, ең кішісі Вероника 8 айлық екен.
"Үйдің кезегі өте баяу қозғалады. Біз бір бөлмелі жер үйді 10 000 теңгеге жалдап тұрамыз. Одан бөлек коммуналдық қызметке төлейтініміз бар. Өте қиын. Ақша жетпейді. Балалар өсіп қалды. Менің арманым - баспаналы болу", - деді Татьяна Ульчекова.
Ол 35 жастағы жолдасының жалақысы 42 мың теңге екенін жасырмады.
Күйеуі типографияда қызмет ететінін айтты.
Бұдан бөлек кіші баласы үшін айына 21 мың теңге түседі екен.
"Жолдасым үнемі жұмыста. Балалар оны сирек көреді. Ол ақша тауып келгенімен, тек азық-түліктен артылмайды. Балаларға жеміс-жидек, көкөніс, ет алуға қаражат бола бермейді", - деді көп балалы ана.
Оралда үйдің кезегіне 19 мың адам тұрған.
Көпбалалы ананың сөзінше, ешкім заңды пәтерді қай уақытта беретінін айта алмайды.
"Қазір ол 340-шы кезекте тұр. Бұған дейін 364-те болған. 2018 жылдың желтоқсан айында кезекте тұрған адамдарға 180 шаршы метр үйді эксплуатациялаған. Соның 36 пәтерін балалар үйінде тәрбиеленген адамдарға берген. Кезек жүруде", - деді жекешелендіру және тұрғын үй секторының маманы Айнұр Ахметова.
Айта кетейік, Орал қаласында әлеуметтік көмек арқылы 236 отбасы үй алған.
Татьяна Ульчековамен байланысқы келгендер 8 777 237 09 52 нөміріне хабарласуға болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1777205-rtten-korkamyz-oralda-zer-jde-tratyn-kpbalaly-jel-zanajkajyn-ajtty/