Ақтөбелік көпбалалы аналар пәтер алудың жеңіл жолын ұсынуды сұрап отыр (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде көпбалалы және жалғызбасты аналар бүгін әкімдікке келді. Жәрдемақының аздығын айтқан олар баспана алуға жеңілдіктер сұрап отыр деп хабарлайды NUR.KZ.
"Мен өзім 60 жастамын, 82 жастағы анам бар. Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде берілген үйді тірі кезінде өзіне аударып берсе дейміз. Анамның үлкен қызымын. Мүгедек болсам да шырылдап осы жерге келіп тұрмын. Келіндерімде 5-6 баладан бар. Ақшалары жетпейді. Біздің балаларымыз арба сүйреп, күнкөріс үшін жанталасуда.
Ресейде бір бала туса көлік, екі балаға үй береді екен. Біздің танысымыз қазір сол жақта осындай көмек алып отыр. Біздікілер 16 мың теңгелерін көп көрмесін! Үкімет әр балаға 20 мың теңгеден төлеу керек. Олардың өздеріне айлық қылып сол 16 мың теңгені беріп көрсінші. Миллиондап жалақы алатындар тиын санап отырған халықтың атынан сөйлемесін", - дейді Рая Шангереева.
Тағы бір келіншек қиын жағдайын айтып тұрып жылап қалды.
"Менің 9 және 10 жастағы екі балам бар. Жалғызбасты анамын. Жасым 31-де. Жолдасыммен 2011 жылы ажырасып кеттім. Бұл жерге баспана мәселесімен келдім. Тігінші болып жұмыс істеймін. 30 мың теңге жалақы аламын. Оның 25 мың теңгесін пәтерақысына беремін. Балаларымның әкесі алимент төлемейді", - дейді Жұлдыз Ерболатқызы.
Көпбалалы аналардың дені Астанада бес баласы өрт қаза болған отбасының жағдайын мысал етіп жүр.
"Астанада болған жағдай бәріне сабақ болсын. Көпбалалы аналардың жағдайы жасалу керек. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Тапқанын пәтерге беріп отырмыз. Үй болмаған соң қиын. Бізге баспана алудың жеңіл жолын ұсынса, пәтерге берген ақшамызды үйге салар едік", - дейді Нұргүл Болатқызы.
Әкімдік өкілдері 15 мың теңге жәрдемақы алып отырған отбасылардың барын да айтып берді.
"Адамдар далада қаңғып жүрмеуі керек. Біз мұның күрделі мәселе екенін түсінеміз. Дегенмен, заңға бағынуымыз керек. Қазір қалада 9800 бала әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Барлығы 765 отбасы әлеуметтік көмек алып отыр. Әрбір отбасы табыс көлеміне қарай әртүрлі алады. 15-20 мың теңгеден бастап, 120 мың теңгеге дейін алатын отбасылар бар", - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағанбетова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1777423-aktbelik-kpbalaly-analar-pter-aludy-zeil-zolyn-synudy-srap-otyr-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.