Жамбыл облысында Наурыз мерекесі ұлан асыр тойланып жатыр (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін 21-наурыз – «Ұлыстың ұлы күні» ретінде аталып, «Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекелік іс-шарасы өтуде. Бұл күні «Атшабар» скверіндегі абаттандыру жұмыстары аяқталып, «Жастар аллеясы» болып қайта ашылды. Бұл «Жастар» жылына орай тамаша тарту болды.
Аталған саябақта «Ұлы дала ұландары» стелласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші және “Сахна” алаңшасы ашылды.
Айта кетейік, мереке күні аталмыш «Жастар» аллеясы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздардың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылды.
Желтоқсан көшесінің бойына 9 киіз үй тігіліп, онда өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, және мүгедек жандарға арналып дастархан жайылды. Сондай-ақ, Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан шатырлар мен ашық аспан астында 300 метр жайылған дастарханнан барша қала тұрғындары мен қонақтары дәм татып, мәре-сәре болып жатты. Мұнда барлығы шамамен 5 мың адамға жуық наурыз көже үлестірілді. Ал, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ұлттық спорт ойындарынан жарыс, алтыбақан ұйымдастырылып, мереке маңызы айшықтала түсті.
«Балқарағай» фитобары
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Тараз қаласында «Балқарағай» фито бар емдеу-сауықтыру орталығы ашылды. Өңір басшысы алдымен фитобар аумағында ардагерлермен бірге тал егу рәсіміне қатысты.
Облысымызда тұңғыш рет ашылған фитобарда алдағы уақытта келушілерге арналып емдік өсімдіктерден дайындалған түрлі тағамдар мен сусындар, денсаулықты жақсартатын диеталық өнімдер ұсынылмақ. Фитобардың негізгі мақсаты салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау болып табылады.
"Ұлы дала ұландары" стелласы
"Ұлы дала ұландары" стелласында "Ұлы даланың елі мен жерін сүйген, тарихы мен салт-дәстүрін ардақтаған, ар-намысы мен адал махаббатты ту еткен ұл-қыздарына арналған» деп жазылған. Сән-салтанаты жарасқан стелаға жазылған осы бір көркем сөз, жастардың санасының төрінен орын алады деген сенімдеміз.
Осынау стела ғашықтық сезімінің шынайылығын үлгі етіп, махаббат символына айналған Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қарахан мен Айша бибі махаббатын үлгі тұтар жастарға үлкен сый болып отыр. Биікті 15 метрді, ені 3,5 метрді құрайтын стеланың бір бетіне қазақ батырының, бір бетінде қазақ аруының бейнесі бейнеленген.
«Білім алаңы»
Білім алаңының жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Онда 600 орындық ашық аспан астындағы амфитеатр орналасуда. Амфитеатр сахна 14 бағанадан тұратын арка негізінде бой көтеруде. Оның ұзындығы – 42 метр, ені – 16 метр. Ал, биіктігі – 12 метр. Бағана үстіндегі маңдайшаның сыртқы үш жақтауына үш тілде білім туралы қанатты сөздер жазылған. Атап айтар болсақ, латын қарпіндегі қазақ тілінде: «Білім – өмір шырағы», көне түрік тілінде: «Білімсіз күнің жоқ», ағылшынша: «Күш атасы – білімде» деп жазылған.
Мұнда алдағы уақытта әр жылы білім күні салтанат құрады. Жыр оқылады, әдеби әлемдегі Абай мен Жамбыл, Мұқағали, Әуезов, Мүсірепов секілді, тағы басқа ақын жазушылардың оқуларын өткізу өз үрдісін табады. Түрлі интелектуалды пікір сайыстар өтетін болады.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен орайлас келген осынау нысанның ашылу салтанатында қаламыздың құрметті қонағы, елімізге белгілі көрнекті ғалым, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі сөз сөйлеп, тағылымды ойларымен бөлісті.
«Jastar» қабілет орталығы
Бұл нысан «Табыс» ЖШС демеушілігімен бой көтерген. Мұнда жақын маңдағы бірқатар орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерінің ғаламтор арқылы өздеріне қажетті ақпараттар іздестіріп тауып, оқу үрдісіне пайдалана алады. Бірегей жобаның жобалық құны 47 миллион теңгені құрайды. Оның жалпы аумағы 288 шаршы метрді құрайды. Орталықта 16 адамға арналған «коворкинг» залы мен 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. «Wi-fi» желісімен қамтамасыз етілген. Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында бой көтерген орталық олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлкен әсерін тигізеді деп күтілуде.
«Кітап» стелласы
Таразда «Кітап» стеласы ашылды. Стеладағы шағын тақтайшаға: «Кітап – білім бұлағы» деген аталы сөз айшықталып жазылған. Стеланың қос шетіне шағын кітаптар тізбегі қойылған.
Ашылған кітап кейпіндегі ескерткіштің қос парақ-беттеріне Әл-Фарбидің «Шын білім – ақиқат, анық білім», Ж.Баласағұнның «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», М. Қашғаридың «Бақыттың белгісі – білім», А.Исауидің «Кітап аш та, мәнін ұқ», Абай Құнабаевтың «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба», Ш.Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» және т.б. орамды ойлар мен тағылымды сөздер қашалып жазылған.
Бұл ескерткіш – қала тұрғындары мен қонақтарын, жас ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында бой көтерген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1784706-zambyl-oblysynda-nauryz-merekesi-lan-asyr-tojlanyp-zatyr-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.