Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үміт үзбейміз: Белгілі блогер 14 жыл бұрын із-түссіз жоғалған сіңлісінен хабар күтуде

Жарияланған күні:

Отандық блогер, Instagram желісінде дәмді ас дайындау тәсілдерін үйрететін Аянат Қасымова 14 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен сіңлісі Ақторғын Сартаеваға іздеу салуда. Жақындары 12 жасында көз жазып қалған Ақторғынды іздеу жұмыстарын әлі күнге дейін тоқтатпаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ақторғын Сартаева 1993 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келген. Мектепте озат әрі өнерлі оқушы болған ол 2005 жылдың 9 қазанында Алматы қаласы Түрксіб ауданының Теміржолшылар Мәдениет үйінен шығып, өз үйіне қарай беттеген.

Алайда, аталған күннен бері Ақторғынды бір көруге ата-анасы зар болып отыр. Мектеп оқушысы үйіне сол күйі оралмапты.

«Ақторғын, жаным, сенің жоғалғаныңа 14 жыл өтсе де, үмітімізді үзген жоқпыз. Егер осы жазбаны оқып, өзіңді танысаң, есіңді білсең, хабарласшы. Қандай жағдай болса да, біз сені күтеміз.

Әжеміз де сені зарыға күте өмірден озды. Сені қалай сағынғанымызды білсең ғой... Әттең, белгісіздік жанды жегідей жейді.

Адамнан үміт үзілген емес. Үлкен үмітпен сені күтудеміз», - деп жазады Ақторғынның әпкесі Аянат.

Аянат Қасымованың айтуынша, туыстарының Ақторғынды іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Отбасында қандай да бір ұрыс-керіс немесе реніш болмапты.

Сондай-ақ, өнерлі Ақторғын қаладағы ән байқауларында бірнеше рет жеңімпаз атанған.

«Бізден 14 жыл бойы неге іздемей, енді шығарып жатырсыңдар деп сұрайтындар көп. Осы орайда, біздің 14 жыл бойы іздеуді мүлде тоқтатпағанымызды ескерткім келеді.

Интерполдан бастап, «Жди меня», «Бармысың, бауырым» бағдарламаларына сұрау салдық. Балшы-балгерлердің де алдын тоздырдық.

Қазір әлеуметтік желі дамыған заманда, Ақторғын өзін танып, бізге хабарласып қалар деген оймен жариялап жатырмыз», - дейді блогер.

Ақторғын Сартаева 2005 жылы оқушы кезінде жоғалып кеткендіктен, оның қазіргі бейнесін ешкім де білмейді. Яғни, оқушы кезіндегі суреті арқылы іздеу салынуда.

  • Ақторғын Сартаева жоғалып кететін күні көк джинсы шалбар, ақ кроссовки, қоңыр түсті жемпір киген. Қолында Nokіa-3100 ұялы телефоны болған. Сол кездегі өлшем бойынша бойы 1 метр 40 см. Шашы ұзын, белден төмен түседі. Қою қоңыр түсті.
Әпкесі Ақторғын Сартаеваға арнайы Instagram парақшасын ашып қойған. Әлеуметтік желі қолданушылары оның аман-есен табылуына тілектестік білдіруде.

Жақында Ақторғынның туыстары ТМД-ға танымал экстарсенстің қабылдауында болып, оның тірі екені туралы ақпар алған соң, үміт оты қайта маздай бастады.

Туыстары Ақторғын Сартаева суреттен өзін танып, әлеуметік желілер мен сайттардан өзін көрсе, байланысқа шығуын өтініп сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1789068-mit-zbejmiz-belgili-bloger-14-zyldan-beri-iz-tssiz-zogalgan-silisinen-habar-ktude/