Олжас Әбішев: Цифрлық буын өскен кезде цифрлық қызметтерге деген сұраныс артады

Опубликовано:

Бүгінгі сұхбатымыз ел медицинасын цифрландыру жағдайына арналады. Өйткені, тың технологиялар денсаулық сақтау саласына жаңа серпін әкеліп, оң өзгерістерге бастауда. Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевпен әңгімелесіп, бұл саланың жетістіктері мен алдағы жоспарларын сұраған едік. Олжас Амангелдіұлы бізге азаматтардың жаңа лауазым иесінен не күтетіндігін, алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласы қалай өзгеретінін айтып берді.

Олжас Әбішев: Цифрлық буын өскен кезде цифрлық қызметтерге деген сұраныс артады

- ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалғаныңызға жақында 1 жыл толады. Осы уақыт аралығында Қазақстан медицинасы қалай дамыды? Немен толықты?

- Менің бұл қызметке кіріскеніме 9 айдай уақыт болды. Өзіңіз білетіндей, бұл бір баланың өмірге келетін уақыты. Яғни, белгілі бір іс істелетін, оның нәтижесін көре алатындай уақыт. Атап айтар болсам, өткен жылы көптеген бастаманы бастап, енді міне жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадық. Ең негізгі жетістігіміз – 2018 жылдың аяғында 990 теңге тұратын наркологиялық және психо-неврологиялық анықтамаларды алып тастадық. Қазір олар электронды түрде әрі тегін. Мұны кез келген адам ұялы телефон немесе компьютер арқылы цифрлық қолтаңбаның көмегімен 1 минутта ала алады. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Осы бағыттағы келесі қадам – азаматқа мүлдем анықтаманы алудың қажеті жоқ. Яғни, «анықтама әкел» деген талаптар түбегейлі жойылады. Осындай проактивті қызметтерді үлкен жетістіктердің бірі деп санаймыз. Екінші жетістік – цифрландырудың арқасында 38 млрд. теңгені үнемдедік. Бұған медицина саласын ішкі оптимизациялаудың арқасында қол жеткіздік. Ол қаржыны бюджетке қайтармаймыз, керісінше оны ішкі нарықтағы ішкі сұранысқа байланысты медициналық дәрі-дәрмектердің көлемін және санын көбейтуге қайта бөліп отырмыз. Яғни, бюджеттен бөлінген 105 млрд. теңгенің ішіндегі 38 млрд. теңге үнемделді, бұл да болса үлкен нәтижелердің бірі деп ойлаймын.

Олжас Әбішев: Цифрлық буын өскен кезде цифрлық қызметтерге деген сұраныс артады

- Өте жақсы көрсеткіш! Тағы қандай жаңашылдықтар орын алды?

- Тағы бір жетістік – азаматтарға берілетін тегін дәрі-дәрмектердің сол азаматқа дейін жетуін қадағалайтын жүйені іске қостық. Мәселен, бізде 3 млн. адам хроникалық ауру бойынша ауырады. Сол азаматтарға мемлекет тарапынан медициналық дәрілер мен медициналық қызметтер көрсетіледі. Бірақ кейбір адамдар кепілдендірілген дәріні алмағанын, медициналық қызметті пайдаланбағанын айтатын еді. Осыған байланысты, біз өткен жылдың желтоқсанында sms-хабарламаларын іске қостық. Бұл дегеніміз, егер азаматқа дәрі берілетін болса немесе адамға медициналық қызмет көрсетілетін болса оған хабарламала келеді. Сол sms-тер арқылы белгілі бір тұрғын дәріні алғанын не алмағанын, өзіне қандай дәрі келгенін, талап-арыздарын жеткізе (call-орталықтар арқылы) алады. Желтоқсан айының ішінде 200 мыңға жуық хабарлама жіберсек, соның ішіндегі 2-3 мыңға жуық адамға дәрі жетпеген екен. Осы арқылы біз мұндай олқылықтардың орын алғанын біліп отырмыз. Бірақ, енді мұндай жағдайлар болмайды. Біз осы жоба арқылы тергеу жұмыстарын жасап жатырмыз.

- Сонда мемлекет тарапынан берілетін, тегін дәрі-дәрмектер кей азаматтарға жетпей қалып отыр ма?

- Медициналық мекемелер азаматтарға бердік деп айналымнан шығарып, дәріханаларға береді. Ал дәріханалар болса тегін келіп отқан дәрі-дәрмекті ақшаға сатады. Ал азамат сол дәріні алмаған. Кепілдендірілген дәрі болса сол азаматқа дейін жетуі тиіс. Бір азамат алмаса да ол дұрыс емес. Себебі, ол дәрі мемлекет тарапынан әр адамға кепілдендірілген. Әр азамат ҚР Конституциясы бойынша өзіне кепілдендірілген дәріні алуы қажет. Біз соны телефон арқылы шешудің оңтайлы тұстарын қарастырдық. Осылайша, әр адамға тиесілі дәрі-дәрмектің орынды жетуін жіті назарда ұстап отырмыз. Ал мұның бәрі тек қана цифрландырудың арқасында мүмкін болмақ.

- Ел тұрғындарының жаңа технологияларға (медициналық мекемедегі) бейімделу деңгейі артты ма?

- Электронды түрде кезекке тұру 2017 жылы 15 пайыз болатын болса, 2018 жылы 26 пайыз болды. Яғни, 11 пайызға артып отыр. Оның ең негізгі себебі – көбінесе медициналық қызметтерді алатындар үлкен кісілер. Ол кісілерде смартфон жоқ. Сол себепті біз әр аумақта call центрлерін аштық, егер азаматтарда смартфон болмаса, телефон арқылы жазылуына болады. Сол жердегі оператор оны дәрігер қабылдауына жазып бере алады. Немесе талдау қорытындысын да арнайы оператордың көмегімен білуге болады. Дегенмен, біз бұдан да үлкен көрсеткіштерге қол жеткізгіміз келеді. Осы тұрғыдан, азаматтарға электронды қызметтердің көрсетіліп жатқанын насихаттауымыз керек. Менің ойымша, алдағы 3-4 жылдың ішінде қазіргі цифрлық буын олар өскен кезде цифрлық қызметтерге деген сұраныс артады.

- Цифрлық форматқа көшу өлім-жітім көрсеткішіне қалай әсер етті?

- 2018 жылы 265 адамды инсульттан аман сақтап қалдық. Сондай-ақ, флюраграфиялық түсірілім бойынша өкпе рагымен ауыратын 385 адамды анықтадық. Олар аурудың алғашқы сатысында екен. Яғни, біз аурудың асқынуына жол бермедік. Егер онкологиялық ауруларды осылай флюраграфиялық жұмыстар арқылы дер кезінде анықтап отырсақ, адамдарды ажалдан арашалап қалуға болады.

Олжас Әбішев: Цифрлық буын өскен кезде цифрлық қызметтерге деген сұраныс артады

- Ел аумағында цифрландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Цифрлық тұрғыдан еліміздегі үлкен қалаларда – Астана, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Павлодар жақсы дамып келе жатыр. Себебі, ол жақта жас буын көп шоғырланған. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай аймақтарында үлкен жастағы азаматтар көбірек. Сол себептен де, цифрландыру жобалары орта деңгейді көрсетіп отыр. Цифрлық жобалардың барлығы адамдардың цифрлық оқу деңгейіне байланысты. Егер олар цифрлық деңгейге дайын болса ол жобалар іске асады, ал егер олар дайын болмаса біз оларға цифрлық жобаларды қалай жеткіземіз?!

- Соңғы көрсеткіштер бойынша денсаулық сақтау ұйымдарындағы кезек күту саны 60 пайызға қысқарыпты. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?

- Қазіргі таңда кезекке электронды форматта немесе call орталықтар арқылы жазылуға болады. Осындай жан-жақты қызметтер қарастырылғандықтан кезек күту санын 60 пайызға төмендеттік. Егер емханаға баратын болсаңыз, бір жерде ғана кезек бар. Ол – анализ тапсыратын жерде ғана. Ал тіркеу бөлімінде бұрынғыдай кезек жоқ.

- Биылғы жылға қандай жоспарлар бар?

- 2018 жылы инфрақұрылым мен технологияны көтерсек, осы жылдан бастап, кеңірек насихаттауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде аудандарға насихатталуы қажет. Аудардандарға барған кезде кейбір азаматтар Алматыда немесе Астанада емделгісі келетіндігін жеткізеді. Айтуларынша, олар жергілікті емханаларға барғысы келмейді. Себебі, сенбейді.

- Сол сенбейтін адамдардың сенімін қалай қалпына келтірсек болады?

- Жақсы сұрақ. Ол менталитет сұрағы деп ойлаймын. Тәуелсіздік алғалы бері тарихи қалыптасып келді. Оған кеңес кезінен қалған менталитет те әсер етіп отыр. Мұның бәрі қысқа уақытта шешіледі деп айта алмаймыз. Бірақ, цифрландыру мен корпоративтік басқару арқылы алдағы 5-6 жылдың ішінде азаматтардың көзқарастары өзгеретін шығар деп ойлаймын. Бұл мәселеге дәрігер де, азамат та қатысуы керек. Себебі, тек дәрігерлерді ғана жазалай беретін болсақ, мәселе шешілмейді.

- Жұмысқа деген шабытты қайдан аласыз?

- Бұл жерде маған әріптестерімнің қолдауы зор. Ең бастысы, азаматтардың жаңа лауазым иесінен күтетін нәтижесі өте көп. Сол мақсатта қысқа уақытта көп жұмыстар атқарғымыз келіп тұр. Бірақ, қысқа уақыттағы атқарылатын істер сапаға әсер етпеу керек. Ең бастысы – жақсы жұмыс істеу үшін азамат өз денсаулығына қарау қажет.

- Қазақстанның IT-саласын алдағы 5 жылда қалай елестетесіз?

- IT-саласы күн сайын, сағат сайын өзгеріп отырады. Яғни, көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда. Оның жарқын мысалы ретінде кеше ғана Израильде 3D принтермен басылып шыққан жасанды жүректі айтсақ болады. Алдымыздағы 5 жылда кванттық компьютерлер, кванттық процессор, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері көп болады. Менің ойымша, алдағы 5 жылда дәрігер өзіне қажетті кеңестерді жасанды интеллекттен алып отырады. Яғни, нұсқау беретін көмекші ретінде пайдаланады десек те болады. Дегенмен, хирургтың орнын ешкім баса алмайды.

Сұхбаттасқан Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1790498-olzas-bisev-cifrlyk-buyn-sken-kezde-cifrlyk-kyzmetterge-degen-sranys-artady/