Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сымбат Ғалымбекұлы: Қуыршақтай кәріс жігиттерін көріп, біртүрлі болдым

Опубликовано:

Оңтүстік Корея еліне барып келген КТК телеарнасы жаңалықтарының тілшісі Сымбат Ғалымбекұлы аталмыш елде көзге ұрып тұратын, өзін таңқалдырған, тамсандырған дүниелермен бөлісті.

Сымбат Ғалымбекұлы: Қуыршақтай кәріс жігиттерін көріп, біртүрлі болдым
Фото: КТК: UGC

Аталмыш елге іс-сапар шегудің басты мақсаты – алдыңғы қатарлы медицинамен танысу болатын. Алматы қаласынан әуеге көтерілген ұшағымыз аспан көгінде бес сағат қалықтап ұшып келіп Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайына қонды. 40 млн-ға жуық жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай құдды бір сауда орны іспеттес. Алып әуежай мұражай, дүкен мен мейрамханаға толы.  

КТК арнасының түсірілім тобы автобусқа отырып Оңтүстік Кореяның ғылыми астанасы Тэджон қаласына бетке алды. Сеул мен Тэджон қаласының арасы 150 шақырым екен. Ең таңқаларлығы, жол бойында бір бос жатқан алақандай жер көрмедік. Күріш алқабы мен жылыжайдан көз сүрінеді.   Оңтүстік Кореяның ғылыми-зертттеу орталықтары шоғырланған алып шаһарға да жеттік. Ғалымдар мекенінде 1,5 млн халық тұрады.

Сымбат Ғалымбекұлы: Қуыршақтай кәріс жігиттерін көріп, біртүрлі болдым
Фото: КТК: UGC

Ең қызығы,Тэджон көшелерінде ұзын-сонар кептелісті көрмедік. Өйткені аталмыш қалада аспалы жол, көпірр мен туннель көп екен. Көше бойында арлы-берлі жүйткіген тек корейлік автокөліктер.Көлік ағынында жапон немесе неміс брендтері сирек кездеседі.

Отандық өнімді қолдауды кәрістерден үйрену керек екен. Отансүйгіштік сезімі мол халық өз өнімдерін мақтан тұтып қолдайды. Көзіміз осыған анық жетті. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды әңгімеге тарсаң өз елінің мәдениетін, асхана ерекшелігін мақтанышпен айтып отырады.

Ең алдымен корей тілінде жауап береді, түсінбесең, ағылшын тіліне көшеді. Ізетті, сыпайы. Екі сөздерінің бірі – «аннёнхасеё», «хамсамида». Ол қазақшаға аударғанда «қош келдіңіз», «рақмет». Таңдандық, әрі тамсандық. Кәрістердің мәдениетін білуге құмарттық.

Сымбат Ғалымбекұлы: Қуыршақтай кәріс жігиттерін көріп, біртүрлі болдым
Фото: КТК: UGC

Бір таңқалдырғаны, оңтүстіскорейлік жігіттердің көбісі бетін әрлеп боянып алған. Олар дене, әсіресе бет терісінің күтіміне аса мән береді екен. Сұңғақ бойлы, қуыршақтай әдемі кәріс жігіттерін көргенде біртүрлі боласың.  

Бізге жат қылықтары – косметикалық дүкендердері аралап жүрген ер азаматтар көп. Бұл Оңтүстік Корея үшін үйреншікті құбылыс дейді.    

Заманауи технологиямен жабдықталған 2200 аурухана мен емханасы бар Тэджон қаласы туралы КТК жаңалықтарында сюжет жасадым.

Бұл қаладағы емдеу мекемелеріне бас сұқсаңыз құдды бір шипажай орталығына тап болғандай күй кешесіз. Тексеріліп, күрделі операция жасатуға келген пациенттердің жан тыныштығы үшін барлық жағдай жасалған.

Ақ халаттылар әр науқасқа құдасындай құрмет көрсетеді.Дертіне дауа іздеген емделушілер осы қалаға алыс-жақын шет елден осы жерге ағылатыны да содан болар. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар емделіп қана қоймай, кәріс  халқының тұрмыс-салтымен етене таныса алады екен.

Жат жерде жүргендерді аурухана ұжымы мен қалалық мэрия өкілдері тарихтан сыр шертетін императорлар үйіне, жасыл желегі жайқалған саябаққа, құнды жәдігерлер жинақталған мұражайға және қаланың өзге де көрікті жерлеріне тегін аралатады.  

Екі ел арасындағы визасыз тәртіп отандастарымызға Оңтүстік Корея халқының тыныс-тіршілігімен жақын танысуға – тамаша мүмкіндік.

Автор: Заира Сабитова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804679-symbat-galymbekly-kuyrsaktaj-kris-zigitterin-krip-birtrli-boldym/

pixel