Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгін Денис Теннің өмірден озғанына бір жыл толды

Опубликовано:

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірден өткеніне бүгін бір жыл. Спортшы өткен жылдың 19 шілдесі күні Алматы қаласындағы Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысында автокөлік ұрыларының қолынан жараланып, ауруханада қайтыс болған еді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Денис Тен сол күні аталмыш көшелердің қиылысындағы кафеден күндізгі сағат үштер шамасында шығады.

Екі жігіттің көлігінің айнасын қолды еткелі жатқанын көрген спортшы сол жерде ұрыларға қарсы шығып, жарақат алады.

Ал жедел жәрдемді қансырап жатқан 25 жастағы спортшыны көрген жаяу жүргіншілер шақырады.

Үш литр қан жоғалтқан спортшы ауруханаға 2018 жылдың 19 шілдесі күні сағат 15:23 шамасында жеткізілген.

Дәрігерлер Денис Теннің жағдайын ауыр деп бағалап, аман алып қалу үшін барын салған. Алайда мәнерлеп сырғанаушы сол күні кешкі сағат 17:30-да қайтыс болды.

21 шілде күні Қазақстан жұртшылығы Сочи олимпиадасының жүлдегері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм Достық кентінде жерленді.

Алматы полициясы спортшының өліміне күдікті екі азаматты ұстады. Олардың бірі Жамбыл облысының, екіншісі Қызылорда облысының тумасы болып шықты. Ал қылмыс жайлы дер кезінде хабарламағаны үшін үшінші күдікті ретінде Жанар Толыбаева қамауға алынды.

Бірнеше айға созылған сот отырысының нәтижесі 2019 жылдың 17 қаңтарында шықты. Сот шешімі бойынша Нұралы Қиясов пен Арман Құдайберген - 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үшінші күдікті Жанар Толыбаеваның жүктілігі ескеріліп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2019 жылдың ақпан айында Денис Тен жайлы деректі фильм түсірілді.

Ал биылғы жылдың 22 маусымында Денис Теннің құрметіне спортшы қаза тапқан жерге оның ескерткіші орнатылды.

Айта кетейік, Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда дүниеге келген.

Ел есінде мәңгі қалған Денис аз ғана ғұмырында талай шыңды бағындырған.

Ол мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, 2014 жылы өткен Олимпиада ойындарының, 2013 жылы мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Сондай-ақ, ол төрт құрлық арасында өткен 2015 жылғы чемпионаттың жеңімпазы және VII қыстық Азиада ойындарының жеңімпазы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1805941-bgin-denis-tenni-mirden-ozganyna-1-zyl-toldy/

pixel