Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік жалғызбасты әке екі мүгедек баласын өзі бағып отыр (фото)

Опубликовано:

Ақтөбе қаласының 37 жастағы тұрғыны Асылбек Оспанов екі баласын бір өзі бағып-қағуда. Әйелімен ажырасқан ер азаматтың қос ұлы да ауырады деп хабарлайды aqtobegazeti.kz.

Фото: aqtobegazeti.kz
Фото: aqtobegazeti.kz: Facebook

Басылымның жазуынша, ақтөбелік тұрғын осыдан төрт жыл бұрын әйелімен ажырасқан.

Сол уақытта Асылбек кенже ұлын өз қолында қалдырса, үлкенін анасы ерте кеткені белгілі болды.

Ер азамат жақында екінші баласын да заңды түріне қолына алғанын жеткізді.

"Екі баламыздың бірінен кейін бірі мүгедек болып тууы біз үшін үлкен сынақ болды. Қиындықты көтере алмадық, отбасында кикілжің көбейді", — деді ол.

Асылбек осы сынақтан тез есін жиғанын, сол үшін облыс орталығына көшіп келгенін жасырмады.

"Мақсатымыз — облыс орталығындағы мүмкіндікті пайдалану, мұнда білікті дәрігерлер шоғырланған ірі медицина орталықтары бар. Балаларды дәрігерге апарып жүргенде өзіміз секілді тағдырластармен әңгімелесіп, сөйлесіп қаламыз. Содан негізі сал боп туған балаға жүйелі ем жасалса, тұрып-жүріп кететініне сене бастадым.
Мені Ақтөбеге әкелген де сол сенім. Шүкір, қазір сондай жүйелі ем шараларының нәтижесінде кенжетайым еңбектей алатын болды. Массажды да өзім жасаймын. Кәнігі массажшыларға барғанда қарап отырып, үйреніп алғанмын. Үнемі массажға баруға қалта көтермейді ғой. Сондықтан да оны өзім жасаймын" , - деді ақтөбелік тұрғын.

Ол осыған дейін Алға ауданы Тоқмансай ауылында тұрған.

Екі баласының болашағына алаңдайтын қамқор әке жүргізуші куәлігінен басқа арнайы мамандығы да жоқ екенін айтты.

Алайда ол қарап отырмай, ұлының қамы үшін жаттығуға қажет құрылғыны қолдан өзі жасағанын тілге тиек етті.

"Негізі, сал боп туған балалар үшін домалап жата бермей, бір мезгіл бойын тіктеп алғанның пайдасы мол. Ішкі органдарының жұмысы жақсарады.
Баламның омыртқасын тіктеуіне, аяқ-қолының түзелуіне көмектесу үшін арнайы құрылғы — вертикализатор қажет еді. Қымбат тұратын құрылғыны сатып алуға жағдай бар ма? Содан қолдан жасауға кірісіп кеттім. Сол өзім жасап алған вертикализатор жақсы болды. Қазір ұлымның омыртқасы мен аяғы түзеліп келеді" , - деді Асылбек.

Дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайтын азамат негізінен Ресейдің невропатологтарына қаралатындарын айтты.

Енді тамыз айында сол көрші елдің қалаларынан келетін ортопедке екі баласын да көрсетіп алауды жоспарлап отыр.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова 1 шілдедегі есеп бойынша қалада қазіргі уақытта 2040 мүгедек бала тіркеуде тұрғанын тілге тиек етті.

Ол әр балаға ай сайын мемлекеттік бюджеттен мүгедектігіне байланысты 40 мың теңгеге жуық жәрдемақы және мүгедек баланы қарайтын ата-анасына әлеуметтік жәрдем ретінде 40 мың теңгедей төленетінін мәлімдеді.

Одан бөлек, әр балаға мүгедек арбасы, сосын жөргектер, жаялықтар тегін беріліп отыратыны да белгілі болды.

Жалғызбасты әке қазіргі уақытта кенже ұлына және оның күтіміне төленетін 80 мың теңгеге күн көріп отырғанын жасырмады.

Ол еш мойымайтынын, керісінше, балалары үшін мықты болуға талпынатынын айтты.

Ақтөбелік тұрғын қиын сәтте қолдау білдірген жандарға және әкімдіктегілерге алғыс білдіруді де ұмытпады.

Асылбек ұлдарын Израиль, Корея секілді медицинасы дамыған елдерге апарып емдетуді армандайтынын ашып айтты.

Алайда, ол үшін қыруар қаражат керек.

Мүмкіндігі шектеулі екі баласын тастап кетпей, әкелік міндетім деп жауапкершілікпен қарап, соларды қалайда адам қатарына қосам деп шырылдап жүрген азаматқа көмектесем дейтін жанашыр, кең жүректі, мейірімді жандар табылып жатса, Асылбектің "Kaspi банктен" ашқан карта нөмірін ұсына аламыз: 5169 4931 5867 1944.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1808751-aktbelik-zalgyzbasty-ke-eki-mgedek-balasyn-zi-bagyp-otyr-foto/

pixel