Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық теміржолшылар қызметінің қыр-сыры жайлы баяндап берді

Опубликовано:

Олардың әрқайсысы өз өмірін жүрдек пойыз бен ұзын-сонар жолдармен байланыстырады. Сүйікті істерінің арқасында талай белесті бағындырып, біршама тәжірибеге ие болды. Теміржолшылар көлік қызметкерлері күніне орай қызметінің қыр-сыры жайлы KAZ.NUR.KZ редакциясына әңгімелеп берді.

Отандық теміржолшылар қызметінің қыр-сыры жайлы баяндап берді

Бекмұрат Серікбайұлы, колонна басшысы

Ташкентегі теміржолшылар даярлайтын жоғары оқу орнын бітіріп, туған жерге келдім. 1981 жылы Шиелі жол дистанциясында жол шебері болып жұмыс істедім. Дистанцияның күрделі жөндеу шебері, инженер-технолог, өндірістік бөлім басшысы, өндірістік оқыту шебері, ақаутапқыш цех шебері секілді қызмет сатыларынан өтіп, қазіргі таңда Қызылорда жол дистанциясының колонна басшысы лауазымын атқарып келемін.

Әкем Серікбай мен анам Наушагүл теміржолшы болмаса да балалары Шахмұрат, Бекмұрат, Сағира және Ешмұратты темір тәртіппен жұмыс жасайтын салаға баулып өсірді. Жолшы жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып, өзіне тапсырылған нормативтік міндеттерді мінсіз атқаруға тиіс. Бұл – менің ұстанымым.

Теміржол саласы бойынша жылына екі рет өтетін көктемгі-күзгі комиссиялық тексеруде анықталған кемшіліктердің орнын белгіленген уақытта толтыру , нұқсандықты жою жолшының кәсіби жауапкершілігі саналады.

Пойыздардың қауіпсіз қозғалысының сақталуын арттыру үшін қажет етілетін талаптардың бәрін өз деңгейінде орындауға тиіспіз.

Отандық теміржолшылар қызметінің қыр-сыры жайлы баяндап берді

Ғазиз-хан Қасенов, жол шебері

ПЧ-42 – Аягөз жол дистанциясына қарасты 10-шы околодканың жол шеберімін. Жолды қарап шығуда сапалы тексеріс жүргізуді үйретемін. Жас буынға кәсіби тұрғыдан тәлім беру, тәжірибемен бөлісуді ұнатамын. Әкем жол шаруашылығында 44 жыл жұмыс істеген өз ісінің маманы еді. Сол кісінің жанында жүріп, осы саланың қыр-сырын меңгердім. Қазіргі таңда үш ұлымды да жол саласына баулып отырмын.

Адамға кәсіби біліктілік өз мамандығыңды жақсы көрумен және ұзақ жылдар еңбек өтілі нәтижесінде бай тәжірибемен келеді екен. Осыдан 45 жыл бұрын Жарма жол дистанциясына, әкемнің жанына жолшы болып жұмысқа тұрған едім. Өзім көзім көрген, еліктеген, тағылым алған кешегі даңқты жолшылардан үйренгенімді жас буынға үйретуден рахат аламын.

Жасымның ұлғайған шағында Алматыдағы теміржол көлігі техникумын бітіріп, техник-жолшы мамандығын алдым. Жыл сайынғы ұйымдастырылатын біліктілік шыңдау шараларынан, дәрістер мен оқулардан қалған емеспін. Тәжірибе өз алдына, теориялық білім де қажет.

Отандық теміржолшылар қызметінің қыр-сыры жайлы баяндап берді

Мамырбек Ойсылбаев, жолсерік

Жолаушы қызметінде еңбектеніп келе жатқаныма 17 жыл болды. "Жолаушылар тасымалы" АҚ – "Экспресс" филиалында пойыз басшысымын. Бүгінде "Нұр-Сұлтан – Риддер" бағытындағы жолаушы пойызында бір бригаданы басқарудамын.

Алғаш рет 2002 жылы жолсерік болып жұмысқа кірген едім. Павлодардағы оқу орталығында жолсеріктер курсын бітіріп, іріктеуден өттім. Алғашқы бірнеше ай үйрене алмай, станциялардан жолаушыларды оятып түсірудің орнына ұйықтап қалып, ұстаздарымнан ұрыс естіген едім.

Бүгінде сол ағаларыма тек рақмет айтамын. Бірақ өзім де босбелбеу болған емеспін, әскерде екі жыл ауған-тәжік шекарасында "ыстық нүктеде" қызмет атқарғанмын.

Қазақ көлік академиясын бітіріп, жоғары білім аладым. Тәжірибелі пойыз бастықтарынан тәлім-тәрбие жинап, 6 жыл штаб вагонында жолсерік те болдым. Осылайша үздік жолсеріктердің біріне айналадым.

Бірде жол үстінде келе жатып таңертеңгі уақытта вагон астында генератордың кардан білігі шығып кеткенін байқап қалып пойызды шұғыл тоқтаттым. Вагон қараушылар тексере келе шынында да аса қауіпті ақаудың алды алынғанын айтты. Білігі жолшыбай жерге түсіп тірелсе, құрамдағы вагондар тоқтағанша бірінің үстіне бірі шығып үлкен апат орын алатын еді. Сол жылы "Жолаушылар тасымалы" АҚ басшысы Нұрдаулет Қилыбайдың қолынан ҚТЖ президентінің атаулы қолсағатын алғанмын.

Жолсерік – Қазақстан темір жолының бет-бейнесі болу керек. Бірақ, өкінішке орай, "бес саусақ бірдей емес" екен, таяуда болған екі жолсеріктің жасағаны бетімізді күйдіріп жер қылды емес пе... Солар үшін жолаушы халықтан кешірім сұрағым келеді.

NUR.KZ теміржолшылар күніне орай арнайы жоба бастады. Осы кәсіптің ең жарқын өкілдері және  олардың өзінің мамандығына деген ыстық сезімі туралы осы жерде оқыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1808901-otandyk-temirzolsylar-kyzmetini-kyr-syry-zajly-baandap-berdi/

pixel