Сырға салу рәсімін киіз үйде өткізген тараздық тілші ару көпті тәнті етті (фото)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында дүниеге келген жас журналист Маржан Тілеубекова жақында құтты ұясынан ұшып, келіндік өмірге аяқ басты. Ата-анасы Маржанды қазақы салт-дәстүрге сай ұзатып, ағайын-туыстың басын қосып, той жасаған. Бұл тойдың басты ерекшелігі – қазақша ғұрыптың сақталуында. KAZ.NUR.KZ сайтына сұхбат берген Маржан мұндай тойды бала күнінен бері армандағанын айтады.

Маржанға сырға салу рәсімі өзінің туған үйінде өткен. Ата-анасы Маржанның қалауы бойынша есік алдына киіз үй тігіп, құдалар болашақ келіндеріне қазақ дәстүріне сай сырға салды.

«Сырға салу рәсімі киіз үйде өтті. Менің тілегім бойынша есік алдында ақшаңқан үй тігілді. Бұл ойымды анам, жеңгелерім мен әжем түгел қостады.
Ал өзім қазақылықтың исі шығып тұрғанын қаладым. Рәсімге арнайы көйлек тіктіріп, қазақтың ұлттық бұйымдарын тақтым. Көйлекті өзімнің анам тігіп берді.
Киіз үйдің ішін құрақ көрпе жинап, сандық әкеліп, байырғы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көз алдыма әкелгендей болдым.
Мұндағы менің мақсатым біреу – ұлтымыздың дәстүрлерін насихаттауға үлес қосу. Қуанышқа қарай, соңғы кезде елімізде хан қызындай ұзатылып, ұлттық құндылықтарымызды сақтайтын арулар көбейіп келеді.
Мен де сол үрдістен жаңылмай, жалғастырғым келді», - дейді Маржан.

Сондай-ақ, Маржан көптен бері ұмытылып кеткен «шарғы салу» рәсімін қайта жаңғыртып, той қоржындарын өз қолымен тігіп шыққан.
«Анам тігінші болған соң, көп нәрсені көңіліме түйіп өстім. Ине мен жіп маған да жат емес. Ұзату алдында «шарғы салу» дәстүрінің бар екенін естіп, ғаламтордан оқи бастадым.
Шарғы салу – ұзатылып бара жатқан қыздың сіңлісіне «ендігі кезек сенікі, сен де аяулы жар атан» деген тілекпен ұсынатын орамалы.

Орамалды бүгінде үкімен алмастырып жүр. Мен де сіңлілерім мен құрбыларыма арнап үкі сатып алып, той қоржындарын қазақы ою-өрнекпен сәндедім.
Жалпы, ұзатылатын күнім нақтыланғаннан бастап ұзату тойды қалай өткізу керектігін зерттей бастадым.
Қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап ұзатылсам деген бала күнгі арманымды орындадым десем, артық емес», - дейді ол.

Бүгінде Маржан Тілеубекова республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілшілік қызметте. Ол барша бойжеткендерді еліміздің салт-дәстүрлерін сақтап, қазақылықтан айнымауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809418-syrga-salu-rsimin-kiiz-jde-tkizgen-tarazdyk-tilsi-aru-kpsilikti-tnti-etti-foto/